Өлеңдер ✍️

  17.05.2021
  201


Автор: Роза Сейілхан

ӨКІНІШ

Ертіс,
Сен қалай ағасың
Түнеріп,
Қап-қара мұң көрдім
Көзіңнен.
Жағаңа қайтеді
Қойса егер гүл егіп,
Мұң емес,
Гүл егіп төзімнен.
Көз жасым ағады
Шүпілдей төменге,
Паромнан құлағым келеді
Түсінші.
Ол нені ойлады,
Үлгіріп өлерде,
Шағала,
Арманды өзіңмен ұшыршы.
Кінәлай көрмеші,
Өтінем, жазғырма.
Ініге мәңгілік «қош» дегем
Тым ауыр.
Жүрегім шымырлап тағы бір саздың да,
«Арқалап кеткен жоқ» дедің ғой,
Күнәні ұл.
Сыбырлай айтқансың
Оны сен тым әлсіз,
Ол мені жұбатты
Неліктен, дем беріп.
Күлкіні жек көрдім
Өлердей,
Шын арсыз,
Қара Ертіс,
Тынымсыз ағады тербеліп.
Жынданып кетермін
Жыласам, қайғырып,
Ұзақтау болған жоқ
Бұрындар бұлай түн.
Қапыда қалғанда
Бір ұлдан айырылып,
Сен болдың
Ей, Ертіс,
Хәлімді сұрайтын.
Шағалаң сияқты
Шарқ ұрған жем іздеп,
Біткенше жүрерміз
Күніміз сенделіп.
Әттең-ай, кеш қалдық
Келгенмен сені іздеп,
Деді жұрт:
«Жігітті сендерсіз жерледік»,
Толқындар қабады
Жағаны тістелей тебініп,
Өкініш дегеннің
Сол сәтте ұғасың азабын.
Жалғанға жалынғың келеді,
Вулкан боп жарылғың келеді
Егіліп,
Содан соң жүресің
Амал жоқ,
Өлшеніп берілген
Өмірге жегіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу