Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  235


Автор: Бақыт Беделханұлы

Ана

«Ана, сен.., жыламағын…»
Бесігімде-ақ шырқадың жұмақ-əнін.
Сол əн мəңгі кеудемде ұялайды
Көкірегімнен шыққанша бұла жаным.

Бұла жаным бұлқынған бесігінде-ақ,
Бесігінде бұлқынса, несі жұмбақ?
Мынау аңғал дүниенің мен сол кезде-ақ,
Алғанмын ақылы мен есін ұрлап.

Жұмақ-əнің айтылса, ана, сенің,
Тау тербеліп, тарқатқан дала шерін.
Сол əніңе айналып кетсін деуші ем,
Қаптатса да қайғы, мұң қара селін.

Бұл күнде əн естісем мейірімсіз,
Ессіз ғана жымиям, кейіп үнсіз.
Айналам тарылғандай тарығамын,
Ана, сенің аспандай пейіліңсіз.

Аспан маған қарайтын мейірлене,
Жер де жөргек болатын, бейілдене.
Аспан мен жер арасы алай-дүлей
Аласапыран боп кетті кейін неге?

Шандырланған шарбы-бұлт торлап алып,
Бақ екен — деп, басымды сорға малып,
Етегіңде, жүргендей жетегіңде
Кей кездері құлаймын орға барып.

Түсінбедім, ол жағын ұға алмадым.
Адаммын ғой, адаспас тұманда кім?
…Қара дауыл тұрса да қайта жанар
Жалпылдап барып сенің шырағданың.

Шуақ берер, қайда екен баяғы əнің?
Сол еді – менің жұмақ-саябағым.
Кей кезде шаршап кетем.., аңсап кетем
Əлдилеп əлдекімнің аялауын.

…Бір барғанда қолыңа таяқ апсың,
Таяғыңды баладай аялапсың.
Өзек талып, өзгені өбектеумен
Өзіңді өзің анашым, аямапсың.

Ана, сен.., жабықпағын..!
Атады алда талай жарық таңың.
Алғысыңа сыйдырып «адам бол!» деп
Бар еді ғой қасиет дарытқаның.

«Балуан жеңгей» атанып қайныларға,
Қанжығаңда болмады қайбір олжа?!
Қартайсаң да қайырылмай қайрат қылғын,
Қажымағын, уайым мен қайғыдан да.

Біз барда туыңды ешкім жыға алмайды,
Көлкілдеген сейілер тұман-қайғы.
Əлі талай көзіңнен мұнар көшіп,
Əлі талай көңіліңнен күн аунайды.

Шетке кетіп қалғанмен шекер қыздар,
Деуші едік-ау, үй болар жетеуміз бар.
Жоқ іздеумен қос ұлың кеткенімен,
Біздер барда арқаңнан өтер ме ызғар?!

Отан — Ана… Мен үшін Анам — Отан!
Сол отанға көңілімді паналатам!
Барлық ана бақытты болса екен деп,
Қара түнді қақ тіліп бара жатам…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу