Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  206


Автор: Бақыт Беделханұлы

Досым бар ма, бiлмеймiн, жауым бар ма?

Досым бар ма, бiлмеймiн, жауым бар ма?
Тамырымнан бүгiлем дауылдарда.
Бауырымды жегiзiп “ит пен құсқа”,
Ақыл айтсам, сосын кеп, бауырларға.

Қырам дей ме, бiреулер жоям дей ме?
Киiп алып үстiнен Ноян-жейде.
…өз үйiмдi таба алмай жүрсем-дағы
Адасқанға жөн сiлтеп қоям кейде.

…Ұмытпайтын нәрсенi ұмыт қылам,
Қалыңдайды содан соң күдiк-тұман.
Күдiк-тұман iшiнде келе жатып,
Бiрдеңенi бiлгiшсiп былықтырам.

“Өмiр деген өксiк қой!…” деймiн кейде,
“Өксiп жүрiп өстiк қой!…” деймiн кейде.
Сорға мiнем, солқылдап жолда жүрем
Соған менiң көңiлiм меймiлдей ме?..

Ай мен күннiң бәрiбiр шуағын құй,
Жетiм бұзау секiлдi мына бiр күй:
Жан өрбiткен жарымды сағынсам да
Үйден гөрi түздi аңсап тұрам ылғи.

Басым таз боп қалардай бақтан кiлең,
Азаппенен қарсы алам ақ таңды мен.
Көңiлiмнiң қайғысын өзiм iшiп,
Қуанышын бiреуге сақтап жүрем.

…Бiлiп тұрып iстеймiн барлығын да,
Мiнезiм бе,
Бiлмеймiн,
Тағдырым ба?
Әкел, досым, тартайық “ащы балдан”
Қосып iшкен тәттi ғой зарды мұңға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу