Өлеңдер ✍️

  12.05.2021
  158


Автор: Әлібек Шегебай

Оралу

Азынап астыменен тұнық көктің,
Бұлттарын бесін ауа қуып жеттім.
Бұл менің ауылым ғой,
Ауылымнан,
Мен неге соңғы кезде суып кеттім?!
Сағыныш сырқатына төзім күйреп,
Жетуші ем көңілімді көзім сүйреп.
Бойынан үлкен жолдың бұрылғанда
Бойымды кететін бір сезім билеп!
Қайда сол
Сұлу сезім,
Сән сағыныш?!
(Жаңа там, жиылмаған жан-жағы қыш.)
Ол неге қарсы алмайды жылдағыдай,
Ой, әлгі...
Қалай еді...
Ән салғыш құс?!
Пейілі осынау кең паң даладай,
Атамның...
Келем тұсын аңғара алмай.
Томпайып анау жерде әкем жатыр...
Қимайтын ештеңе де қалмағандай!
Азды күн сағынышты серік қылдым,
Кеткендей көңілімнен еріп бір мұң.
Жүдеген, жүзі сынық бұл ауылға
Мен неге тағы айналып келіп тұрмын?
Қой бағып, күндер өтті ән салған да,
Қол создым сол сәттерде қанша арманға.
...Мен неге келгенімді ұққандаймын,
Алдымнан аяулы Анам қарсы алғанда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу