Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  232


Автор: Баубек Бұлқышев

Жаңа дүние

Қарап тұрсам бір қызық
Өтіп жатқан дүние,
Шыр көбелек айналып
Кетіп жатқан дүние,
Ғаламат сонша өзгеше
Өтіп жатқан дүние.
Жаралған жанға еркінше,
Жетіп жатқан дүние.
Күннен күнге көк тіреп,
Бекітіп жатқан дүние.
Ойлап тұрсам қайрылып,
Сонша бір шексіз жалғанда,
Кең сарай керім дүниенің
Кім жеткен терең түбіне.
Дүние сыры — терең сыр,
Үдермей жай көшкенмен.
Кезге ілінбей таусылып,
Көтеріліп өскенмен.
Жарқырамай жасарып,
Лап етпей, сөніп өшкенмен.
Түсінбеске сыр бермес
Дүние - дүние дескенмен.
Екі жақты дүние
Өседі де толады.
Айқасқанда екі тап
Толып біткен күшпенен.
Күреске толған дүниенің
Соғысқан сеңдей селі бар.
Сарқылмастай сарғайып,
Тасыған толқын теңі бар.
Дауылдаған бұрқанып,
Тұрғалы дауыл желі бар.
А дегенде атойлап,
Шығатын ардагері бар.
Ер намысын жоқтаған
Қамқоршы халық елі бар.
Кезеңді көріп керме иық
Қанатын жайды қырандар.
Нұсқау берді сол кезде
Тау қыраны Ленин.
Қолға алып бұрады
Тегершігін дүниенің.
Дүние зырлап айналды,
Қуатты керіп бір керім.
Соқты революция дауылы
Орындауға дайын боп,
Жұртшылықтың тілегін.
Гүрілдеген дауылдан,
Бөлініп түсті дүние.
Дүрілдеген толқыннан
Өріліп түсті дүние.
Бұлттан шыққан айдай боп,
Жаңа дүние жасартты
Әлемнің бір бөлегін.
Дәл бір сол күн — Октябрь
Миллионның есінде.
Деп жатады қуанып:
«Октябрь күні есімде.
Дәл сол күні бесінде,
Дәл сол күннің түсінде,
Дәл сол күннің кешінде,
Қуанғанмын өлшеусіз
Өмірімнің ішінде.
Өмірдің шықтым шыңына
Көрмеген, сірә, түсімде...»
Ойлап тұрсам қайрылып,
Жиырмадан аса жыл бопты,
Ашылғалы сыр сандық.
Ақтарылып арнадан,
Артылғалы жыр сандық.
Майыстырып балқытып,
Күй төккелі күй сандық.
Қуанғалы бауырлар
Деп: «Бостандық, бостандық!»
Жердің көркі келер ме?!
Жайқалған көк құрақсыз
Көлдің көркі келер ме?!
Дүниенің тұтқасы,
Өмірдің берік ұстасы,
Кемеңгер Ильич болмаса,
Өмір көркі келер ме!
Қансырма жоқ қайрымсыз
Болмаса егер тіл онда,
Жалаң өлең жағымсыз
Болмаса ән, жырында.
Шортан суға шыдамсыз
Болмаса жүзер суында.
Тым көңілсіз — қараңғы
Болмаса алтын күн онда,
Жалғандағы бар жанға.
Қарап тұрсам дүние
Мызғымас алтын бір орда.
Сол дүниенің тұтқасы,
Өмірдің берік ұстасы,
Теңеуі жоқ жалғанда
Ерекше дана Ленин
Адамзатта бір арда!
Дүрілдеген дүниенің
Төңкерілген төрінде,
Өркендеп өскен өлкелі
Өмірдің биік өрінде.
Ән салайын шырқатып.
(Рұқсат ет, ей достар!)
Жасарған дүние күнінде.

1939 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу