Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  173


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ленинград жырларынан

СМОЛЬНЫЙ

Келдім мен тоғыз болмай, қызметкердей,
Мың келіп бұрын буған, мың кеткендей.
Ағылған адамдардың әр қайсысы,–
Бүгінгі атқаратын міндеттердей.
Дәл тоғыз. Қызметке кім кешіккен?
Тек қана аспандағы күн кешіккен.
Декабрь күнді басып жібермейді,
Түсем деп ұмтылса да түн-бесіктен.
СССР қызметте. Ленин бастық
Қабылдап жатыр жұртты. Есік ашық.
Ол есік — миллиондар өтер жолы
Алдағы болашаққа еркін басып.
Бәрі де бүгінгідей. Сеземін мен,
Ленин ақылдасып өз елімен,
Советтік өкіметтің міндеттерін
Жатқандай ойлап шешіп кезегімен.
Смольный! Тәтті ойларға шомылам мен,
Осынау таңғы көркем шұғылаңмен.
Өзің де сонау таңда жаңғырықтың
Адамзат асыл даусы - сол ұранмен.
Смольный! Неткен байтақ ел төсіндей,
Бар адам баурындағы еркесіндей,
Бүгінгі бар мекеме, барлық кеңсе,
Бар трест, бар управтың әкесіндей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу