13.05.2021
  238


Автор: Рахмет Өтесінов

Аяқталмаған сапар

Жаңа өзен қаласынан таңғы салқынмен шыққанбыз. Күн күйдіріп, сары аңыз тартқан бұйрығыңды, жусанды қу даланы тіліп өтіп, алысқа тартқан тақтайдай тегіс асфальт үстінде «Волга» машинасымен зулап келеміз. Қасымда Өзен, мұнай кәсіпшілік басқармасының бас инженері Стремский мен №1 кәсіпшіліктің аға геологы Проденко бар. Бағытымыз Шевченко қаласы, мақсатымыз күн қызбай тұрып, Шевченкоға жетіп, Министрлік Бас басқармасы басшыларының қатысуымен сағат 10-да басталатын үлкен техникалық жиналысқа қатысып, кешкі салқынмен кейін оралу. Көңіліміз көтеріңкі. Әншейінде көп сөйлемейтін Проценко да сөзге жиі араласып келеді. Денеңді шыжытқан ыссыдан, көз аштырмай, дем алдырмай дамылсыз соғып тұратын аңызақтан ығыр болған адамдарға мынау аз уақыт таңғы салқын самал мен теп-тегіс асфальт жол кең тыныс бергендей, еріксіз көңілді шалқытады.


— Шіркін біздің Маңғыстаудың, осы түнгі, таңғы салқыны ай! — деп рахаттанады Проценко.


— Иә күндіз қанша қиын болғанымен кешкі самалдан ертеңгі сәскеге дейін тамаша-ақ! — деп қостайды Стремский – Оңай олжа емес, біздің Маңғыстау...


1962-63 жылдары барлау, бұрғылауға жұмысшы, қызметкер жетіспей, одақ бойынша мұнайшы-бұрғылаушыларға үндеу тастағанбыз. Кейін, 1964 жылдан бастап Өзен, Жетібай мұнай алаңдарын игеруге байланысты мұнайшы мамандар жинақтағанымызда осы, жер жағдайымыздың нашарлығы ауа райының қаталдығы келген адамдарға қиындық көрсеткен. Жақсы мамандар, энтузиаст жастар мұнда келетін де, қатаң табиғатына төзе алмай, келген ізімен кетіп отыратын. Шыдамдылық көрсетіп 2-3 жылға қалуға келісім беретіндері де болды. Бірақ, олардың бізге қояр талабы онша емес-ті. Тұрақты үй де сұрамайтын. Ерлі-зайыпты екеуіне жатақханадан бір бөлме берсең болғаны, уақытша тұра беретін. Бала-шаға, кемпір-шалы, шаруашылықтары өздері оралғанша «үлкен жерде» қала беретін. Олар Маңқыстауды уақытша кәсіпорын, елден жырақ жатқан арал ретінде қарап, ескі мекендерін «үлкен жер» санайтын. Жұмыстан сәл ғана қолдары босаса сол жаққа шығып кетуге тырысатын.


Әрине, біз де сол жігіттерге өз жерлерін жоқтатпаудың бар амалдарын қарастырып бағатынбыз. Табиғи қиындықтарды қаражатпен өтеу, мүмкіндігінше мәдениет тұрмыс жағдайларын жақсарта түсу арқылы жұмысшы кадрларды неғұрлым ұзағырақ ұстауға тырысатынбыз. Бірақ, біз қанша әрекеттенсек те құлан жортпас қу далада бәрін бірден орнату мүмкін емес, бастапқы жылдары ұйымдастыру қиыншылықтарынан, еңсе көтере алмадық.


Сөйтіп, сайып келгенде кадрлардың тұрақтануы, көбіне олардың, жеке бастарының сана-сезімдеріне байланысты болды. Өз жүрегінің әмірімен мұнай тыңын игеруге келген мамандарды, мұнайшы, бұрғышы, барлаушы, құрылысшы жұмысшыларды (олардың басым көпшілігі жастар болатын), қадір тұтатынбыз, олардың қиын жағдайдағы қаһармандық еңбектерін жоғары бағалайтынбыз. Мақсат, мүдде бірлігі, ортақ тіршілік мұндағы барлық адамдарды да бірлікке баули түскендей, ұлтына, келген жеріне қарамастан бір семья адамдарындай тату тұрып жаттық. Маңқыстау мұнайшыларының достығы мен бірлігі жөнінде газеттерде талай-талай әңгімелер жазылып тұратын.


Менімен бірге отырған мына екі жігіт те осы Маңқыстаудың үлкен мұнайын игеруге алысырақтан келген тәжірибелі мамандар. Стремский - Волга бойының жігіті. 1954 жылы институт бітіргеннен кейін Волгоград маңындағы ірі-ірі мұнай көздерін ашып, игеруге тікелей қатысқан. Біраз жылдар бойына мұнай сұйығымен істес болған, ұйымдастыру-техникалық жұмыстарда ысылған инженер. Проценко болса, бұл да тәжірибелі инженер-технолог. Тұрған жері - Краснодар өлкесі, әйгілі Кубань, Волга бойының мұнай алаңдарында қызмет еткен. Екеуі де зайыптарымен келді. Олар да — мұнай мамандары. Бұларды біз СССР мұнай Министрлігі арқылы өз келісімдерімен көшіріп алдық.


Өз мамандығын сүйетін әрбір мұнайшы инженерге жаңа мұнай алаңдарын, оның ішінде үлкен алаңды игеру ерекше бақыт саналады. Ондай жерге жолдама алу үлкен сенімге ие болу деген сөз. Мұндай жағдайда лауазым, жалақы, үй-тұрмыс жағдайы, ауа райы, бәрі де ескеріле бермейді. Бұл жігіттер де, басқалардай, сол жоғары саналылықпен келгендер. Дегенмен алғашқы жылдары білікті деген мамандарымыздың өзі де жер жағдайын ұнатпай, мерзімі жеткенде кететіндіктерін де жасырмай жүрді.


Сол «уақытшамен» бұлар Маңқыстауда бес жыл өткізіпті. Бес жыл ішінде бұлардың көз алдында және өздерінің тікелей қатысуымен Маңқыстау даласы адам айтса нанғысыз өзгерді... Жә, бұл жөнінде кейін айтармыз. Міне, енді бұлар «Біздің Маңқыстау» деп жаңарған өңірді жүрегіне жақын ұстап, мақтаныш тұтады. Мені де ол ойлар еріксіз қуанышқа тартады. Ия, бүгінгі Маң


Жер қойнына саяхат басталды.


қыстаудың нағыз иесі — осынау жайсаң жандар. Мәңгі-бақи қатыгез жер қойнына жасырған мұнай байлығын халық игілігіне сый еткен, шөл даланы елге айналдырған, алып құрылыстар салған — Маңқыстау еңбеккерлері - мына сіздерсіңдер! — дегім келеді.


Жол адамы әркез жан-жағына көз салып алаңдаумен отырады. Қазір бұл Маңқыстау даласында көз тоқтатар көріністер де баршылық. Біз жүріп келе жатқан 150 шақырымдық жолдың айналасында біраз нәрселер қарайып қалған. Оң жақта жарысып мұнай, газ, су құбырлары жатыр. Байланыс линиясы, олардың бойындағы аралық пункттер, сол жағында темір жол, электр линиясы қара үзбейді. Темір жол бойымен мұнай эшелондары дамылсыз ағылып жатыр. Жол жөнекей ылғи мұнаралар — бұрғылау мұнаралары. Өзен, Жетібай, Теңге, Қарамаңдыбас мұнайлы алаңдарын пайдалану скважиналарын, қазып жатқан барлау-бұрғылау мұнаралары. Шевченкоғa дейін бос жатқан жер жоқ. Мұның бәрі бес-ақ жылдың ішінде пайда болған көріністер, Әрине, бұл өзгерістерде біздің де еңбек үлесіміз барлығына іштей қуанышта келеміз.


Жол қиялын жігіттер бөліп жіберді.


— Рахмет Утесинович, бұл мәжіліске өзіңіз баратын болғасын, мені бекерге ерттіңіз. Қазір айдың аяғы, айлық мұнай өнімін қорытындылап, мұнай қабылдау, тасымалдау мекемелерімен есеп айырысу басында біреуіміздің болуымыз керек еді — деп Стремский ойымызды алдағы міндетке аударды.


Бас маманның мәжілістен тартынған себебін мен жақсы түсінемін. Бес жыл бойы бірге жатып, бір тұрып, еңбек етіп келеміз. Бастапқы 4 жыл ішінде Өзенде тұрғын үйлер, мектептер, мәдени орындары салына бастап, болашақ қаланың контуры көрінгенше семьяларымыз Шевченко қаласында, өзіміз Өзенде, салт жатып істеп, жатақханада бір тұрдық. Сондықтан да біздер бір-бірімізге тым етене болып кеттік.


— Москвалық басшылар рұқсат етпеді., Екеумізді де міндетті түрде қатыссын деді. Сірә, үлкен әңгіме болса керек.


Шынында да бұл жиында аса маңызды мәселелер қозғалмақ еді. Мәжілістің күн тәртібі -Өзен мұнай алаңының пайдалану барысы мен оны бұдан былай жақсарту шаралары жайында еді, Бұл жөнінде біздің көптеген принципті пікірлеріміз бар. Талай талқыға түсіп, таласқа айналып жүрген ойлар да жоқ емес. Басым адамдармен пікір таластыру оңай ма. Бірақ, бұл өңірдегі маңызды істер өз қолымыздан өтіп жатқандықтан кейбір қарсы пікірлерге амалсыз барамыз. Біздің мына бас маман өз ісіне жетік, сауатты инженер. Бірақ әлгіндей айтыс атаулыдан ат-тонын ала қашады. Мүмкін болса ешкіммен тартыспай-ақ жайына жүргенді жөн көреді. Қазіргі қашқақтап келе жатқаны да сол.


Еліміздің ең бір қиыр түкпіріндегі кенді Маңқыстау түбегінен үлкен мұнай көзінің табылуы, Қазақстан мұнай өндірісін былай қойғанда, жалпы одақтық мұнай шаруашылығына елеулі өзгерістер енгізді. Сегізінші бес жылдықта және онан кейінгі жылдарда одақ бойынша жылдық мұнай өндірісінің өсуі осы Маңқыстау мен Батыс Сібірдің бәрінің мұнай алаңдарын игеру арқылы іске асырылмақшы болатын. Маңқыстаудағы әзірге қолда бар мұнай қазынасы - Өзен, Жетібай алаңдары. Оның ішінде Өзен дүние жүзіндегі ең ірі кен орындарының бірі болып шықты. Оның ұзындығы 35 километр. Скважиналардың тереңдігі 1350 метр. Жер қыртысындағы мұнайлы қабаттардың жалпы қалыңдығы 400 метр.


Мұнайлы-газды қабаттар екі үлкен қатарға бөлінеді. Біріншісі - жоғарғы қатар, газды қатар, бор дәуірінде жаралған тау жыныстарынан құралған, құмды, құмдақты, ізбес тасты газ ұстайтын көп қабаттар өз ара сазды қабаттарымен бөлінген. Бұл сазды қабаттардың төменгі жағын, геология тілінде мұнай-газ қабаттарының ұлтаны немесе төсегі дейді де, жоғарғысын төбесі, қақпағы дейді. Мұнай осы бір табиғи «ыдыстарда» жатады. Бұлар көп тереңдікте жоғары жер қабаттарымен басылып жатқандықтан, үлкен қысымда тұрады. Ол қысым, скважина арқылы жер қабатын тесіп жібергенде, ондағы сұйық масса үлкен күшпен тысқа ұмтылады. Сол қысыммен мұнай, газ скважина арқылы фонтан болып атқылайды. Бұл табиғи қысымы әлсіреген мұнай скважиналары механизациялық тәсілге көшеді. Ол — газ-лифть, насос арқылы мұнайды сыртқа шығару тәсілі.


Өзендегі толып жатқан мұнай қабаттарының мұнай қоры өте көп. Мұның өзі айтар аңызға болмаса, іс жүзінде табиғаттан табыла бермейтін аса сирек кездесетін оқиға. Алайда, Қазақстан мұнайшыларының үлесіне осынау мол қазына тап болып отыр. Сондықтан, бұл қазынаның тағдырын шешуге барша ғалымдар, ғылыми жобалау мекемелері, Орталық әкімшілік орындары тікелей араласады,- Яғни Өзен, Жетібай — бүкіл одақтық маңызы бар ел қазынасы.


Өзен кен орнының басқа мұнай алаңдарынан әлденеше өзгеше қасиеттері де бар. Соның бірі, әрі ең бастысы - қабат қысымының аздығы. Ол скважиналардың фонтандық өмірінің қысқалығы деген сөз. Олай болса қазіргі фонтанға көп иек артпай, әуел бастан сол қысымды жасанды әдістермен қолдан жасап, қайткенде де фонтан бәсеңдемейтін жолды іздеу керек. Ол үшін терең қабатқа су айдау жұмыстарын, қабаттан мұнай алу әрекеттерімен катар жүргізу қажет. Жер астынан қанша мұнай алынса, сонша су айдап, орынды бос қалдырмау керек. Орын босап, көлем кеңіген сайын қысым азая түседі де, фонтан кеми береді. Көп ұзамай скважинаның демі бітіп, фонтан тоқтап, мұнайды құдықтан тартқан судай механикалық әдіспен көтеруге тура келеді.


Осының бәрі ғылыми-зерттеу, жобалау институттарының техникалық-экономикалық жобаларында дұрыс ескерілген.


1961 жылы Маңқыстауда бірінші мұнай фонтаны атты. 1962 жылы Өзен кен орны ашылды. 1963 жылы барлау жұмысы негізінен аяқталып, Өзеннің мұнай қоры мемлекеттік комиссияда бекітілді. 1964 жылы бұл кен орны жаңа құрылған «Мангышлак-нефть» бірлестігіне тапсырылды. Көп ұзамай Өзен мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. Дәл бір жылдан кейін бұл кәсіпшілік мемлекетке мұнай бере бастады.


Міне, Өзен сияқты алып өндіріс орны сондай шапшаң игерілді. Осынау үлкен өндіріс қолға оңай түскен жоқ. Барша барлаушы, құрылысшы, мұнайшылардың орасан қиындықтарды жеңе отырып қол жеткен табыстары еді, бұл. Үлкен істің жолында аз-кем кем-кетік те жетіп жатты. Соның бірі мұнай өндіру жұмыстарын бастаудағы кеткен асығыстық, немесе мұнай қабаттарына су айдау қондырғысын салудағы кешеуілдіктер болды. Бұл кемістік бастапқы жылдары оншалық әсер ете қойған жоқ еді. Алайда, 4-5 жыл өткеннен кейін күнделікті мұнай өндірісінен айқын көрінетін болды.


Қазіргі әңгіменің жеңі де сол жайында болғалы отыр. Бес жылдың ішінде мұнайлы жер қабатының қысымы орта есеппен 10-15 атмосфераға төмендеген. Соның салдарынан ондаған скважина фонтаны тоқтап, өнім бермей тұр, көптеген скважина өнімін кемітіп, ауа райы суынса өнімін насосқа жеткізе алмай тұрып қалады. Тіпті кейбір қазылған жаңа скважиналар да фонтан атпай, бірден кідіріске ұшырауда.


Бұған қарамай кейбір, басшылар:


— Өзен мұнай алаңын пайдаланудағы орын алып отырған елеулі кемшіліктер жергілікті шаруашылық басшыларының жұмысындағы шалағайлықтан туып отыр, — дегенді айтады.


— Жоқ! — дейміз біз. — Бұл кемшіліктерге бірге жауап беруіміз керек. Әуелі мұнай өндірудің материалдық-техникалық базасын салып алу керек, су айдау, газ айдау, маханикалық әдіс, газлифть қондырғылары дайын болсын. Мұнайшыларға тиісті тұрғын үй, мәдени-тұрмыс жағдайларын түгендеп болғаннан кейін ғана өндірісті бастаймыз.


Біз жол-жөнекей, машина ішінде әрқайсысымыз өзімізше осы жайларды ойланып, алдағы мәжілістің қандай жағдайда өтетінін болжап келе жаттық. Қарсы алдымыздағы қара лентадай түп-түзу болып қыр асып жатқан жолға қараймыз. Кенет орнаған тыныштық қиялға шақырады. Тегіс жолдағы машинаның гуілі тербете түседі.


Өмір жолын таңдап алу әр адамның өз ісі. Біреу ерте, біреу кеш табады ол жолды. Енді біреулер адасып өтсе, өзге біреулер даңғыл жол тауып, өмірге үлкен із қалдырады.


Жетібайдың поселкесі арасындағы асфальт жолды көсіп өтетін жерден аса бергенде шофер:


— Осы машинаның артқы дөңгелегі тайғақтай ма, қалай? — деді.


— Олай болса, жай жүр! — дедік біз.


Бала жігіт шапшаңдықты едәуір бәсеңдетті. Дегенмен, спидометр 70-тен төмен түспеді. Шофер кейде тежегішті басып, жолдың тайғанақтығын байқап келе жатты. Біз оның бұл әрекеттеріне көп мән бермей, өз ойларымызбен болып отырмыз. Әлден уақытта машинаның арты сәл бұлтың етті де салдыр-гүлдір дауыс шығып, көлденеңдеп бара жатты.


— Өлдік! — деген үрейлі дауыс естідім.


Машина жолдан төмен қарай құлдилап, көлбей аунап бара жатты. Бұдан әрі не болғаны белгісіз, бүкіл дүние кішірейіп келіп, бір нүктеге айналып, бір сәтте көз алдымнан ғайып болды. Есімді жисам, бір тар жерде екі бүктеліп жатыр екенмін, машинаның іші, Бірнеше рет аударылып келіп, бір жамбастап тоқтаған екен. Алдыңғы есігі майысып, бірақ үзіліп қалмай, машинаны әрі қарай жібермей, тіреп тұр. Жан - дәрменімен сол жерден бір саңлау тесік тауып, басымды сұғып, шығуға әрекеттендім. Қолыммен тартып, кеудеммен, ілгері ұмтыламын, бірақ аяқ жақтан дәрмен болмайды. Не болғанымды біліп үлгермедім. Тек есім кіріп, тірі екенімді сезінгеннен кейін тезірек кеңістікке шыққым келіп, тырбанып жатқанымда басқа біреулердін қарулы қолдары суырып алды. Далаға шыққан соң тұрғым келіп ұмтылсам, кеудем бұлқынғанмен аяқ жағым жапсырып қойған жат дене сияқты.


Менің тезірек дәрігерге, ауруханаға жеткім келді. Қасымдағылардың үшеуі де естерін жинап, түрегелген.


Ауыр жағдайымды көріп, бәрі де үрпиісіп, не істерін білмей қоршап тұрды.


— Тез машина ұстаңдар, мені шапшаң ең жақын дәрігерлік пунктке жеткізіңдер! — дедім.


Қас қылғандай күн күркіреп, жаңбыр жауды да кетті. Бүкіл жаз бойы тамбайтын жаңбырдың мынадай қысылтаяқ уақытта жауғаны біздің ауыр жағдайымызды онан сайын қиындата түсті. Оның үстіне ет қызуы басыла келе жарақаттың денеге әсері күшейіп, белім, өкпем қатты ауырып, сарнатып алып барады.


Екеуі үстіме машинаға салған кілем төсенішті ұстап, жаңбырдан қорғап тұрды. Біреуі жолға жүгіріп, машина ұстауға кетті.


Біраздан кейін машина да келді. Жүк машинасына көтеріп салып, екеуі екі қолтығымнан сүйемелдеп отырды. Шоферге «тез-тез» деп асықтырып келеді. Қатты жүрсе машина селкілінен өкпем қысылып, тынысым тарылады, жүрегіме ине қадалғандай есімді шығарып барады.


...Есімді жисам, рентген столында жатыр екенмін. Менің көз ашқанымды күтіп тұрғандай бүкіл денем зарлап қоя берді. Қайтадан сарната бастады. Ауырғанды білгізбейтін уколдарда, әлсін-әлсін салынса да қайран жоқ. Алматыға жеткенімше бес күн өткен. Авария болған күні жедел жәрдемге Өзеннен, Шевченкодан тәжірибелі дәрігерлер келіп, көмек көрсетеді. Ертеңіне Гурьевтен бір топ дәрігерлер келіп қарап, өз пікірлерін айтады. Үшінші күн Бакуден нейрохирургия маманы шақырылады. Ол кісі құралдарын ала келіп, сол жерде операция жасауды ұсынады. Төртінші күні Алматыдан нейрохирург келіп, операция тек жоғарғы дәрежеде, арнаулы клиникада ғана жасалуға тиісті екенін дәлелдейді. Дәрігерлер кеңесі соған саяды да бесінші күні АН-24 самолетімен Алматыға алып ұшады. Операция.


«Қазіргі уақытта нейрохирургия ғылымы мен практикасында бар шаралардың бәрі қолданылды. Операция жоғары дәрежеде өтті. Қолдан келгеннің бәрін істедік. Ендігі жағдай аурудың өзіне байланысты. Егер организмі шок күйзелісін, операция ауыртпалығын жеңіп шыға алса, өмір сүреді. Ал, жүру-жүрмеу екінші дәрежедегі мәселе»,— депті, дәрігерлер семьяма, жолдас-жора, дос-жаран, ағайын-тумаларға.


— Тек тірі қалсын! - деп тілейді олар.


Сол сенімнің күшімен, үміт қуып адам айтса нанғысыз ауыр хәлдерді, ұшан-теңіз қиындықтарды бастан кешіріп, ауруханада бас көтерместен 7 ай жаттым.


Кеудем жарақаттанып, төрт қабырға сынып, өкпе зақымданған. Олардың бәрі жазылды. Енді нағыз ауыры қалды. Ол – бел омыртқа сынып, жұлын жаншылған екен. Соның салдарынан екі аяқтан жан кеткен.


Ажалмен арпалысып 2 ай жатқаннан кейін ауру бәсеңсіді. Көңіл сұраушыларды көбірек жіберетін болды. Өзімде әңгімелесуге жарап қалдым. Негізгі кәсібім - кітап оқу. Күндіз-түні оқиғасын о да жалықтырады екен. Бұрын Маңқыстау мұнайы жөнінде ғылыми еңбек жазуды бастаған едім. Көп ұзамай кандидаттық диссертация қорғамақ ойым бар-ды. Жолдастарыма айтып ауруханаға кандидаттық минимумнан емтихан алатын комиссиялар шақыртатын болдық. Сөйтіп жатып үш емтихан тапсырып, кандидаттық минимумды бітірдім. Тақырыпты бекітуден өткіздірдім. Тек жазуға мүмкіндік жоқ. Үйдегі материалдарымды алдырып, өңдеп орталық журналдарға мақалалар бастыра бастадым. Парафин мұнайын жинау, тасымалдау мәселесіне арнап кітапша жазып, бастырдым. Газды мұнай өндірісіне пайдалану жөнінде кітапша шығарттырдым. Қайткенде де тірлігімді білдіріп, уақытты босқа жібермеу үшін бар күшімді жұмсап жаттым.


Ауыл жігіттері жиі қатынап тұрды. Солар арқылы өндіріс жағдайына да қанықпын. Әсіресе, Маңқыстау мұнайының парафині мені көп ойландырады. Бұл жарықтық-жеке алғанда баға жетпес химиялық зат, бірақ мұнай ішінде жүргенде көп қиындық осыдан келеді. 20 процент парафині бар Маңқыстау мұнайы ешкі майы сияқты шілденің ең ыстығында да қатып жатады. Скважинадан топтық қондырғыдағы насосқа, пешке жеткенше турбаның ішінде тығын болып қатып, ақпай қояды. Задвижкалардың, сепараторлардың, насостардың ішінде қатып, жалпы жұмыстарды орасан қиындатады. Кейбір қысымы шамалы скважиналар осының кесірінен қыста мұнай беруін мүлде тоқтатады.


Парафинді мұнайдың бұл қасиеттері теория жүзінде белгілі болғанмен, біздің еліміздің мұнай өндірісі тәжірибесінде бұрын-соңды кездеспеуші еді. Ал, Түркмения, Татария мұнай кәсіпшіліктеріндегі ұшырасып жүрген «тез қатып қалады» дейтін қою мұнайлардың құрамында парафин 5-8 проценттен аспайтын.


1965 жылы Өзен мұнай алаңын пайдаланудың бірінші жылының күзінде-ақ барлаушылардан қабылданған ондаған скважиналардың 2-5 шақырымға созылған ұзын құбырларына парафинді мұнай қатып, мұнай өндіруге үлкен бөгеліс тудырған-ды. Бұған қарсы тәсілдердің бәрі де нәтиже бермеді. Мұнай өнімі күрт төмендеп, жоспар орындалмай жатты.


Міне, осындай қиын-қыстау кезеңдерде Өзен мұнай кәсіпшілік басқармасы коллективіне, оның инженер-техник қызметкерлеріне үлкен сын қойылып, тірелген тұйықтан жол тауып, өз беттерімен шығып кету керек болды. Бірақ жігіттер бұл сыннан мүдірмей өтті. Коллективтік ой, жігер, көп ақылы бір нысанаға бағытталып, тиісті техникалық проблема шешімін тапты. Ол - қыздыру, кәдімгі мұнайды құбырдың бойында қыздырып отыру. Ол үшін мұнай құрамындағы газ пайдаланылды. Құбырды тесіп газ алу, оны жағу, пештің конструкциясы, техникалық нормалар, бәрі де дер кезінде іске асырылды.


Скважиналар жұмысы бір қалыпқа түскендей болды. Жаз бар, қыс бар дегендей көптеген қиындықтармен күресе отырып, жоспар әрдайым орындалып келді. Бірақ әлі де қысқа қарай көптеген жерден талай тосқауылдар тап болып, көлденең кедергілер ұшырасып жататынды. Енді, міне күндіз-түні төсекте жатқан соң осы жайлар ойға оралады. Жігіттер тіршілігіне құлақ түрем де жатам.


Стремский соңғы бір хатында: «Биыл қыс қатты болып тұр. Скважиналар, құбырлар қатып жатыр. Жібітіп, жылытып үлгермейміз. Өнім беретін скважиналар қорының 20 процентке жуығы кідіріске ұшырады. Жоспар да орындалмай тұр. Сіз қашан келесіз? Тезірек жазылып, жұмысқа оралыңыз. Маған жалғыз істеу қиынға соғып тұр»— депті. Жұмыс басты маманды әр түрлі алқалы жерге жиі шақырып, жұмыстан бөле беретін де көрінеді. Тек соңғы бір айдың ішінде үш жерде баяндама жасап, есеп беріп, екі комиссиямен басқа мекемелердің жұмысын тексеруде болыпты. Оның үстіне аудандық басшылар да жиі шақырып, өз жұмысына бас бұрғызбайды. Әрине, мұндай мың сан кедергілер менің уақытымда да болатын. Бірақ, онда екеу едік. Жабыла көтерген жүк жеңіл, деген ғой. Енді Анатолийдің бір өзіне түскен соң қиын соғыпты.


Аяулы Анатолий! Қиын-қыстау кезеңдерде ауырды бірге көтеріп, жеңілді бірге атқарысқан адал дос. Мұнайлы ауланың өзің секілді мамандарға салмақ артарын білемін. Қайыспайсың, сен оған. Кедестен өзге қайран жоғын өзің де білесің.


Осы ойларымды жинақтап, нақты пікірлерімді хатқа жаздым.


Тағы бір жұмыскерлердің хаттарына қысқаша жауап қайырдым. Хатты жазып үлгеру керек. Өйткені әр үш сағатта сестралар келіп, мені екінші жағыма аударып салады. Етпеттеп жатқанда жазамын да, оң жақ жамбасыма аударып салғанда ойланамын. Әрине, мұның бәрі аурудың бәсеңдеген уақыттарында. Осындай ауыр хәлдерде де ойыма өз басым жағдайынан, семья тіршілігінен де бұрын, жұмыс бабы орала береді. Тіпті осы жатқаным өндірістегі өмірімнің жалғасындай, демалыс алған секілді сезінемін. Мұның өзі көп тіршілігімнің мұнай жадында өткендігінен де болар. Кейінгі кездегі өмір мақсатымның Маңқыстау мұнайын өндіруге, соны нысаналы жерге жеткізіп, игілігін көруге арналғандығынан шығар? Мен үшін ең ауыр кез сол мұнай жөнінде ойлауға мүмкіндік болмайтын, науқас меңдеген шақтар еді. Мұндай жағдай бастапқы кездерде жиі болып тұрушы еді. Шүкір, онан айығып келем.


Міне, бүгін Маңғыстаудағы Стремскийден телеграмма келді. Бір жапырақ қағаздың іші қуанышқа толы. Хабар иесі өзінің барлық көңіл күйін осы қағазға түгел сиғызыпты. Мұндай хабарға қандай халде жатсам да жанымның жай таба қарсы алатынын ол да білгенге ұқсайды. Бұл біздің бәріміздің де ертеректен ойға алып жүретін өзекті мәселелердің бірі болатын-ды. Скважиналарды газлифтілік әдіспен пайдалану жобасының бірінші кезегі іске асырылған. Осы әдіспен 30 скважина қатар жіберіліпті. Саны жағынан көп болмаса да маңызы үлкен. Бұл осы мұнай алаңын пайдаланудағы жаңа бір белестің алғашқы баспалдағы іспетті. Бұдан былай осы әдіске кең өpic ашылғалы тұр. Осы жіберілген 30 скважинаның өздері-ақ бұл әдістің өте тиімді болатынын дәлелдеп бермек. Бір кездері бұл үшін қанша айтыс, тартыс туғаны баршаға мәлім. Талай адам жүйкесін тоздырды.


Өзендегі мұнай қорының орасан көптігіне қарамай мұнай қабаттарының қысымы аздығы жоғарыда айтылды. Мұндағы қазылған скважиналардың мұнайды фонтандық әдіспен беру мерзімі ұзақ емес. Бұған қарсы Бүкіл одақтық ғылыми-зерттеу мұнай институтының жасаған Өзендегі кен орнын пайдаланудың бас схемасы бойынша әуел бастан қабат қысымын жасанды әдіспен көтермелеп отыру қаралған. Бұл үшін жер астының мұнай қабаттарына үлкен қысыммен су айдау керегі де көрсетілді. Мұның өзі мұнай өндірудің ең тиімді әдісі болмақ.


Алайда, мұндай әдістің қолға оңай түспесі белгілі. Қыруар монтаждау жұмыстарын қажет етеді. Бірінші мәселе — су көзі. Өзен тұсында - кәрі Каспий теңізі қол созым жерде. 150 километр қашыққа су құбырын тартып, тәулігіне 100 мың текшеметр су айдайтын насос қондырғыларын салу, ол суды үлестіріп тұратын объектілер дайындау керек. Мұның бәрі кем дегенде бес жылды керек етеді. Ал, әзірге қабат қысымын көтермелеп тұруға жергілікті ресурстарды пайдалануға болар еді. Ол — Өзен еңісінде жатқан 750 метр тереңдіктегі алво-саноман қабаттарының суын скважина арқылы алып, мұнай қабаттарына айдау мүмкіндігі. Бұл да бірер жылға созылатын жұмыс.


Ал, бұл 2-3 жылда мұнай өндірісін тоқтатпай, керісінше үдете түссек, қабат қысымдарының ойсырай құлайтыны хақ. Кейін оның орнын толтыру да оңай емес. Осы жағдайларды ескере келе мәселені бүйірден қойдық. Қабат қысымын жоғалтпай, скважиналарды негізінен фонтандық әдіспен пайдаланбақ болсақ, су айдайтын қондырғыларды бітіргенше мұнай өндіруді тоқтатамыз. Ал, бұған көнбей, әзір тұрған мұнайды ала бастасақ механикалық әдіске көшуіміз керек, ол үшін ең алдымен газлифт қондырғыларын салуға назар аударып, бұл құрылысты скважина қазу жұмысымен тең дәрежеде ұстаймыз. Үдемелі мұнай өндірісін тек қана фонтандық әдіспен есептеу, әрине, ағаттық болады.


Осы ойларымызға үш жыл бойы тиісті мән берілмеді. Соның салдарынан жыл сайын 200 мың сом ақша бөлініп, оның жартысы ғана іске асты. Ал су объектілерінің сметалық бағасы 2 миллион сом болатын. Бұл қаражатты 2 жылдың ішінде орындап шығу қолдағы нәрсе еді. Амал не...Көптен созылып келген осындай айтыстың ақыры бір желіспен тынған екен. Газлифт даңғыл жолға шығыпты. Ендігі сөз осынау үлкен істі қолға алатын, оған бір жағынан қамқор бола жүретін Маңқыстаудағы менің мұнайшы достарымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу