Өлеңдер ✍️

  14.05.2021
  160


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Қызыл сөз, неліктен сұйықсың...

Қызыл сөз, неліктен сұйықсың,
Көзінен өткендей селдірдің.
Қара көз, неліктен тұйықсың,
Өзіңе кімдерді сендірдің?

Сен-дағы от беріп, сыз алдың
Жүректі мұздаққа шөгіріп;
Ақ жүздер, неліктен қызардың,
Кетті ме ұяттың тогі ұрып?

Көк аспан, неліктен бозардың,
Анау не, жұлдыз ба, көзің бе?
Күп-күрең гүлді де соғар күн,
Солар гүл, мұң салып сезімге.

Қара шаш, бурыл боп .. оның нең,
Мезгілдің топаны шайды ма?
Әлде бір қарайған көңілден
Ағарып кеп қонған қайғы ма?

Жо, жо, жоқ бұл емес, әрине,
Көп көңіл шаттыққа бұрады...
Ақ, қызыл, қара да... бәрі де
Өзінше салтанат құрады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу