Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  206


Автор: Бақыт Беделханұлы

Қарындасқа

Ауылдан Алматыға кеше келген,
Ізетті қыз екенсің шеше көрген.
Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,
Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,
Бүлінеді екенсің неше жерден?
Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің,
Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала
Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,
Дайындап суық қолды сұр мергенін.
Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің
Жасырмай тұрады екен бар мінезін.
Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,
Жарға итере салады нардың өзін…

Алматыға ауылдан кеше келген,
Ізетті қыз екенсің шеше көрген.
Сүрінбеймін десең де неше жерден,
Бүлінбеймін десең де неше жерден,
Қала деген сондай ғой, жетегіне ап,
Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер,
Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу