Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  176


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жалын биі

Өзбек бишісі — Клара Юсуповаға

Алатауда киік болып зырладың,
Аттап-аттап ақ ала бас шындарын,
Есіккөлді көре салып қарғыдың,
Ойламастан аңдап тұрған кім барын.
Неткен өжет, асау едің, сәби ең,
Кезендім де, үркітуге қимадым.
Құралай көз суға түсті сәулесі,
Маған емес, көлге көңіл сыйладың.
Бірақ көлдің шағын екен аясы,
Әрі-бері зырқырадың, симадың.
Кеттің тартып, кең далаға арқаға,
Болып бейне би дария, күйлі ағын.
Теміртауда жалын болып бір шумақ,
Домна пештен шыға келдің сен тулап.
Шықтың-дағы жерде билеп жөнелдің,
Есін танып, қолын соқты ел шулап.
Би еді ол, жалын оттан жаралған,
Жатты балқып, жанып кетпей жер шыдап.
Жұрт ыстықтап, өзің-дағы ыстықтап,
Тағы қайта жалбарындың көл сұрап.
Сонда Арқа Бурабайын ұсынды,
Қарсы алдыңнан Көкшетауы тосып ап,
Аққу болып тағы билей жөнелдің,
Сені құшқан арманы не, со көлдің.
Жұмбақтаста жасырынып көзімнен,
Оқжетпесте үстінен өттің төбемнің,
Тағы қайта көлге қондық айналып,
Тағы да бір кезендім де бөгелдім.
Балқұрақты бал ерніңмен бір тістеп,
Би биледің, қызықтадың, кенелдің.
Қанат жазып мойыныңды мың толғап,
Дедің асқақ, дедің сұлу менен кім?
Шыдай алмай садақ тартып жібердім,
Сабырымды сарқып алған екенмін!
Сонда биік көтерілдің сен зырлап,
Күміс болып өне бойың сыңғырлап.
Тәңір-ай! - деп бармағымды бір тістеп,
Қала бердім, кете бердің бұлдырлап.
Сонда маған Көкше басын шайқады,
Қарағайлар өкінішпен сыбырлап.
Қиялымның тұлпарына мінсем де,
Жеткізбедің, алыстадың жыр-жырлап.
Ақ мақтаның даласына бардың да,
Ғайып болдың, жанды ұрлап, сырды ұрлап.
Мақта да аппақ, сен де аппақсың, таппадым,
Тым болмаса қоштаспадың қол бұлғап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу