Өлеңдер ✍️

  13.05.2021
  142


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Жарты шыбық

Тәңірінің нар кезі екен ол кезде,
Әмірінің бар кезі екен ол кезде.
Тек алуға барады екен бәр-бәрі,
Ол кезде де алу екен мына жұрттың арманы.
Жаратқанға жет тезірек, тұр, аттан,
Сұрамсақтар, ал, сұрап қал, сұрап қал!
Бір ел жақсы,
тағы бір ел жақсырақ:
тұрмыс сұрап, алды Хақтан Бақ сұрап,
сансырады қайсы бір ел,
сансырап,
дәулет алды, дау-шар алды, мал сұрап,
жаңбыр сұрап алды – жасыл шөп өсті,
жалбырады шатқал бауры, төбе үсті
жел ескенде сыбыр-сыбыр кеңесті.
Сұрап жатыр,
алып жатыр, құдайдан
тек қанағат, ой сұраған жоқ ешкім.
Тәңірінің нар кезі екен о кезде,
Әмірінің бар кезі екен о кезде:
Көктемде де,
жазда,
күзде,
ақпанда
еліріп ап «жомарт» деген мақтанға,
қолда барын үлестіріп жатты ол да.
Мұхит алды,
құрлық алды бір халық,
тілектесіп – тірлік алды бір халық,
білек қосып – бірлік алды бір халық.
Жайлау қуып,
жай көшем деп ырғалып,
менің бабам барлығынан құр қалып,
есебінен жаңылып қап Күн, Айдың –
кеш келіпті қабылдауына құдайдың:
– Пендем, – деді, – сені де бір жебер ем,
түк қалмады,
саған енді не берем?
Баяғыдан қайда жүрдің?!
Жұрт тілеп
Бәрін алды.
– Қой қайырдым түрткілеп,
аманында ат-көлік...
– Мә! –деді Хақ бір шыбықты қақ бөліп.
– Мұны қайтем?... Онсыз да жүр жұрт үркіп?!
– Қарап жүрме, бір-біріңді жүр түртіп.

Хақ жоқ қазір.
Бақыттымыз былай да,
Өзің қожа – күнәңа бат, күл, ойна.
Ал, дүниенің үкімі мен шешімін
әу басында бір мықты айтса – несі мін,
Бір қария: «бәрі бастан» деп еді,
О да маған дарымастан келеді.
Қақ суындай қара жолға іркілген
Тыныш, бейқам жата алмадым бір күн мен:
итке ішкізіп,
аузын малса бірі ойнап,
етігімен кешті біреу ылайлап,
сылтау тауып қуатыңнан, күлкіңнен,
жарты шыбық жалықпайды «түртуден».
Үлесінен құр қалғанда о баста,
түрткілесу – кәсіп болса…
жақ ашпа:
шыбық қазір кетті айналып ағашқа.
Жарты күмән, жарты үмітті күйде мен
келем әлі,
әлі үйренем, үйренем –
тағдырымның таяғы да себебі
басы бүтін тимеген…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу