Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.05.2021
154
Дүние неткен кең еді...
Дүние неткен кең еді,
Мұнда – көктем, анда – қыс.
Дүние, дүние дегені –
Махаббат, үміт – алданыш.
Махаббат, үміт! Қыс, жазы
Қонысын тапты кеудемнен –
Өмірдің екі ұстазы,
Шәкірт боп соған келем мен.
Дүние неткен кең еді!
Қарада – көктем, қарда – қыс.
Айдайды өмір – кемені
Адамға біткен ар-намыс.
Ар, намыс аты – бір майдан,
Бір майдан менің мекенім;
Тынбайды жел, тынбайды ән,
Сол әнмен еріп кетемін.
Дүние неткен кең еді!
Жаңа егілген жас шыбық
Бәйтерек болып келеді,
Бәйтерек – Бақыт, жақсылық.
Жақсы ойға шомып жатыппын,
Туған жер-ата мықты ғой.
Көлеңке жағы бақыттың
Қырсық деп аталыпты ғой.
Дүние неткен кең еді,
Көрдім ғой кең екенін.
Дүние неткен кең еді,
Дүние – менің мекенім...
дүние Көктем қыс махаббат Жұмекен Нәжімеденов Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы Жұмекен Нәжімеденов өлеңдері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter