Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  186


Автор: Ғафу Қайырбеков

Орман жырларынан

1. «АМАН...» «АМАН...»
Арқада бір орман бар,
Атын «Аман» дейтін ел.
Айналасы толған нәр,
Айналасы жеті көл.
Келсе алыстан жолаушы,
Деп тұрғандай: «Дем алшы!»
Қарағайы оққандай,
Түзулігін көрсе егер,
Әдейі арнап соққандай
Жер астында бір шебер.
Көрсе сені, жыр кеп тұр,
Шыдар ма ақын толғанбай,
Денсаулыққа бір кепіл
«Аман» атың болғандай!
Шіркін, Аман, жақсы Аман!
Тең келер жер жоқ саған!
Шіркін, Аман, дәрі ауаң,
Жұтқан жанның бәрі аман.

2. ОРМАН ТАҢЫ
Әне, таңның шапағы,
Төңіректе жоқ дыбыс.
Түннің, мақпал шапаны
Өңірінде көп күміс.
Бірте-бірте шешіліп,
Таң келеді — паң сұлу!
Кел орманға, келші, Күн,
Сіңліңнің шашын жу!
Әне, әсем нұр тарады
Жерді алтынға боятып,
Жел жүгіріп барады,
Жапырақты оятып.
Ұйқылы-ояу жапырақ
Түс жарысып бір-бірі,
Таңғы шықтан қалтырап,
Шығар бояу сыбдыры.
Көктің төсін аймалап,
Жаңа қайтқан бір шымшық,
Су бұтақтан тайғанап,
Жапыраққа түсті ыршып.
Қарағайға жас талдан,
Титтей көзі секірді.
Күн астыңда қос маржан
Жылт-жылт еткен секілді.
Кенет кешеу қалғандай
Дүрілдеді көк орман.
Таусылмаған ән бардай,
Кеше кеште доғарған...
Орманда өмір басталып,
Соқты самал, құс сайрап,
Бір жеткіншек ән салып,
Жылқы үйірін шықты айдап.

3. ОРМАН ПЕРЗЕНТІ
Ақсақалдың үйінде
Тұр көне бір домбыра.
Әлі күнге күйінде
Қалған ескі сол мұра.
Тартқан екен көп кісі,
Тартады екен жаңа ұрпақ.
Оны естімес жоқ күші,
Тыңдайды жұрт таңырқап.
Баласына қосылып,
Желкеде Аман орманы,
Жел тынса да басылып,
Шулайды екен ол-дағы.
Ойға қалып бұдан соң,
Елестеттім ер кейпін,
Әуелде бір туған соң,
Енді қайтып өлмейтін.

4. БАР МА ЕКЕН — ДЕП ОЙЛАНАМ
Қайнекейге
Дүбірде бар екі ши,
Маңайында жыра көп.
Біздің әулет — екі-үш үй
Жайлар еді жылда кеп.
Жалғыз қазық - мына жұрт
Мен дүниеге туған жер.
Жалғыз тұтам шуда жіп
Кіндігімді буған жер.
Туған жермен байлаған
Кетпестей ғып кіндіктен,
Бар ма екен, — деп ойланам
Мықты нәрсе сол жіптен!
Қыздар, қыздар, қызғанамын
Терме орманның шиесін.
Бұзба көңілін бозбаланың,
Қызыл шие иесін.
Ол да сендей орман қызы,
Ол да сендей тым тәтті-ақ.
Оның да әсем мөлдір көзі
Тұрады ылғи сыр сақтап.
Үзбе, қыздың базынасына
Тойды ақын, тойды өлең.
Үзер болсаң, жазасына
Төзер болсаң қой! — демен.

5. ТЕГЕНЕ
«Қымыз мол ғой, қарағым, ішіп ал,— деп,
Шөл басылып, бойың бір тыншығар»,— деп
Тегенені сипалап қояды ана,
«Жазғы орманның, жарықтық, исі бар»,— деп.
«Жер бағасы — осы да!» деймін іштен...
Жұпар орманды еске алып дәмін ішкен.
Сол бал қымыз, тегене, сонау ана
Әлі де естен кетпейді, әлі де естен....

6. «ОТТАН САҚТАН»
«Оттан сақтан! От алып кірме орманға!»
Көретінім сол жазу кіл барғанда.
Аза тартпақ секілді бүкіл орман
Бір жапырақ өртеніп, күл болғанда.
Заман қолын қамқорлық көрем одан,
«Қазынасы халықтың — деген — орман».
Қасиеттеп орманды жүрсе түгел,
От жібермеу, от алмау келер қолдан.
Орман, орман.... Дүние, сен де ормансың!
Дейтіндер бар: «От жібер, өрте, жансын!»
Жерде тұрып, білмеген жер қадірін,
Дейтін болар: «сүйегім көкте қажын!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу