Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  141


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жамбыл Жабаев

«Тоқсан тоғыз жыл жасап Жамбыл өткен», —
Әлем соған таң қалып әңгіме еткен.
Тоқсан жылдай аулына белгілі боп,
Тоғыз жылда дүниені дүбірлеткен.
Тоғыз жылдай тынбастан бақыт тасты,
Шашты Жамбыл маржанды, анық тасты,
Ағайынның бәрі де аң-таң қалып,
Көзін жұмып, аңқитып аузын ашты.
«Не құдірет Жамбылды бұлай еткен
Кеше жүрген көшеде көк есекпен?»
Деген сұрақ жаңбырша жауды келіп,
Араласып аңызбен, қауесетпен.
Оны әзірге тыңдамай Жамбыл бірақ,
Домбырасын қаттырақ алды бұрап,
Омырауын самалға төсеп тастап,
Ақты дейсің бейне бір мәңгі бұлақ.
Ақын кетті ал содан тоқтау білмей,
Тоздырған жыл топшысын топқа кірмей,
Көтерді оны заманның мықты қолы
Көтерді оны құдірет Октябрьдей.
Сол кеткеннен әлемді шықты айналып,
Оның жыры ауаны оқтай жарып,
Адамдардың сүңгіді кеудесіне
Сатырлатып алақан соқты-ай халық.
Сонда Жамбыл манағы сұраққа бір,
Келді оралып:
«Ал жұртым, біраз сабыр!
Сен сұрасаң айтайын — жай Жамбылды
Асыл Жамбыл жасаған Ұлы Октябрь!
Нанбайсың ба? Нанбасаң — айып көрмен,
Айдың аты Октябрь — халық білген,
Сол айды да көтеріп, Ленин өзі
Жаңа заман есімін алып берген.
Мен немене, бір Жамбыл оған, тегі!
«Аз шыдай тұр, мен саған соғам! — деді.
Мен соқпасам, бәрі бір біз жасаған
Соғар саған ғажайып қоғам!» — деді.
Келді айтқаны, ұзамай ұшырастым,
Шыңдарынан Алатау ұшып астым,
Шырқ үйіріп әкетті ақыныңды
Бақыт деген бір палуан күші басым!
Жауабым сол. Советтің халқына аға,
Рахмет Лениндік партияға,
Өле-өлгенше жырлаймын соның ісін.
Қайта қонып қасиетті қарт ұяма.
Өсиетім сол, сырым сол — білгейсіңдер,
Көкке жетер көтерсе жыр — дейсіндер,
Ақындарды қадірлеп ұстайтұғын
Заман заңын ұмытпай жүргейсіңдер!»
Ол жауапты естіген жамағат көп,
Не бір сөздің сарайын аралап кеп,
Мен ойланам осы күн — сонда берген
Сол Жамбылдың жауабы жауап-ақ! — деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу