Өлеңдер ✍️

  14.05.2021
  232


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Коммунист

Қиялды қозғай берсең - сөз жауады,
Сұлулық қарай берсең көзге ауады...
Коммунист... тыңдамайды ол өзге жырды,
Жұтпайды бұл ауадан өзге ауаны.

Жай адам, оның өзі кәдімгі адам,
Күлкіге, күншілдікке табынбаған.
Екі аяқ елге біткен онда да бар,
Ол-дағы адамдарша адымдаған.

Жан емес қолын бұлдап, күш сататын,
Ол емес ұзын мерген қысқа ататын.
Дәл осы өзгелерден айырмасы,
Дәл осы өзгеге оны ұқсататын.

Бір сөзін шығын қылмас мақтанға аяп,
Ол айтпас жалған ақыл – жаттанды «аят».
Серігі сабырлылық салқын ақыл,
Өз күші өзін жанып жатқандай-ақ.

Ол бірақ шаттана да жылай да алар,
Секундтік жанарында жыл айналар:
Қуанса жазғы аспандай жаны ашылып,
Қайғырса күзгі өзендей ылайланар.

Дәл сонда көкірегін кернеген үн
Сезесің оған ырық бермегенін .
Жығам деп жеңіл айтпас сермегенін,
Қиналса жасыра алмас терлегенін.

Дүниеде мойындамас күмән барын,
Сезе ме ол өмір содан құралғанын?...
Осын-ау жерге біткен жақсылықты,
Білмеймін бұдан өзге кім алғанын!

Бұл адам космоста да ұшқана ағып,
Дүние отырғанда күстана ғып.
Бұл адам нүктедей боп Жерде туып,
Сол жерді қолтығына қысқан алып.

Осы адам сүйікті адам, сүйіктіңнен,
Осы адам Отан туын биікке ілген,
Ол – туды, ал күн оның маңдайынан
Ақырын еңкейіп кеп сүйіп күлген...

Жәй адам оның өзі кәдімгі адам,
Отаннан өзге күшке табынбаған.
Біз жүрсек, ол да жүрер қатарласып,
Қатарда ізі жатыр адымдаған.

Бұл адам – кәдімгі адам, біздің адам,
Бұл адам бізге ұнаған, сізге ұнаған.
Бұл адам біздің жерде көптің бірі –
Не керек герой таңдар сүзгі маған!

Кім айтар бұл бір ыстық жан емес деп,
Кім айтар адам жаны – таң емес деп.
Мейлі ол Титов болсын... Тыңбай болсын,
Бәрі бір аталады Коммунист деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу