Өлеңдер ✍️

  14.05.2021
  139


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Жыр келеді жылды аттап...

Жыр келеді жылды аттап,
Жырларға жыл жол ашқан.
Ақылды арман құндақтап,
Тербетіп тұр көк аспан!

Тербеліп тұр шуақ жақ,
Тербеледі көлеңке.
Қызық қой өмір сыңар жақ –
Жыры тірі, Ол өлсе...

Көрдің бе анау көдені,
Жапырылған қоғаны;
Махамбеттің өлеңі
Зел-зала боп соғады.

Жата алмайды жыр текке,
Жыр да жазда көктейді.
Бұл аспаннан бұлт өтсе
Бір жыламай өтпейді.

Аңызы да көп жұрттың –
Ескен желдің ермегі.
Көз жасымен сол бұлттың
Гүл жылайды жердегі.

Ойламас күн батуды,
Келер бірақ кейде іңір.
Күндей ыстық ақынды
Жоқтатпаймын дейді жыр?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу