Баталар ✍️

  13.05.2021
  154


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Он бата

«Бір тілегім: жас бөбегім,
Бухгалтер болсаң, ақша ұрла.
Айдалусыз, байланусыз,
Сотталусыз құр тұрма».
Диплом ал да, барма ауылға,
Қалада қал, сыра сат.
Үй тұрғызып, машина ал,
Қызығына сөйтіп бат.
Жарты ғып құй, жарытпай бер,
Бірақ тиынын түгел ал.
Түсім көп боп, тұрса ел қаптап,
Ұйқыны қи, түнеп қал.
Шақыру болса, маманмын деп,
Кеудеңді ұрып шыға кел.
Тиімсіз болса, сылтау тауып,
Сынаптай сырғып шыға бер.
Қайда жүрсең, бастыққа жақ,
Жан қинамай ақы ал.
Еңбеккүнің жүріп жатсын,
Өзің ішіп жатып ал.
Карта ойна, коньяк іш,
Ұйқы көрмей, үйден без.
Бойдақпын деп үйлене бер,
Қыз-қатынға болған кез.
ұтылып қалсаң, қарызға бат,
Алаңдама артыңа.
Үй-мүлкің сат, әйелің сал,
Тура келсе нарқына.
Актив болсаң, бас ауыртпа,
Қараға еріп жүре бер.
Жаманда деп айдап салса,
Нең кетеді үре бер.
Төңірегіңе топ жинап ал,
Көнбегенін қолқала.
Арызды жаз, жиі тексерт,
Сал ойранды ортаңа.
Журналист болсаң, жосылта жаз,
Өтірік-шынын елеме,
Көрсетіп қой өз күшіңді,
Мықтымсыған немеге.
Бұзау көрсең, бұқа деп жаз,
Қозы көрсең, қошқар не.
Жартысына жуықтаса-ақ,
Орындалды жоспар де.
Судья болсаң, судай сіңір,
Жең ұшынан пара ал.
Аз әкелсе, шірене түс,
Асылын тандап қарап ал.
Милиция болсаң, әкіреңде,
Ебін қашыр шүйлігіп.
Іріріктен, қомақты тарт,
Жоққа жүрме килігіп.
Тілегім көп айта берсем,
Тыңдауға кім төзе алсын.
Мұндай перзент болғаннан да,
Берген «құдай» өзі алсын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу