Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  234


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ел алғысы

«Ыбырай исі қазақ ұстазы еді,
Білімнің төрт құбыласын ұстап еді,
Тәңірім талабына хоштық берсе,
Ғарышқа қанат байлап ұшпақ еді.»
Отыншы ақын
* * *
Яковлев оңаша отыр Ыбыраймен,
Үнемі ұшырасса бір ыңғаймен,
Еш сырын алдырмаған адуын қарт,
Қарауы тым өзгеше бүгін оймен?
Ол талай болды бірге мәжілісте,
Не бір зор жұмсады оны қосып іске,
Әйтсе де бұған деген, қайрауы нық
Жатқандай болушы еді азуы іште.
Дұшпан ба ең үрейлі, бұғып жатқан?
Дос па әлде ішіне нәр жиып жатқан?
Әшейін әкім бе екен заңға сеніп,
Көп жаннан көкірегі биік жатқан?
Етпейді, дұшпан болса, неге қырсық?
Дос болса, қалпы қайда көңілге ыстық?
Бос кеуде әкім болса, неге мұны
Өзіне тең ұстайды қолын қысып?
Білмеді ол осы адамның сырын оңай,
Қалса егер бір мінезі жанға ұнамай,
Байламы болар еді - онысы жоқ,
Кісіні көрмеп еді дәл мынадай!
Ал міне сөйлеп отыр сол кісі енді: −
Надандық - қол кісені, ой кісені!
Даланың түнегіне, тарих-ана
Қолыңа шам ұстатып қойды сені!
Жақ, - деді - бір шетінен тұрып алып,
Алысқа өткір сәуле нұры барып,
Жұмылған талай кірпік ажырасып,
Астынан кез жанары күлім қағып.
Дүниеге қарасын бір жас баладай,
Қызығын қолындағы тастай алмай,
Жұбансын, қуансын да, тағы іздесін,
Бар екен кереметі басқа қандай! –
Деп саған өмір берді, сен тез ұқтың!
Кірісті сенен өзге белсеніп кім?
Жарайсың, бастап кеткен жерің әсем,
Қызметің қадіріңді білсе жұртың.
Тым жақсы, білмеді деп қойма кінә!
Бала - мәз алақанын жайғанына,
Барыңды бер асыра, жақсылығын
Кейін күт, төз әзірге салмағына!
Қамықпа азабы көп ісіңе бұл,
Сен ерлік иесісің, түсіне біл!
Қолына тие бермес мынау үлес
Туса да данышпан боп кісі не бір!
Орыста қала салу үлкен ерлік,
Ол еңбек - бірлік ісі үйренерлік.
Қаланды мемлекет қабырғасы,
Үйретер біз өзгені күйге келдік.
Зор құрылыс сен бастадың білім, деген,
Бітпейді ол бұл салынған бір үйменен,
Салынбақ сан үй әлі мектеп атты,
Ішінде келешегі күлімдеген.
Айтпақсың сонда ғылым қаласы деп,
Жазылмақ сонда ғана дауасыз дерт,
Бірақ ол өте шалғай алыс арман,
Атқармас бұл мезгілдің шамасы кеп.
Үрейі көп болады тосын істің,
Меңіреу даласындай бұл шығыстың.
Ол рас, мойындаймын, мен де қалдым
Сол мылқау уысында қорқыныштың.
Қарадым ту сыртыңнан мұным әнтек,
Тобырдың етті сені мыңы тәлкек,
Көзіме елестеді түн ішінде
От іздеп әуре болған бір көбелек.
Содан соң ойға қалдым, келдім бері,
Тұл бойы ел арманы, елдің шері,
Қажымас қайратыңа қарап қалып,
От құмар Прометей ме дедім сені!
Бұл мақтау - лайықты мақтау саған,
Елің бар жарық көксеп, отты аңсаған,
Ең ұлы мақтау сөздің иесі сол,
Мен айтсам бұл білімді топтан саған.
Ықылас, көрсетілген баға деп біл,
Сырласар дос ретім жаңа кеп тұр,
Кеш кеп тұр, тағы айтамын, кеш мұнымды,
Ойымды, сөзімді де адал деп біл!
Көп ісің алда жатыр игілікті,
Көресің ой-пікірі қилы жұртты.
Бір пайдам, аз көмегім тисе сонда
Қуана сыйпармын-ау бурыл мұртты!»
Деп Қария күле түсіп, қалды тынып,
Алаңсыз мол жайылған жанын ұғып,
Талайғы жұмбақ кітап ашығандай,
Үстінен жылдар жапқан шаңын жуып.
Қарады ол мына қарттың кескініне;
− Мұншама адам сырын кеш білуге
Жетіпті-ау шеберлігім, кеш қария? –
Бар болса мезгіліңіз кешіруге!
Деді ол, бар жанымен бұл да күлді,
− Ел үшін, бейнет үшін туған ұлды
Әрқашан кешіремін, ал кәнекей
Келші өзің, күресейік, тұлғаң онды!
Мәз болып, құшақтады ол қатты қысып,
Не деген көкірегі қарттың ыстық!
Дос атты абзал сөздің анасындай –
Қос жүрек қос кеуде де жатты ұғысып,
Бұл төрт жыл мектеп өмір бастағалы,
Жайнатты жаңа білім жас сананы,
Дәл кәзір сексен шәкірт үн қосқанда,
Жатақты жаңғыртады асқақ әні.
Ол әнде жатыр еңбек қуанышы,
Шалқиды өнер-бұлақ, жыр ағысы.
Ол әнде жатыр мынау шат ұрпақтың
Ұстазға арнап айтпақ бір алғысы.
Бұл оқу - оларға ана тілін берді,
Сол тілде алғаш елге білім келді.
Егіздей мәңгілікке айрылмайтын
Және бір жанға жақын тіл үйренді.
Ол тілде жатыр өнер сарқылмайтын,
Санаңа құяр білім, ақылды айқын,
Кең пейіл, қайырымды, мінезді тіл,
Молдадай басынды көп қатырмайтын.
Дариға, өмір жетсе, ұзап жасы,
Адамның ала берер қазынасы
Көп екен білім деген дариядан,
Атаның неге жетпек аз мұрасы!
Әрекет, өмірдегі адамшылық,
Татулық, достық пейіл, адал қылық –
Бәрі де жазулы екен қасиеттің
Көпсінбей кісі басы алар біліп.
Ұқты олар, көп жылдарда ұқпағанын,
Ар көрді туа салып ұйықтағанын.
Сол сезім - мектеп берген қасиет еді
Бұл күнде игілігі жұртқа мәлім.
Шақырды, шақырды олар тең құрбысын
Аралап қоңырау үні елдің ішін.
Сан бала жалт қарады ойнап жүрген
Білімнің тыңдай қалып ер дыбысын.
Даланың тіршілігі - шат мектебін,
Осынау тұрды жарлап саңқ еткен үн.
Мешітте тыңдар бала, байқамастан
Молданың көк шыбығы сарт еткенін.
Тәртіпке салам деген сол көк шыбық,
Өзіне дін оқудың сор боп туып,
Мектепке бетін түзеп, әр баланы
Жатты енді күн-күн сайын қуып шығып
Ал мұнда білім менен таяқ араз,
Алдыңа жаяр кітап, жаяр қағаз,
Бетінде бар қызығың жатыр сайрап,
Боласың ұстазға ерке, құрбыша мәз.
Шәкірттің алды төрт жыл оқытады,
Көп қазына санасына тоқығаны.
Жер қандай, аспан қандай, алды біліп,
Тарихтан естіді сан оқиғаны.
«Жер-көкті көк өгізбен піл тіреген,
Періште соғысса, аспан күркіреген,
Адамзат, жан-жануар, өзен-дария
Алланың қолындағы мүлкі деген»
Молданың суайттығы қалды ашылып, −
Сөйледі ғылым өзі алға шығып.
Ойланды қариялар жақ таянып,
Ғажапты баласынан алғаш ұғып.
Бар ұғым кетті өзгеріп тіпті басқа,
Әлі де өзіне түк жұқтырмасқа,
Әр үйден молда кетпей қақсай берді:
«Кәпірдің - деп оқуы - шықты: басқа!»
− Қалайық жайыңмен өл, тартпа күнә!
Бұлардың құлақ аспа шатпағына!
Күнәлі қартайғанда болу жаман,
Үлгісіз із қалады арттағыға!
Баланды құлағынан берсең тізіп,
Кәпір ғып шыға келер өңшең бұзық.
Дозақтан о дүниеде басың кетпес,
Тірлікте жын шайтанды көрсең қызық! –
Деп бұрқап, ақ асасын көкке сермеп
Ғазірет тұр, - елге келді кеп кесел, - деп
Шық былай, пайғамбардың туы астына,
Тәңіріні дін мұсылман етпесе ермек!»
Қалың ел қобалжиды көк толқындай
Қос дауыл ортасында соққан тынбай.
Әлі де басым еді діннің өрті,
Қоя ма жақын тұрса от шарпымай?
Оңай ма жаңалықты ел түсінбек,
Өткенін жұлып тастау - ескісің! - деп,
Ал мұнда бала біткен қақты қатты
Бар дала қоңырау үнін естісін, - деп.
* * *
Басталды тұңғыш сынақ. Ел ертемен
Тұрыпты, қалмау үшін мерекеден,
Бәйгеге жүйрік қосып үйренген жұрт,
Құлағы айқай шықса елеңдеген.
Қалсын ба мына қызық бір думаннан,
Демекші кімді мықты, кімді балуан,
Білімнің майданына тікті көзін,
Шығатын күн екен, - деп - шын құмардан.
Көк орай шалғын мектеп кең ауласы,
Жапыра тиді жерге ел жамбасы.
Осында, далада етсін деген сынақ
Айтылған жұрт тілегі еді алғашқы.
Оқудың еш заңына жатпаса да,
Ыбырай таба алмады басқа шара,
Не болмақ көп көңілі бір шегінсе,
Секілді орта түсіп, қайтқан саба?
Ол үшін үлкен сәби осынау ел,
Қолына не тілесе ұсына бер,
Жүрсең де жайшылықта оқшау шығып,
Қайғы да, қуанышта тұсына кел!
Сынасын, сын иесі - сынасын жұрт, −
Танысын келешегін, мұрасын жұрт!
Білімнің осы егілген аз дәніне
Болсыншы тірлігінде куәсі - жұрт!
Бұл сынақ - сынақ мұның өз басына,
Қашанғы ішке жиған қазынасына,
Бұл сынақ - сынақ білім ататына,
Сына жұрт, көзіңді тек жазбай сына!
Осы ойы биледі оның жан-көңілін,
Бір шолып өткен-кеткен алды өмірін,
Азабын, михнатын, қуанышын,
Жеңісін мақсатының, бар жолының.
Әзір ол жауына да кет - демеске,
Үстінде мерекенің көктемеске.
Риза еді, мына тойға қатысуға
Ерлігі шіркіндердің, әттең, жетсе!
...Тізілді орындықтар қойған қатар,
Бір тосын ел көзіне жайды аңдатар.
Шынтақтап сан столды, жайып қағаз,
Аздан соң он төрт шәкірт ойға батар.
Сап-сары шеңге толы омырауы,
Ең терден Яковлев орын алды.
Жағалай отырысты офицерлер,
Жарқырап салтанатты формылары.
Қарайды тамашалап жұрт сұғына,
Ойнайды жез, күміспен нұр шұғыла,
Ашушаң қайқы қылыш бүгін бейбіт
Сүйкенген етіктердің тұмсығына.
Қағылды зор қоңырау үш қайтара,
Есіктен шықты міне он төрт бала,
Алдында келе жатыр ұстаз бастап,
Екі адым озып алға шыққан дара.
Келді де, тоқтай қалды кеп алдына,
Сілтідей тынып топқа тұрған мына,
Шәкірттер екі тілде сәлем берді,
Аула іші қала берді бір жаңғыра.
Содан соң орын алды қанаттасып,
Ыбырай бұл емтихан сабақты ашып,
Тәртібін қалың кепке түсіндірді.
Жүзімен жұртты шолып салмақты, ашық.
Бір сәтке қобалжиды жұрт арасы,
Толқиды балалардың ата-анасы,
Кейсісі күбір-күбір сиынады,
Алланың жар болғай деп бар панасы.
Кейсісі шөп тістейді төмен қарап,
Бетіне қаны теуіп, қызыл тарап.
Жүректің лүпілдеген есебі жоқ,
Қан ысып, өне бойды қызу жалап,
Ағайын, туған, туыс - бәрі келген,
Намысқа белін шешіп, жанын берген.
Дірілдеп құлағында сырғалары
Тілектес жеңгелер бар, қайным!» деген.
Ару бар, бойжеткен бар сылқылдаған,
Әлі ешкім білегіне ұмтылмаған.
Апа бар, қарындас бар, інілер бар
Үстінде асау тайдың бұлтыңдаған.
Бәрі де қадалады қара көзбен,
Дейтіндер «мынау өзім, анау өзгем»
Көңіл бар тез қуанып, тез суитын
«Ой-тәйрі не шытушы ед жаман езден!»
Деп салып, шолақ атқа қамшы басып,
Кетеді ондай бауыр бес қыр асып.
Тәуекел! Жөнелді әне ұстазы да,
Бұл қызық емтиханның бетін ашып.
Шақырды тұңғыш шәкірт - Қорғанбекті,
Сүйсінтті ол көз алдында толғап кепті.
Жауабы риза қылды ұстазды да, −
Атаның абройын қорғап өтті!
Жарайсың, айналайын, Қорғаным-ай! –
Деп бір топ қуанғаннан сел жарылмай,
Жатты кеп Бірімжанның қолын ұстап,
Мол дене отырды әке аударылмай.
Шықты кеп топ көзіне Әбілқасым. –
Тәңірім өзі алдыңнан жарылқасын!
Деп толқып, Қарт Қазекең бір қозғалды,
Көрінді күші мұның анық басым.
Еңбек не адам үшін өмірдегі?
Бұл күнде ақыл-ғылым нені игерді!?
Еңбектің, әрекеттің арқасы екен
Адамға адам аттың берілмегі.
Іс етіп, терін төгіп қиналмаған,
Бойына шындық сәуле жиналмаған,
Адамнан шықпақ есек, баянсыз сөз
Атайын арасында сумаңдаған.
Ол соны біліп айтты елге қарап,
Бұл оның өзі дәлдеп ұққан сабақ.
Біліммен ақыл сана қалай өсек,
Ол соған беріп өтті мықтап жауап.
«Дүниеде өмір сүрдім еңбегіммен,
Жолында соның адал терледім мен.
Ел үшін шындық үшін, бойымдағы
Тергенім тең болса екен бергеніммен!
Деген бір асыл пікірге адамзатты
Жеткізу - міндет жанға ұстаз атты!»
Деп шәкірт, Коменский сөзіменен
Бітірді өз жауабын айтып сәтті.
Ду етті қол Шапалақ төрелерден,
Орнынан Яковлев түрегелген
Шақырып жас шәкірттің қысты қолын,
Ыбырай көз алысып түгел елмен,
Жатыр ол жазып кәзір ойдағысын,
Келешек тұрған алда ойлап ісін.
Басталды сол жоспардан тұңғыш күні
Қазақта мектеп атты қозғалыстың...
* * *
Алаң бар Торғай қала ортасында,
Жиналған жалпақ дуан жұрты осында.
Аңыз бар сол алаңның тарихындай: −
Ертеде ел душар болып су тасқынға,
Кезі екен кеңірдектен келіп тұрған,
Қалайық хақ тәңіріге беріп құрбан,
Аспанға жерден атқан ақ бұлақтың
Мол көзін тұншықтырып көміп тынған.
Сол көздің орыны екен міне осы алаң,
Сорайып тұрған темір қуыс баған,
Кілті екен, дейді - әулие зор бұлақтың
Сан ғасыр тапжылтпаған, нық ұстаған.
Ол тарих айырылған қуасынан,
Жалғаны басым шығар расынан.
Бұл күнде ұйып тыңдап, мына жайды
Естиді ел өлең-жырдың мұрасынан.
Мың жасап сол бір аңыз келді неден?
Сел ме еді, көз жасы ма мөлдіреген?
Жанышып қатал күннің жауыз қолы
Көмілген жігері ме елдің өрен?
Айтпайды кәрі тарих зорласаң да,
Тек қана елдің басын бір қосқанда,
Баяғы әулие сел жайын айтып
Домбыра күй төгеді анда-санда...
...Сол алаң толған бүгін дүйім елге,
Ертегі симайтын сел дүниеге
Осы ма деп қалғандай, ұлы жиын
Мұншама халық ерте тұрды неге?
Полковник Яковлев солдаттары, −
Сымдай боп тартылыпты қол қатары.
Сары омырау салтанатты офицерлер
Саңқылдап жан-жағына үн қатады.
Ортада, ат үстінде тұр Қазыбек,
Сақалы омырауда - күміс күрек.
Қашанғы қасиетті жұрт бабасы,
Ел сүйгіш кеудесінде ұлы жүрек.
Жегілген күймелі арба, қос күрең ат,
Ұзақ жол, ұлы сапар, шексіз алап...
Тұрғандай денелері сезіп соны
Жан-жаққа жайтаңдайды жалт-жұлт қарап,
Сыпырып жалбағайын қолына ұстап,
Арыстай ақбоз атты тебініп қап,
Ұмтылып күміс сақал көпке қарай,
Сампылдап сөйлеп кетті Қазыбек қарт.
− Әлеумет, лұқсат ет өз атыңнан,
Бір ұлға ортамыздан оза туған,
Бәріңнің көңіліңді іздей сөйлеп,
Дәмем бар бір-екі ауыз сөз айтудан.
Ыбырай, - деді ол оған қарап алып, –
Мынау ел-дана халық. қара халық –
Бәрінің қаптай сөйлер мұрсаты жоқ,
Тұрса да көп айтары саған анық.
Көп үшін туған ұл - деп, ел айтқанша,
Қанша өнер, жігер-қайрат керек қанша,
Сынадың өз басыңнан кешіп көріп,
Елте деп бір міндетті ер атқарса,
Атқарсын өзіндей-ақ! - дегіздің сен,
Айтқыздың ел сағынған лебізді сен.
Адамдық, азаматтық - анамыз ед,
Ақ сүтін соның адал еміздің сен,
Бір адам мендей болар сүт сағынған,
Мойынға сексен деген жүк таңылған,
Еске алдым мен де анамның ақ емшегін.
Бойыма содан тірлік - құт дарыған.
Сыйым бар бүгін саған ала келген,
Алып кет соны мынау анаң - елден.
Берумен күнің өтті, сен де алатын
Жарқыным, кез болды ғой, қара бермен
Ол сыйым - алтын емес, берешегім,
Алтының бір басыңа жетер сенің!
Ел ұлы деген атты бердім саған,
Ем елдің өмір жетсе екі емшегін.
Ең басты сыйым менің ел атынан –
Ол алғыс, алғыс саған мол айтылған! –
Деген де ду етті жұрт: «– Алғыс, Алғыс
Тәңірім қайырмасын қанатыңнан!»
Толқыды айнымай жұрт Торғайынан,
Жағаға салған атой, салған ұран.
Шіркін-ай, жалғыз ауыз бітсе көпке,
Сүймекші осы жанның маңдайынан!
Қазекең аттан түсіп құшақтады,
Жүйесі кеткен екен жұмсап кәрі,
Жазғанда төсін ұзақ қысып тұрып,
Қап қойды сақалында моншақтары,
Шәкірттер кеше шыққан кіл ерімдей,
Дүрсілдеп келер күннің жүрегіндей,
Ұстаздың айналасын тұрды қоршап,
Даланың хошиісті гүлдеріндей.
Қазекең қолтығынан алып жерден,
Мінезді ақбоз атқа жалын деммен.
Осы атта, тұрып жұрттың иығында
Ол әне қоштаспақшы қалың елмен.
– Туған ел, көл-көсірдей көңіліңді
Таныдым, ардақтадың мен ұлыңды!
Қашанда талабыма қанат беріп,
Өсірдің рухымды, өмірімді!
Не дермін мейірімді сол жаныңның
Үнемі мені ораған мол жалынын!
Жетпейді болса дағы буынсыз тіл
Төгуге саған бәрін ойдағымның.
Алғыспен қосып айтар бір тілегім.
Жалғыз ем, көбейткен де жұртым едің.
Көп ұстаз келеді ертең, соны қарсы ал
Қазақтың ұшыратын мың түлегін.
Арнағам өз жолыңа тірлігімді,
Қолыма шырақ егіп бір білімді
Өтермін кең даланды кесіп талай,
Жамылып мынау аспан, нұрлы күнді!
Қоштасып тұрғаным жоқ мен еліммен,
Ортаңа әлі жиі келемін мен.
Құнарлы топырағыңнан айналайын.
Еңбегі жанар жанның еге білген!
Бұл сапар оңын берсе, дәмелі жол,
Десіп тұр қазынаның берері мол.
«Аш!» демек талай жерден мектеп маған,
Қазаққа ең алдымен керегі сол.
Біз үшін зор қуаныш осы болмақ,
Қалың ел шөліркеген жасына арнап,
Салынса сол білімнің сан ордасы,
Жеткізер қашқан арман жер шығандап!
Қазақтың қызы да оқыр ұлмен бірге,
Келген жан жарық үшін ол да өмірге.
Қашанғы аршылар-ау мұңды кеуде,
Қайтысын күнде төккен күлмен бірге!
Ұстаз да дайындайтын болмақ орын,
Жоспарын жібергенмін жолдап оның.
Білімдей биік тұрған мұнараға,
Қазақтың жеткізерміз сонда қолын.
Орыста өнер, білім, пайда мұра,
Емі сол - надандыққа зардап уға,
Кәпір деп бетті басып, көр соқыр боп,
Орын жоқ берекесіз шамдануға!
Жарқанат күнге қарап үйренбеген,
Біз елміз - адам атын иемдеген.
Ол қас-жау: мәңгілікке көзін, байлап
Өт деген, күн кезінен жирен! - деген.
Көнбейді ел, көнбейсіңдер оған ешкім,
Деген жұрт мен өзгеден қор емеспін,
Шетінен қол айырмас өлсе дағы,
Алдына келіп тұрған мол үлестің.
Көп жаса, туған елім, - уыз батам,
Жалғассын мына сирек жұлдызға таң!
Бір балаң білімді боп шыққан сайын,
Мен дағы өмірімде күнді ұзатам!
Көп болды көрмегелі ауылымды,
Туған үй, емшектесім, бауырымды.
Лұқсат ет құшағыңнан босануға,
Суытпай әкетермін жалыныңды!
Мен ерттім, серік еттім бір жасыңды,
Ортаңа мен келгелі сырлас ұлды.
Байлайын мықты қанат деген ойым,
Ұшуды, білер өзі шыңға асуды.
Ол мына Әбілқасым - той, думаның,
Тобында жүлде бермес бәйгі ұланың.
Естіртсін жалпақ елге өз дауысын,
Даланың сала бермей қайғылы әнін!
Қош тұр ел, қайта айналып көріскенше!
Ақ құшақ, адал ерін өбіскенше!
Қош Торғай. ерке Торғай бал татыған
Суыңнан қайта келіп мен ішкенше!
Қош, менің шәкірттерім, жанған жалын,
Мәңгі сый бұл кітабым арнағаным! –
Деді де ол өз еңбегін - тұңғыш кітап,
Теп-тегіс үлестірді қолдан бәрін!
– Қолда елім, бейнетіңнен мен танбайын,
Жібітсем арманым не ел таңдайын!
Ып-ыстық алақаннан көтеріліп,
Алысқа зымырады бір торғайың! –
Дегенде, ду етіп жұрт, қаптап халық,
Жөнелді тік көтеріп аттан алып.
Келеді ол ел үстінде тудай жайнап,
Жаңағы жалпақ алаң артта қалып.
Апармақ жер шетіне мына күйде,
Сүйді жұрт қотарыла үйме-жүйме,
Бір кезде кез сүрінген топ ішінен,
Сытылып шыға берді қоңыр күйме.
Қоңырау қала үстінде күмбір қақты,
Оралды әр ауызға жыр бір тәтті!
Сол жырды қоңыраумен егіз туған
Көтере, көкке өрлете жұрт шырқатты.
Бір жола қалың елге мол өшіге,
Түсті ме келер күнгі сор есіне,
Бұйырмай ел төбесі, қазірет қазір
Қақшиып тұрды өз үйі төбесінде...
...Ойымен жолаушының жол жарысқан,
Қос күрең жел көтеріп самғап ұшқан.
Тортайдың ақ үйлерін дөңес жұтып,
Көк шіркеу бұлдырады енді алыстан.
– Қыз қалды-ау Айғаншадай аққу сынды
Деп қалып, Мықтыбай да көп күрсінді.
– Қалмайды, қалдырмаймыз! - деді ол күліп
Әккі дос, осы сөзден ұқты сырды.
Әркімнің арманы бар көлбеңдеген,
«Болса екен бір ардақты жеңгем!» - деген
Мықтыбай көңілінде жүрген бір ой
Бұрқ етіп шықты көзір сол кернеген...
...Ұзады, ұзады жол белес қуып,
Жолаушы қиялы да емес жуық.
Қуды ол, қуа бермек сол білімді,
Қалғанша көз жұмылып, дене суып.
Көп күрес тоспақ оған өмір әлі,
Ол кәзір ой кешеді, соны ұғады.
Жаңғырсын, жаңғырса екен құдіретпен
Даладан өзі қаққан қоңырауы!..
Сол қоңырау үн қатып тұр әлі де оған,
Ішінде қара түнек, қарлы боран
Айқай сап, ел қазақты бір оятқан
Ұқты ол, өз дауысын таныды одан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу