Өлеңдер ✍️

  11.05.2021
  158


Автор: Ғафу Қайырбеков

Түнде, көлдің үстінде

(Өлең - сурет)

Түсіріп көктен сәулесін
Ай тұрды көлге үңіліп.
Желпіп айдың кеудесін
Самал өтті жүгіріп.
Құлады көлге бір қияқ
Жағадағы қамыстан...
Естілді күлкі сыңғырлап
Әлдеқайда алыстан.
Төңірек жым-жырт тағы да,
Болды әсем үн ғайып.
Көлдің күміс жолына
Шыға келді бір қайық.
Келеді қайық жағалап,
Осынау көлді баққандай.
Қанатын баяу сабалап
Құс ұшып келе жатқандай.
«Сонан соң?» — деді қыз даусы,
Үн тағы да тез сөнді.
Бос қалды ескек тұтқасы,
Қайық та баяу теңселді.
Еліктеген адамдай
Су үстінде, төменде:
Қос құшағын жаза алмай
Тұрысты екі көлеңке...
* * *
Тұңғыш рет аулақта
Жігіт сені күткенде,
Көп қарадың жан - жаққа,
Болмаса да түк пенде.
Еппен жіті қозғалып,
Ай астымен тарттың сен!
Махаббатты қызғанып
Алып бара жаттың сен!
Сол бір түнде жігітке
Жолаушыдай көріндің.
Келіп жеткен үмітке
Тың жолымен өмірдің.
Дедің: «Сезген тұңғыш кім,
Жақсы екен ғой, оңаша!»
Айтты жігіт: «Шығыстың
Түні неткен тамаша!»
* * *
Көтерілді үлкен күн
Көк аспаннан қоныс іздеп.
Асқар таудан гүл тердім
Жарыма сый болсын - деп.
Ақшыл, көкшіл, жасыл гүл —
Толды менің құшағым.
Жақсы сәтте осы бір
Табиғатқа ұқсадым.
Таптырмады қызыл гүл.
Аяқ жетер төменнен.
Әлдеқайда бір бұлбұл
Тамылжытты төбемнен.
Жоқ бір сүрлеу, жоқ соқпақ
Өзім жүрген асуда.
Көп алқынып, көп тоқтап
Жеттім таудың басына.
Неткен қызыл гүл алыс,
Әрең қолмен ұстадым.
Алақанда — қуаныш,
Алатауда — көк сағым.
Алысты алдым мен жиып.
Келді алдыма шартарап.
Сен екенсің ен, биік
Тұңғыш жақсы махаббат.
Жауынды күтер жапырақ,
Аспанның естіп күркірін.
Жаратпайды қыз бірақ
Жігіттің жасық күңкілін.
Аспандікі не күркір
Нөсермен жерді көмбесе!
Қамықпай, қайтсын қыз шіркін
Жігіттен жігер көрмесе!
* * *
Май айындай әсемсің,
Жақсы жеңгем, Балайым,
Жас махаббат есесін,
Қайталай берсін май айың!

1956 жыл
* * *
Қалма, қалқам, өкпелеп
Жоқ нәрсеге жабырқап.
Тоздырармыз көп көйлек, —
Тозбас бірақ махаббат!

1956 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу