Өлеңдер ✍️

  12.05.2021
  378


Автор: Әлібек Шегебай

Ләңгі

Күзгі талдай төгілген жапырағы,
Көңіл құсым ойларға батырады.
Қиялымды қытықтап анда-санда,
Балалығым қол бұлғап шақырады.
Сығаласа санаңнан сағым күндер,
Жүректегі жұпарлы бағың гүлдер.
Сағыныштың тартады сыбызғысын,
Ләңгі теуіп ойнаған лағыл - күндер.
Шығып алып ауылдың шетіне біз,
Ләңгі ойнауға топ бала бекінеміз.
Қой терісін қиып ап, келісті қып,
Қорғасынға құйылған, бекітеміз.
Қатқан ләңгі жасау боп ниетіміз,
Тері көрсек қырғидай тиетінбіз.
Қорғасыны аяққа батпас үшін,
Қонышы бар бәтіңке киетінбіз.
Ескерткенде үй барын, бататын күн,
Ойын қанбай, біртүрлі тартатын мұң.
Құшағына ұйқының талып құлап,
Түсімде де ләңгі ойнап жататынмын.
Оятқанда қалалық таңғы дүбір,
Ақтарылар ойларым сандығы нұр.
Бесігінде бақыттың тербелетін,
Баста мәңгі тұрмайды ләңгі – ғұмыр.
Қадамыңды басқанмен санап бекем,
Тіршіліктің қояры талап бөтен.
Телефонға телмірген бүгінгінің,
Балаларын біртүрлі аяп кетем..!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу