Аңыздар ✍️

  11.05.2021
  325


Автор: Ғафу Қайырбеков

Махаббат туралы аңыз

(Күй)

Үстіңгі шекті басып дірілдетіп,
Бас бармақ үн шығарды күмбірлетіп.
Жөнелді тарап бойға күйдің басы
Бір жайдың алыс күнгі үнін шертіп...
Кіршіксіз ақ жүрегін тат баспаған
Алдымда отырды қарт, ақ шашты адам
Көрініп кәне күннің куәсіндей
Артына талай қилы жыл тастаған.

1
Жеті түн. Жұрт ұйқыда. Ауыл жым-жырт.
Төнеді аспан жерге, қоса мүлгіп.
Ауада жеңіл қанат жел еседі,
(Бас бармақ домбырада баяу жылжып.)
Күн ұзақ жортуылдан түк таба алмай,
Дария да жатыр сұлық ұйықтағандай,
Әр жерде ояу толқын дөңбекшиді
Түнде де тентек қалпын ұмытпағандай.
Шеткі үйден біреу шықты есік ашып,
Беттеді дарияға, белден асып...
(Сол кезде ұрлап басып бас пернені
Жөнелді сұқ саусақ та төмен қашып.)
Лүпілдеп жүрек шіркін, жан асыға
Көк талдың отырды кеп арасына.
О, ғажап, шырақ жағып, қолға ұстады...
(Шынашақ домбыраның сағасында)...
Түн түнек, білінбейді кім екені,
Қолында жаққан шырақ дір етеді.
Алыста манаураған төбеттердің
Ауылдан үріп қойды бір-екеуі.
Аймақтың естілгендей бар тынысы
Елеңдеп отыр мына жалқы кісі.
Сол кезде шалынды кеп құлаққа анық
Пысқырған арғы беттен ат дыбысы.
Сәл биік көтерілді жанған шырақ,
Кенеттен шолп етті су, шөп сылдырап.
Қақ тіліп омырауымен тұнық суды
Қасқиып жүзіп келеді қара арғымақ.
(Жөнелді бір тебіреніп толқынға ұқсап
Саусақтың тұтқынынан дыбыс босап.)
Жағаға шыққаннан соң біреу түсіп
Арқандап, арғымақты қойды тұсап.
Манағы шырақ сөнді, болды ғайып.
Кездесті жағада екеу құшақ жайып.
Айқасты білектері, төс түйісіп
Бірі қыз, бір жігіт болуы анық.
Сол түннің әлсіз бұзып тыныштығын
Шығарды ғашық жандар сүйіс үнін.
(Бұл жерде шал маңдайы қойды жіпсіп
Ол жайдың байқамаған кім ыстығын?)

2
Дарияның екі беті түркпен, қазақ
Ол кезде ел болатын достығы аз-ақ.
Таң атса бір-біріне сәлеміндей
Зуылдап жатушы еді тартқан садақ.
Босамай қолдан найза, аттан тақым,
Жазықсыз қанжығада қан тұратын.
Екі елдің өз заманда ерегісін
Жақсылап жазып өтті алдыңғы ақын1
...Тәнтән қыз ару еді — ауыл бағы,
Көркімен қабат ұнап жалын жаны.
Сан сабаз түсінде оны сүйіп, құшып
Өңінде құшағынан табылмады.
...Жарқ етіп жаңа нұрын жаққанында
Қалт етпей қыздың ізін бақты ауыл да.
Мұндай қыз дәурені ұзақ болмаушы еді
Кетер — деп — қай жігіттің ат жалында?
* * *
Дариға - ай, аз дәуренге қыздай жұмбақ
Жан барма сыр сақтағыш жұрттан ұрлап
Бағады – ау, із білдірмей, шу шығармай
Жатса да жан сезімі іште тулап.
Жағаға Тәнтән еді барып жүрген,
Бос тастап от төсекті жарым түннен.
Жүрген соң ылғи күтіп ай батуын
Бұл сырды дүниеде тек жұлдыз білген.
...Ұмытып дүние дауын, ел егесін,
Қоздырмай қан жортуыл делебесін
Асынбай алтын балдақ ақ қылышты
Серті деп сергу білмес ер егестің.
Жүйткімей алғы шепке атқан оқтай,
Тұлпардың тұяғынан шан боратпай,
Үн қоспай боз көдемен ат құйрығы,
Ұшынан қызыл қамшы көбік ақпай.
Жүріспен жанға тыныс жұмсақ аяң,
Дыбысын төңірекке етпей баян.
Ер еді түрікпен түздің қыранындай
Келеді секілденіп момын қоян.
Тесіліп меңіреу түнге жіті қарап,
Жан-жаққа құлақ тігіп, дыбыс санап,
Қашаннан иесіне сенімді дос
Бағыттан айну білмес қара арғымақ.
Жағаға жеткеннен соң, айыл тартып,
Мінгенде қайта ырғып, шылбыр қамтып.
Жануар дарияға түсе қалып
Тартушы еді, тұрған жерге шырақ шалқып.
Иесі деуші еді оны жаннан есті,
Өзі де жануардың жылқы емес-ті.
Жағадан қыздың жаққан отын танып
Желігіп жеті түнде дария кешті.
Осылай жүрді сұлу жарын қарсы ап,
Әр күні түн болуын тілеп, аңсап,
Батырдың жанын, тәнін мол қаусырған
Кең еді дариядан сол бір құшақ
3
Ырғиды домбырада кәрі саусақ,
Сабылған арғымақтың жүрісін сап.
Тәп-тәтті кейде қыздың шолпылындай
Сағадан үн келеді жылы-жұмсақ.
Қарт көз сап сабырменен отыр маған.
Үн келіп бір мезетте топырлаған,
Жөнелді барлық саусақ қос шекте ойнап
Жер ғой бұл ат шапқанда солқылдаған.
Бір жасап қайтқан сайын ер өмірі,
Желігіп, ұзай бере жел көңілі,
Сүйейтін ауыздыққа арғымақты
Жиырылып қалсын бір деп жер өңірі.
Жөнелді ауылына қыз да қайтып,
Кірді, әне есігінен... қалды жатып:
(Сабылды ерсіл - қарсыл сонда саусақ
Әлдебір өкініштің, үнін айтып).
Серік деп сенгенімен қара түнді,
Ол дағы алдайтұғын кезін білді,
Еңбектеп боз жусанның арасымен
Жүгіріп ең шеткі үйге біреу кірді.
Ойпырым-ай, ол қандай сұм түнді баққан,
Қыз жолын тосып, ұзақ андып жатқан!!
Білмеді байғұс сұлу, кетті ұйықтап
Бұл күні құрылғанын қанды қақпан.
4
Біліп ап өткен түнде қыздың сырын
Жағаға залым дұшпан жетті бұрын.
Бағы ма, я соры ма тосып тұрған
Жігіт те ерте келе қапты бүгін.
Отырды қанішер сұм шырақ жағып,
Ол отты қара арғымақ қалды танып.
Күшті екен күндегіден дария ағыны
Жануар бір пысқырды түсе қалып.
Шалқиып дария жатыр екі ортада.
Жөнелді жүзіп тура, ер қорқа ма!
Жаздырмай ат бауырын ағыс бөгеп
Кешігіп жайдағыдан келді ортаға.
Сол кезде домбырадан ширығып күй,
Дегендей тыңдаушыға осы үнді түй.
Айнымас қоңыр сазы, енді қазір
Азынап ашы бебеу қағады ылғи.
Не болды? Арғы бетке ат өтті ме?
Кез болып сүрінді әлде қапы екпінге?
Толқынның әлде айнығыш мінезі ұстап
Жігітті аттан жұлып әкетті ме?
О, құрсын, жаманат сөз серпіл кейін
Әлі де біраз жер бар шетке дейін.
Барады қара арғымақ жүзіп әлі
Тастар ма, ол иесін — сүйікті ерін?!
Отырған арғы бетте тұрды да адам,
Жағаға онан сайын келіп таман
Еңкейтті қолындағы от - шырағын
Бір сұмдық болмаса игі, сірә, жаман!
Не ғажап болар екен ал, мына сәт!
Шырақты бір тақтайға бекітіп ап
Аяусыз қара қолы қажырамай
Ағыстың қоя берді алдына сап.
Істелді ауыр қылмысын! Оны қайда
Байқайтын жанашыр дос осындайда?!
Жалт етіп қара арғымақ қуып берді,
Ендігі өкініштен бар не пайда?
Қаскүнем жар астына қалды бұғып.
Барады жануар ат әлі қуып.
Бұрылмас бауыздасаң басы қатты,
Талды ма шіркін жігіт мысы құрып?
Алысқа, тым алысқа кетті ұзап,
Жауға да қызмет еткен құрғыр шырақ.
Өрінде дарияның жалғыз сәуле
Армандай елестейді құр бұлдырап.
Амал не, тым тұтқиыл мына сорға,
Жағаға қыз асығып жетті сонда.
Бұлдырап бара жатыр жалғыз шырақ
Қара атты соңындағы көрді зорға.
Қатыгез зілдей тағдыр қара тастан,
Алдында жерге құлап барады аспан.
Төменде сылқ-сылқ күліп дария жатыр
Жап-жаңа қыз бақытын ала қашқан.
Жығылды, төседі қыз жерге басын,
Жібектей жел қозғайды сүмбіл шашын.
Ес-түссіз тұра салып жүгірді алға
Шақырып жар жағалап жалғыз досын.
Меңіреу күш қыздың қайтсын қызғанышын.
Бауырына бүктегендей бір табысын.
Аймаққа жаңғырып үн қатады,
Көк дария қайталаған қыз дауысын.
...Ыңырсып күй кетеді осы жерде,
Аяныш қыз жәйітін тосып елге.
Келеді көз алдыңа қыз бейнесі
Күй бейбақ үздік-үздік өксігенде.
Бір кезек құбылады күй сарыны
Естіліп дарияның шу - сарылы.
Алдыңнан қанат қағып өткендей-ақ
Баянсыз бір махаббат қысқа күні.
Тынбастан ақса дағы күн-түн шұбап,
Дариядай жоғалатын теңіз құлап.
Күй дағы бірте-бірте бітеді екен
Құлақта көпке дейін ызыңы қап...
Тартатын көп құмар күй «Тәнтән қызы»
Домбырада жосылып жатқан ізі.
Осылай күй ішінде көп жасапты
Тағы бір махаббаттың жақсы аңызы.

Қыркүйек, 1951




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу