Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  223


Автор: Баубек Бұлқышев

Қыран

Алтын топшы тау қыраны,
Шыңда қалқып, тауда ұшты,
Шықты шарлап, көкке самғап,
Көк тәңірі күнді құшты.
Күнді құшты, бұлтқа ұшты,
Бұлттан биік көкке ұшты,
Көктен биік көтерілді,
Көкте ізі жол боп түсті.
Алтын топшы тау қыраны,
Көкке орнаған шың боп тұрды.
Шоқтығынан күн көрініп,
Күн сәулесі төкті нұрды.
Шұғыла шашқан шапағына,
Бар әлемді шомылдырды.
Сол нұрлы күн аясында
Көк, қыранға тәжім қылды.
Көк тәңірі мұзбалақты
Көк те білді, күн де білді,
Ай да білді, түн де білді.
Барлық әлем басын иді.
Барлығы да оны сүйді.
Бұлдыраған бұлттан көрдік
Бізді сүйген тау қыранын.
Бізде сүйдік, бізбен бірге
Жақты әлем шам-шырағын.
Әне қарашы оныменен,
Бірге жүрек соғуларын.
Жаны, тәні бірге болып,
Сүйсінуін миллион жанның.
Күн сөнбейді шұғыла шашқан,
Қанат қаққан қыран да алда,
Болат мотор гүрілдейді,
Әнге басып күнде таңда.
Күн сенбейді қыран көкте,
Қыран болат самолет те,
Қиқу салып барады өңі
Мың миллион жас бөбек те.
Көкте түзу проспекті,
Валерийдей батыр салған.
Көтерілген жас бөбекке,
Тарихи жол мәңгі қалған.
Валерийдің ұрпақтары,
Жас түлектер, жас қырандар
Көкке беттеп, кетті ұшып.
Көкте қыран салғам жол бар.
Жас қырандар талпынды да,
Ұзақ сапар күнге ұшты.
Валерийдей тау қыраны,
Оларменен бірге ұшты.

Декабрь 1939 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу