Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  214


Автор: Баубек Бұлқышев

Кәдір түн

Бұдан алпыс жыл бұрын
Оразаның айы еді,
Қара түнек бұлт басқан
Қараңғы түннің жайы еді.
Торғын түнде жарқырап,
Сырылып ай қалқымай,
Жұлдыз да жусап тұр еді,
Жымыңдамай, шалқымай
Қаһарман халық сол түнде,
Кәдір түнін күзетті.
Ұйқтап бірі қалғымай,
Торғын түнге көз тікті.
Діннің айтар аңызы,
Көңілінде халықтың.
Халықтың асқан қиялы,
Бетінде анық тарихтың.
Кәдір түнін күзетіп,
Тілеген тілек қалын ел.
Түн нұрын күтіп тұр. Әне,
Қалшиып қарап буып бел.
Күзетті халық сол түнді,
Ұйқы көрмей бүтін түн.
Сол түн артық бәрінен,
Келмес тең оған алтын күн.
Дінше айтсаң бұл түнде
Аппақ боп түн жарқырап,
Шұғыла шашпақ нұр жауып
Жер жүзі аппақ сол болмақ.
Сол түнді көрмек ақпейіл
Тілеген адал шын адам.
Тілегін құдай береді,
Бас имек оған бар ғалам.
Алланың құлы болса адам
Нелер тілек тілемек.
Дүние өмір тек аз күн
Өлген соң бәрі тек кетпек.
Иманды адам дейді олар
Ұжмаққа барып кіреді.
Ішім, жем, киім — бәрі бар,
Хор қызын одан сүйеді.
Сондықтан да сол түнде
Құдайдан иман тілеген,
Рақат өмір сүрмекші,
Орын ап ол дүниеден.
Кәдір түнді күзетіп,
Тұрды сөйтіп көп адам.
Алла, алла деген үн,
Шықты байдан, молдадан.
Таспиғы сылдырлап,
Иман тілеп алладан.
Ақ сәлдесі басында
Көрінді аса қолынан.
Күзетте тұрған бар жанның
Ішінен шығып үш адам:
Бірі қалың халықтан,
Екісі бай молдадан.
Көп адамның алдында
Тұрды олар тұнжырап.
Кім бұрын көрмек бұл түнді
Түннен тілек сол алмақ.
Молда қарап тұрмады.
Күбірлеп ерні, жыбырлап.
- Иман, иман, — деді ол
Барша жұртқа сыбырлап.
- Жоқ, — деді сонда шыдамай,
Бір дауыспен бар халық,
Аузымыз берік ораза,
Жай жоқ бізде шыдарлық.
Ауыз берік сондықтан
Пәлен күн дәм татпадық.
Жалаңашпыз, ашпыз біз
Нан жоқ бізде татарлық.
Заманымыз ораза
Аштықтан ісіп тұрмыз біз.
Аңқау елге арамза
Иман тілеп тұрсыз сіз.
Бізге иман қажетсіз
Өмір керек рақат.
Иманың молда өзіңе
Өмірден керек бізге ұжмақ.
Ұжмақты қолдан құрамыз,
Қаһарман халық біз болып.
Өлгеннен соң өмір жоқ
Қаласың қурап, суалып!
- О бәтшағар, — деп сонда
Бай мен молда ұмтылды.
Сол қысылған кезеңде
Жарқырап кәдір түн туды.
Аппақ болып жер жүзі
Нұрға сонда бөленді.
- Кәдір түннен ұлы өмір,
Деп халық сонда тіленді.
Ақ көсік аппақ сол түнді
- Кәдірлі халық — түн, — деді.
Біз үшін туған бұл енді
Алтын нұрлы күн,— деді.
Дүниеге сонда келді адам
Бар әлемнің тірегі.
Дүниеге келді күтінген
Бар халықтың жүрегі.
Адам келді дүниеге
Ақ иықты қырандай.
Келіп кірді дүниеге
Көкте шыдап тұра алмай.
Адам келді дүниеге
Еңбекші елді күлдіре.
Адам келді дүниеге
Өмірге ұлы нұр бере.
Өмірдің биік еріне,
Шалқыған шалқар көліне,
Сарыарқаның жеріне
Келді жаңа ер, міне.
Еңіреген елге енді
Сондай бір арда ер келді.
Нұрын шашып артықша
Күн боп келді жердегі.
Жердің күні келді жаңа
Әлемге асқан әл беріп.
Жердің күні нұрландырды
Бар өмірге сән беріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу