18.05.2021
  183


Автор: Кәмел Жүністегі

Сәкеннің ақбозы



Түрменің онсызда тар терезесінің сыртынан аузын аспанға қаратып қалпақ кигізген. Бергі жағы жіліктей сым темірмен торланған терезеден түсетін жарық та шамалы. Терезенің аспанға қараған қалпағының үстінен көгілдір көктің бір тұсы ғана көрінеді. Кей-кейде сол алақандай тесіктен мамырлап жылжыған бұлттардың шеті көзге түскенде Сәкеннің жан- дүниесі алай-түлей боп, қазақтың мәңгі үзілмеген көші, ескен самал, бұлдырап бара жатқан киіктер, иен далада сансыз су- рет салған сағым көз алдына елестейді.



  • Қайран ел! – Сәкен күрсінді. Сол жақ қабағының үстіндегі шодырайған ісікті жай алақанымен сипады.Әлгі бір жылан көз орыс пистолеттің дүмімен ұрған. Сірә, маң-дай сүйегі де жарыла сынған тәрізді, бітеу жара бітпей қойды. Қайдан бітсін, тергеуге салған сайын байлаулы адамды соққыға жығып жатса.

  • Қайран дала! – Жыртиған терезеге ұзағырақ үңілді. Сұлу әсем, сан сырлы өмір көші жартыкеш терезеден көрін- ген көгілдір көктің алақандай тұсына сыйғандай, жарымжан көңіліне, жаралы тәніне дем бергендей кеңірек дем алды.


Ай, – ей, сүмбіл шаш. Тәтті сөзің,


Қара көзің...


Сәкеннің құлағына сұлу ән жетті. Түрмеде анда-санда осы әнді жаны тебірене біреу шырқайды. Кейде ән жеріне жете шырқалып барып тоқтаса, кейде әннің аяғы тарсыл-күрсілге айналып, біреудің шыңғырған дауысына ұласып барып бітеді. Әсіресе кезекшілікке мұрты аузына түскен орыстың тобы кел- генде әнші жігіт өлердей таяқ жеп тынатынын Сәкен әбден түсінген. Әнші кім екен? Тілеулесінің бірі ме? Өстіп ән шырқап Сәкеннің қиналған жанын жадыратып, елінің өзіне тілеулес екенін білдіргісі келген, сол үшін басын қатерге тіккен азамат кім екен.


 


Ай, ей...


 


Қайран Гүлбәһрәм, қайдасын? Өзінен қалар соңғы тұяқты, кішкентайын жетелеп не күн көріп жүрсің. Елің енді саған пана болар ма. Естісі мен естиярын түрмеге қамап, көзін жойып, «сенен ақылды жоқ» деп наданға ауылды билетіп, тайпа жұрттың үстіне ең шала естісін, сорақысын мінгізіп қойған соң елден де қасиет кетті ғой. «Тап күресі» деді-ау. Жоқ, олай емес екен, қазақты құрту үшін естісіне есалаңын айдап салған кешегі орыс империясының тізгінін қолына алғандардың сұрқия саясаты екен ғой. Әттең! Әттең! Кештеу түсініп қалды.


Бүгін нәр татқан жоқ. Күнде мылтығын көлденең асынған күзетші қазақтың бір шалын айдап әкеліп, есікті шала ашып, борсыған капуста мен бір тілім нан, жылымыш шәй әкелетін. Бет-аузын әжім торлаған шал Сәкенге ұзақ үңілетін, тілеулесіңмін дегендей күлімсірейтін. Бүгін де сол уақытында есік ашылды. Ас тасыған шалдың сыртында күндегідей жалғыз орыс емес, мылтығын кезеген екеу тұр. Капуста көже де жоқ, бір тілім нан. Шәйдің орынын бір стақан су басыпты. Ақсақалдың жүзін өрмекшінің торындай әжім басып қалыпты. Ақсақал Сәкенге жүзін тіктей алмады. Ұсынған нанның үстіне жалғыз тамашы жасы тамды. Сәкен нанның шетін ғана үзіп ауызына салып, босаған стақанды кері қайтарды. Шалдың иығы селк-селк етіп жылап бара жатқанын көзі көрді. Бейшараның қоштасқаны да, түсін-бейтін не қалды.


Өмірдің өте шыққаны да. – Қысқа ғұмырдың өте шық- қанына не өкініш? Өкініш жауымен арпалысып жүріп, жастығын ала құлап, ең болмаса халқының бір дұшпанын кемітіп барып, өтпегені де. Әттең, дүние-ай, қолына қылыш ұстап, айқасып өткен батырда не арман бар.


 


Ақбоз ат менің тұлпарым, Шалқыған көңіл....


 


Ән шырқау биікке шығып бара жатыр. Түрме үнсіз. Түрмеші мен түрмедегілер түгілі түрменің қабырғасы та-мылжыған әнді тебіреніп те, күрсініп те тыңдай қалған сияқты. Тас еденді тырс-тырс басып бара жатқан тарақан тылсым тыныштықтан


 


үрейі ұшқандай тұра қалып, мұртын қайшылап, барар жолын таппағандай теңселді.


Сәкен қабырғаға шынжырлап тастаған үш аяқ ақсақ темір кереуеттің үстіне отыра кетті. Тас еден, жалаңаш темір төсек талай айдан бергі мекен-жайы. Есін білмей тас еденде сан рет сұлап жатты. Мына темір төсекке күндіз жатуға рұқсат жоқ. Бүгін бәрі басқаша. Қисайып жатып көріп еді, көздіктен сығалаған күзетші күндегідей шабаланбай үнсіз өте шықты.


Астымда ақбоз атым сылаң қағып, – Жалтақтап...


Жалтақтап... Ескен желдей еркін өмір сүрген елім-ай, бірі көсем, бірі сері азаматтарыңнан айырылып, сен жалтақтап қалдың-ау. Шығынға шығаратын қойдай айдап келіп, тар қапасқа бәріңді қамағандай етті. Отыз екінің апатынан қадау- қадау аман қалып едің, ендігі күнің не болар. Анау анасын та- нымайтын, атасының абыройын төккен әң-гүдік белсінділер дұшпанның қолшоқпары. Ел үшін олар бас ауыртып жатпай- ды.


Әннің енді бір қайырмасынан Сәкеннің ойына Ақ-бозы оралды. Иә, еркелеп басатын аяғын. Сол Ақбозбен Айырта- уды көктей өтіп, Шалтасқа келген. Тәтті күндер еді. Жұпар исі аңқыған Шалтас қандай көркем жер. Ел аузынан суы құрып айтатын Бәһәр сұлуды бір көрсем деп армандап кел- ген. Өнерлінің табары өнер иесінің ауылы. Бұл елге аты белгілі Сәрінжіп ақынның үйіне түскен. Жастық дәуреннің сан қызықты шағын басынан өткізген Сәрінжіп ақын құшақ жая қарсы алған. Бұл маң өнер қонған аймақ екен. Кешегі Қыздарбек күйшінің маңында болғандар, тізесін басқандар шетінемеген шақ. Соның бірі Хасеннің Әбікені ақын келді дегенді естіп жетті де, Сәкеннің маңынан ұзамады. Ақыры екеуі төс қағысқан дос болды. Ақбоз атты сан еркелете ба- стырып, түнгі алтыбақандарға қатысты. Сол жылы еді-ау, осы


«Тау ішінде» әнінің тууы. Сол ән еді ғой Бәһәр мен екеуінің жүздесуіне себеп болған. Бәһәр айттырылып қойған екен, барар жері де қазақтың құт қонған елі. Мал кімге бітпейді, бірақ Адамбай – Тұрсын жоқты паналата білген, жетімнің ба- сына үй тігіп, айттырып қыз әперген елдің қамқорсышы екенін Сәкен бұрыннан естіген. Бәһәрдың ар-ұятына қол сұқпады.


 


Жүздесіп, осындай жанды көргеніне риза боп аттанған.


Иә, көп ұзамады, біраз жылдан соң бас сауғалап Әбікен елден қашып келді. Отыз бірдің жазында қанды қырғын басталған. Әбікеннің ауылының тұсында өкіметке қарсы деген сылтаумен жиырма жеті адам атылған. Ішінде бір кемпір, бір жас келіншек, кетті оққа ұшып. Өлмелі кемпір елдегі белсенді, Мәскеудегі билікке не қастандық жасай қойды десейші. Ең сұмдығы Сақай атты сол келіншектің бір жасар баласын оққа байлаған мына сұм заманға не лағынет айтарсың. Кешегі елді күймен тербеткен Қыздарбектің шәкірттері Сембек, Әбди, Кәрібек, Ақмолдалар кісі қолынан қазаға ұшырады. Елден қашқан Әбікен ғана тірі. Күйшінің кінә-айыбы шертпе күйімен елдің жан жарасын сылап, күйікті көңілін тербегені бопты. Шертпе күй сиқырлы сазға, өткінші өмірдің мұңына толы, бұл жасампаз жаңа өмірге, табиғатты бағындырып жатқан ұранға сай емес, ендеше оны да, дәріптеушісін де біржола құрту ке- рек дескен сияқты берісі Алматыдағы Құжақты құптағандар, әрісі Мәскеудегі мықтылар. Әбікен Сәкенді паналап, талай уақыт жасырынып жатты. Сәл кейіндеу Әбікенді Сәкен өз өнерінің ыңғайына қарай жұмысқа орналастырған.


Қасіретке толы мынау өмір-ай. Қазағы үшін қайғыға батқан Мағжан қуғын-сүргіннен айдаудан шалдығып жеткен- де қарсы алғанда да, үйіне паналатқан да өзі еді, енді міне,


«халық жауы алаш ордашылармен ымырасың» деген бір ста- тья қосылып, «пікірлестеріңді тап» деген айуандық азапқа түсті. Қайран Мағжан:


 


Күн батысты қара түнек қаптаған, Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған, –


 


деп осы сұрақия уақыттың боларын күні бұрын бейнелеп еді- ау. «Түнеріп жүр түннен туған перілер» дегені ертеңі түгілі бүгінгісін ойлауға шамасы келмейтін ел ішіндегі белсенділер.


«Тәңірісін табанына таптаған» деді-ау Мағжан. Иә, олар үшін қасиетті ештеңе жоқ, Құран да, ата-бабаның салт-дәстүрі де, ақ жаулықты әже де, ел сөзіне ұйыған ата да, шошқа бас етіктің табанында жататын бірдеме.


 


Сәкеннің ойын әнге еліткен түрменің тынышын бұзған мылтық дауысы бөлді. Гүрс-гүрс, қайта-қайта атылған жағымсыз дауыстан түрменің талай қиянатты көрген қа- бырғасы да шошына үріккендей, әлдене құлап түсті. Күнде осы. Сатырлаған мылтық үні түрмеде отырған талай жанға өмірдегі уақытының біту шамасы таянғанын айғақтап, есіне салғандай. Ажал енді кімді қапты екен? Әнші жігіттің дауы- сы шықпай қалып еді, япыр-ай, демі сарқылған сол болмаса. Түрме іші тағы сілтідей тынды. Әркім демін ішінен зорға алғандай. Тас     қабырғалар да мелшиген. Осы                          үнсіздікті ауыр етікті күрс-күрс басып, шынжыр сүйреткен түрмешінің салдыр-күлдірі ғана бұзды. Бұл да қанды шынжыр болды ғой. Атылуға көнбей арпалысқан біреуді шынжырлап байлап, аузын тығындап апарып мына жендет өші бардай аяусыз атқылаған да. Тас еденге соғылып сүйретілген шынжырдың салдыры да біртіндеп ұзай берді. Түрме өмірі осы, ғұмырдың өлшемі коридордың ұзындығымен ғана өлшенеді. Біреуге тіпті қысқа, жаны қиналып тезірек өлсем екен дегенге тіпті


ұзын.


Жау атанып, түрменің ақсақ аяқ темір төсегіне құлауы қазақтың ақиық азаматтарын көңілінің шет көрмеуі. Иә, Ах- мет Байтұрсынұлы ұлт көсемі. Сол кісінің үні бар қазақ-пен бірге Сәкенді де оятқан. Бертінде арада пікірталас та бо- лып жатты. Бірақ, көздеген мақсаттары бір еді, қазақ бай тұрмысты, іргесі берік ел болсын дегендік қана. Өмір жүйрік тұлпар, тұлпарды түзу жүргізу үшін иесі қос тізгінге ие, әйтпесе ол үркіп ие бермей жарға соғады. Әлихан мен Ах- мет сол тізгіннің бір жағы болса, Сәкендер екіншісі ғана емес пе еді. Мәскеудегі үкімет Алаш Орданы жапқан шақта Алаш азаматтарының енді биліктің партиясына өтіп, қызмет жасай бастауын Сәкен іштей құптаған, қазақтың тізгіні біржақты болмағанына көңілі толған.


Атасы басқа, өзі жауға сену бекершілік екен. Төңкерістен кейін есін жиған жау баяғы пиғылына көшіп, алып ұрды. Әуелі «Қазақ, оян » деп жар салған Алаштың азаматтарын тіміскілеп жүріп тауып, шетінен оққа байлады. Ендігі кезек, міне, өздеріне де келді. Түрмедегі алғашқы сұрақ-жауап


 


кезінде-ақ тергеушімен арасы келіспеді. Келесі тергеуде жылмиған сары орыс әкіреңдеп жөнелген.



  • Жаусың! Мойында!

  • Олай деуге хақың жоқ. Мен осы дәуірді құрысуға ат салысқан азаматпын.

  • Сендейдің талайын көргенбіз, – деп шіренді тергеуші.– Жаулардың сілімтік қалдығысыңдар, сендер. Түрмеде сен- дейлер басқаша сайрайды.

  • Мен Колчактың азап вагонында да болғанмын. Енді та- нып тұрмын, сенсің жау.

  • Ә, Колчакпен сыбайлас екенсің ғой. – Тергеуші ала- қанын соғып, қиқылдай күлген. – Енді осыны айт, мойында жаулығыңды. Сен итше ұлып, аяғыма оратылатын боласың, әлі.


Тергеуші ысқырынып, көк көзі шатынап, атылатын жы- ландай жиырылып, орыстың өзі білетін боқтығын боратқан. Сәкеннің қаны басына шапты. Шыр етіп дүниеге келгеннен бері тәніне қамшы тигізіп, арына бататын сөз естіген емес. Астындағы орындықты жұлып алып, тергеушіні көстите ұрған. Ойбайлаған жан дауысы шықты. Орындықтың бір сирағын жұлып алып, үстелдің астына кіріп бара жатқан орысты теңкиген көтінен құлаштай соқты. Сонша болмады, салдыр-гүлдір кіріп келген төртеу мылтықтың дүмімен басқа ұрып құлатқанын ғана біледі. Түрменің тас еденіне сүйретіп әкеп тастапты. Үсті-басы қан. Мұнда неше күн жатқанын да білмейді. Әйтеуір есік ашылып, түрменің шикі нанын таситын шал бетіне үңіліп, аузына су тамызды.



  • Мыналар өлтіріп тынады ғой, – деп күбірлегенін ғана білді.

  • А? А?

  • Ой-бүй, тас еденнің ызғары өтіп кетіпті ғой, – дей жүріп шал төсеніші жоқ темір кереуеттің үстіне сүйрегендей бо- лып, зорға көтеріп салған.


Қазақтың басына арылмас зобалаңның тууын Сәкен билікке Құжақтың келуінен-ақ түсінді. Құжақ   ұлтының үміті болар деген азаматтарды қуғынға салып, «Сейфуллин- шілдер» дегенді шығарып, ұлт мүддесін көздейтіндерге қарсы саяси науқанды бастап жіберген. Малымен ғана күн


 


көріп отырған қазақтың тігерге тұяғын қалдырмай сыпырып алатыны енді айқын. Сәкеннің жаны күйзелді. Не болады ел? Ел басына апаттың төніп келе жатқаны анық. Қазақтың кешегі тұтастығы да бүлінген, тап күресі дегенді шығарып, зымиян саясатпен жұрттың миын ашытып, шетінен алакөз етіп, түтіні түзу ауылды жауластырып жатыр. Ауыл-ауылда иісі мұрнына бармаса да, тілі орамға келмесе де «Кәмінізм» деп шулаған белсенді. Кешегі ұры-қары да күні туып, атқа мінер боп шапқылаған. Қиюы кеткен осы тұста айтқаныңды тыңдар да, түсінер де жоқ.


Сөз ұғар азамат іздеді. Жаңаарқа өңіріндегі кешегі үзеңгілес бірен-саран жолдастарына малдың енді өздерін шаян боп шағатынын, төнер апатты ұғындырған.Сонан


соң Бесата еліне ат басын бұрды. Бұл елде тап күресі де- ген мына дүрмекке ілесе қоймаған кім бар деп жүйрік көңіл шарқ ұрды. Ойына Қарқаралыдағы ақтар салған қырғыннан аман қалған Ахмет Әбдірайымұлы орала берді. Ел үшін ба- сын бәйгіге тіге білетін азамат екеніне көзі жеткен. Ту, со- нау он алтыншы жылы патша қазақтан солдат алғанда» орысшадан хабары жоқ, әскери істі білмейтін қазақ баласы қорлық пен зорлыққа ұшырамасын» деп солардың соңынан іздеп Гомелге барған осы Ахмет еді. Алаш партиясының осы өңірдегі белсенді мүшесі де болған осы азамат. Саяси көзқарастарында өзгешелік болғанымен, түп мақсаты бір болған соң шырай беріп жүретін еді. Құжақтың соңына салып қойған салпаңқұлақтары барын да ескерген. Сәкен:



  • Иә, жол болсын, ол жақта не бар еді? – дегендерге

  • Жігітшілікпен, – деген күліп. Сол елдегі аты шыққан бір сұлуды көру мақсат екенін де тілге тиек етіп, сөзден адастырған.


Сұрай келе Ахметтің елде мұғалімдік жасап жүргенін де естіді. Ендігі сылтауы мектеп жұмысының қалай жүріп жатқанына көңіл бөлу. Шағын ауылдың шетіндегі мектеп деп аталатын аласа тамның алдында отырған адам көп жүргіншінің біреуі санады ма, жүрелеген қалпын бұзбай, ба- сын бұрып та қарамай, жас шыбықтың қабығын сыпырған бетінде отыра берді. Сәкен білетін Ахмет ештеңені қалт


 


жібермес елгезектеу еді, мынау кім? Осы мектепте мұғалімдік етеді деп еді ғой Ахметті. Сәкен аттан түсіп бері беттеген де ғана әлгі кісі сәл мойнын бұрды да, жедел орнынан тұрып, аңырап:



  • Сәкен, – деді.

  • Иә, менмін. Амансың ба?

  • Кеп қалады деп кім ойлапты.

  • Мектеп жұмысын көре кетейін, қолдан келгенше... Ар жағын созбай Сәкен ішке кіруді ыммен нұсқады да, ілесе келгендерге, – Сендер мектеп жұмысын біле қоймассыңдар, онан да аттарды суарып, шалдырып алғандарың жөн,– деді сәл қатқыл үнмен.

  • Иә, жол болсын, – деген Ахмет Сәкеннің бұл жүрісіне


таңданғанын жасыра алмай.



  • Қалай десе болады? – Сәкен сәл бөгелді де, – Ел іші қалай? Өзіңнің болашақ туралы не пікірің бар? – деп сұрады.

  • Елді өзің көріп келесің ғой. Әйда, атқамінгендер көп- ақ. Ту талақай. Менің пікірім болшевик жолды ұсынғандарға жаға қойса, – деп Ахмет түйреңкіреп өтті.

  • Ахмет, сен өкпені қой. Сенің де , менің де мақсатым қазақтың қара баласын іргелі ел ету ғой.

  • Оның рас қой, бірақ сенің ана Көлешәкенді маңайлаған жолдастарың елді қырып барады ғой.

  • Иә, – Сәкен Ахметтің Голощекинді өзінше мысқылдап атағанына мырс етті. – Мәселе сонда. Қазақтың түзу көшін түзу жолмен біртіндеп социализмге бұру керек еді. Бұлардың жолы қатерлі болып барады.

  • Апат десейші, – деп Ахмет қолын сілтеп теріс қарады.

  • Солай десе де болады. Бірақ елдің аманшылығын тілейік.

  • Құр тілектен не пайда? Бізді Алаш азаматын, ит қосып қуғандар үкімет басында отыр. Белсенді атаулы елді бізге ай- дап салып, «жау» дегеннен бір танбайды. Малды сыпырып аладыны естіп отырмыз. Егін салып көрмеген, тіпті салайын десе де не қолында соқасы, не тұқымы жоқ қазақ енді қайтіп күн көреді. Осыны ойлап, ішім удай ашиды.


–   Біз де осыны ойлап отырмыз.



  • Бізің кім? – деп қалды Ахмет.


 


–   Мына мен дейінші, –


деп Сәкен әлденені бүгіп қалды.



  • Солай ма? Сонда не ойың бар, айта бер. Ел үшін ба- сымызды баяғыда бәйгеге тіккенбіз. Қай іске де дайынмын.

  • Енді мыңғыртып мал ұстау қазақтың басына үйірілген пәле.

  • Иә, – Ахмет төмен қарады. – Сендердің де айтып жүр- гендерің де шындық бар. Елдегі байдың бәрі бірдей емес еді. Олардың ішінен орыстың жолына түсіп, патшаға арқа сүйеп, қазақты орыстың крепостнойы тәрізді құл еткісі келгендері де шықты ғой кейінде. Солар ғой тап күресінен елес беріп қалған. Қалған байларда жазық жоқ, олар елдің ұйтқысы, ырысы. Енді міне тек бай емес, бар қазаққа зобалаң келді.

  • Дұрыс айтасың, – деді Сәкен күрсініп. – Зобалаң соңы елге аштық қырғынына ұласа ма дегеннен шошынып отыр- мыз.

  • Енді не істедік?

  • Елге, тым ашық кетпей, жасырын түрде, келе жатқан қатерді түсіндіру керек. Байлар малын азайтсын, ағайынға бөліп берсін. Тез арада жаппай егіншілікке ауыспаса халық қырғынға ұшырайды. Жер емсін. Енді малсыз қалған қазақ жер еміп қана тірі қала алады. Осыны жеткізіңдер халыққа деп келіп отырмын саған. Әлі де ел арасында тілеулес азаматтарың бар. Соларға айт осыны.


Сәкен осы жолы ата мекені Қарашіліктегі ауылын Иманаққа көшіріп, дихандыққа бетін бұрғызған. Көп ұзамай Ахмет мұғалімнің де ұсталып кеткенін естіді. Қылышын сүйреткен ГПУ аман қойсын ба, елге естиярлық жасаған талайдың тағдыры түрмеде шешілді.


Сәкен қалпақ киген тор терезенің жоғарғы тұсынан көрінген алақандай аспанға тамсана қарады. Ақша бұлттың шеті көрінді де, мамырлап жүзіп өте шықты. Қайран ұлы дала. Самалына тербетіліп Сұңқартастың басында отырған күндер қайда. Желпіген аттың жалына бетіңді төсеп, ша-рықтап кет- кен лашын құстың соңынан көсілте шапқан мұңсыз-қамсыз қазақтың дәуренді шағы қайда. Тор терезеден көрінген алақандай аспан сені де енді көп көре алмас.


Ай, ей... , – әншінің тебіренген дауысы естілді.


... Ән салдым есіп майда жаяулатып,


 


Ырғалтып...


Ырғалған қазақтың көші Сәкеннің көз алдына келе берді. Іле Ақбайдың Жақыбы есіне түсті. Ол да қазақты аман-сақтап қаламын деп жанталасып баққан. Қазақтың малын тартып алу, қазақты халық ретінде жоюдың амалы екенін елден бұрын айтып, жар салған осы Жақаң. Әттең қолда дәрмен жоқ.



  • Көтеріліс жасайық, – дегендерге:

  • Жоқ, ол жағдайдан шығатын жол емес. Халық қару- сыз. Ал, мыналар ешкімді аямайды, тегіс қырып салады. Оларға қазақ керек емес, қазақтың даласы мен байлығы ғана қажет, – деп тоқтау айтқан да осы Жақып.

  • Енді не шара?

  • Уақытша Қытайға мал-жанымызбен ауа көшу керек. Орыстың бұл науқаны үш-төрт жылда тоқтайды. Сонда ғана халық аштық қырғыннан аман қалып, елге қайта оралады.

  • Оған ел көне ме? Ата мекеніміз деп, қимай қалады ғой, тағы.

  • Түсіндіру керек. Малын сыпырып алған соң сол ата- мекенінде сүйегі де көмусіз қалады, – деген де Жақаң.


Ақбайдың Жақыбы апаттың алдын алу үшін Шу бойында, Тройцкіде жиырма тоғызыншы, отызыншы жыл-дары елге сөзі өтетін азаматтарды жинап, қайта-қайта мәжіліс өткізді. ГПУ-де қарап қалмаған, Жақыптың айтқаны дұрыс емес, онысы біздің кемелді саясатқа жапқан жала, қазақтың малын жаппай алмаймыз деп белсенділер арқылы кері үгіт жүргізді. Халық әрі-сәрі, дал күйде. Көбі қызыл үкіметтің айтқанына сенген. Түріле көшкендер бірен-са-ран ғана ауылдар. Тройцкідегі Жақаң ұйымдастырған сол мәжілістерге Сәкеннің әкесі Сейфолла да әлденеше рет қатысқан. Сатқындар та- былды. Сатқын тағы да қазақтың өзі. ГПУ-ге итаршы болған сол салпаңқұлақтар сол жиынға қатысқандарды тізіп беріп, кімнің не айтқанын да жеткізген екен. Сәкеннің әкесінің сол жиында болып, пікір айтуы, енді Сәкеннің алдын тосқан халық жауының ісі боп алдынан шықты.



  • Иә, осыны ұйымдастырған сенсің, – деп запыранын


 


төккен тергеуші сол бір алғашқы жауаптан кейін үнемі қолын байлап әкелетін Сәкенге зіркілдеп.


Иә, күнінің санаулы екенін біледі. Мына, тас қабырғаны селкілдетіп күнде атылып жатқан мылтықтың ащы гүрсілі талайдың өмірін қиып жатыр. Сан боздақ ақырғы сәтінде туған елінің мөлдір аспанын да соңғы рет көре алмай, мерт болуда. Бірақ «елім» деген жүректің үні сөнбес, ол ұрпаққа бәрібір жетер. Тек қазағымның оты сөніп, үміті үзілмесе екен. Зұлымдық мәңгілік орнамас, бір Алла бәрін де түзер. Елден иман кетпесе, береке де, бірлік те оралып, бұлар күткен үміт қайта жалғанар.


Түрмедегілерге түскі жүрек жалғар ас-су әкелетін шақ еді,


сықырлап есік ашылды да, көзі жылаудан ісіп кеткен шал имене ішке кірді. Қолындағысы бір тілім нан емес, қатталып бүктелген ақ киім.



  • Сәкен, мынаны киші, таза, өзімнің көйлегім. Алшы, ба- уырым.


Бейшара ақсақалдың алдында қалшиып тұра қалған Сәкен бәрін түсінді. Қолынан келген жақсылығы осы бол- ғаны да. Иә, мұсылман баласы мәңгі сапарына аққа оранып жөнелтіледі. Сөйткені жөн де. Үстіндегі бой-бойы шыққан көйлегін тез шешіп ақсақалға ұсынды да, тазасын киді. Еден- ге тырс-тырс тамған жасына булыққан ақсақалдың:



  • Қош! – деуге зорға шамасы келді.


Көп күттірмеді. Салдыр-гүлдір есік ашылған. Жарты қадам бері аттаған төртеудің де жүздері сұп-сұр, мылтық-тары Сәкенге кезеулі.



  • Жүр!


Әлде не гүрс-гүрс етті. Әлем төңкеріліп, шыр айналып бара жатты.


Ай, ей...


Ақ ... боз... ат...






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу