Өлеңдер ✍️

  11.05.2021
  271


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қара теңіз

Асылған асау теңіз шыңға басы,
Жағаңа келді міне қыр баласы.
Басынды тасты сүзген бір көтеріп,
Қаракөк жанарыңмен бір қарашы!
Не деген байтақ едің, алып ең сен,
Далама қалай ұқсап қалып ең сен,
Шіркін-ай балалығым қайта оралып,
Үстіңнен тайға мініп шауып өтсем.
Дедім мен, кешір еркін қиялымды,
Кеудемнен сені көріп күй ағылды.
Кей кезде далама да симаушы едім,
Білмедім саған қалай сиярымды.
Кемсітті деме мені даласынан,
Еркесің ерте күннен бақ асырған.
Желді күн желкем қиған толқынындай
Оның да бораны бар аласұрған.
Ұқсайсың, ұқсаман деп алма сенім,
Тентегім, текке өкпелеп, қалма, серім.
Сол үшін жаныма сен кеттің ұнап,
Ұқсайсың, ұлылығың сонда сенің.
Ал, кәне, толқыныңда аунат мені,
Алыстан тартып едің арбап мені.
Балықтай ұзыныңда үйіріліп,
Көрейін көлденеңнен жалдап сені.
Шарлайын бер жағыңды, ар жағыңды,
Сергітіп, бір сілкілеп ал жанымды.
Үйренген жіті қарап қыр ұлымын,
Кезімнен жасырып көр маржаныңды.
Ол әзіл, шыны екен деп ұқпа, теңіз,
Балаңмын, маңдайымнан сипа, теңіз
Елімнің мақтанышы — сенсің, білем,
Ауаңнан айналайын шипа — теңіз!
* * *
Көргің келсе теңізді
Желді күні жарға шық.
Табиғаттың егізі
Жер менен су арбасы.
Күңіренеді төңірек.
Дүние шуға батқандай.
Мың арыстан күркіреп
Айға шауып жатқандай.
Олар содан мертігіп,
Ұлығандай қан қақсап.
Қария теңіз ентігіп,
Шегінеді зәр тастап.
Қайта келіп ұрғанда
Жердің жағы жаңғырған.
Жұрт суланар бұл маңда
Бұлтсыз жауған жаңбырдан.
Сөйтсе де осы жойқынның
Көрінісі тым қызық.
Ар жағынан толқынның
Келе жатар күн жүзіп.
Ол бір алтын кемедей
Келе жатқан бітімге.
Тынар асау телегей
Қақалғандай түтінге.
Бәрі жым-жырт әлгі өңір,
Күн шығады қақ жарып.
Басталады бал көңіл,
Дүние тыныш жап-жарық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу