Өлеңдер ✍️

  11.05.2021
  153


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ол да осындай түн еді

Ауада аз діріл бар
Жел елшісі секілді.
Ақ жібектей бұлт шетін
Анда-санда желпиді.
Ай жүзеді тым баяу
Бірақ, бұлтқа бөгелмей.
Осындайда кім ояу
Білейінші дегендей.
Көк теректің түбінде
Тұр жігіт қыз қасында
Тек жапырақ күбірге
Үн қосады асыға.
Қыз мойнына құлаған
Жігіттің он білегі.
Бәлкім, сөзі ұнаған,
Қыз сыңғырлап күледі.
Күледі де қыз жерден
Қалады бір сәт көз алмай,
Әлгі күміс күлкісі
Жерге түсіп қалғандай.
Я, — деген бір дыбыс
Жетті желмен маған да,
Жарты яки бүтін сөз
Жұмбақ өзге адамға.
Елең еттім бұл үнге,
Еске түсті жыл арғы.
Болғам терек түбінде
Мен де екеудің сыңары.
Бұл да таныс жай еді,
Екі жастың жүрегі...
О да осындай ай еді,
О да осындай түн еді...
* * *
Қызық - ау өткен сол бір шақ,
Қызына сүйген бата алмай,
Түсінде бәрін жайып сап,
Өңінде бір сөз айта алмай.
Сепкендей аппақ күмісті,
Ай төнеді төбеден.
Сезімде толқын тым күшті,
Тіл ұялшақ не деген?!
* * *
Есімде сол күн, сол қала...
Ішінде тұрдық гүл бақтың.
Сен үнсіз, тек мен ғана
Анда-санда тіл қаттым.
Тіл қаттым, бірақ, сенен мен
Көп айтқаныма өкіндім.
Тыңдағың келіп сен тұрдың,
Тыңдағым келіп мен тұрдым.
Домалап кенет мөп-мөлдір,
Ыршыды жастар көзіңнен.
Аңырып қалдым, бейне бір
Тапқандай кінә сезімнен.
Кейіннен жүрек шақ ұқты,
Оныңда көп сыр бар екен.
Жақындап келген бақытты
Жаныңның сезген шағы екен
Қыдырдық қол ұстасып,
Қаланың гүл бағында.
Мен сөйледім тағы да,
Сен тыңдадың тағы да.
Білмедік қай кез болғанын,
Уақытты байқар біз бар ма!
Келерде алда тұрған күн,
Қайтарда да тұрды алда...
* * *
Өзгеден ерек бір нұр бар,
Мен үшін сәулем, көзіңде.
Кеудемде жүрек бұлқынар,
Жалт ете қалған кезінде.
Алайда, оның мен үшін
Сиқыры жоқ, сыры ашық.
Мендегі сезім пернесін
Сол жанарың тұр басып.
Жаныңмен жаным жалғасты.
Көзіңде тұрған бұл нұрың
Махаббаттың алғашқы
Жарқылы деп ұғындым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу