👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  73


Автор: Баубек Бұлқышев

Сырымды ашсам деп ем дүниеге

(Баубек Бұлқышевтың 1941 жылдың 26 майындағы М. Иманжановқа жазған хатына қосып жіберген өлеңі)

МҰҚАНҒА!
Қайран, шіркін, жиырма бес
Жасқа толар болсайшы.
Қайран жанды қолменен
Жасап алар болсайшы.
(Тоқтағұл)
Что люди, что их жизнь и труд
Они пришли, они придут.
(Ю. Лермонтов)
О, Мұқан!
тыңда,
тыңда ащы үнді,
Ормандай боп шырқалған жазды күнгі.
Әлдекім құлақ салса жақын келіп,
Сөз жоқ қой деуіне оның адам үні,
Дегенмен, қабақ түйіп өтер еді-ау,
Тым ащы сүйкімсіз деп бұл ызыңы.
Жас адам әнге салып онан өзге,
Айқайлап өз-өзімен күні-түні,
Кеудесін тілім-тілім әнмен емдеп
Лапылдап оттай жанып жас жүрегі.
Сағыныш әнін салып көкте жатса ол
Тек тәтті ән дүниеде бүл сүйгені.
Сол кезде сен кез келсең осы әнге,
Таныр ең ащы үнімнен, жаным, мені.
- О, достым, мен сағындым, сағындым, — деп
Құшақтап алар едің әнші ерді.
Сол кезде мықты болса біздің жүрек.
Не керек шыдай алмас кездің кезі.
Сөйтсе де көтеріліп қалар ек - ау,
Қаусырып алғандай боп кең дүниені.
Өмірдің босағасын аттаған соң,
Адамға өмір, сірә, бересілі.
Па, шіркін, сондай кезең бола қалса,
Өмірден алдым дер ем үлесімді...
О, Мұқан! Өмір қызық ойлап тұрсаң,
Ал көңіл кейде, ашық, кейде тұман.
Сүйініп, сыйынады, толғанады,
Болған соң жүрегі бар барлық адам.
Қуатты дүниеде теңдесі жоқ,
Табиғат, саған ғана мен таң қалам.
Жастық шақ, тәтті өмір, махаббатты
Тек адам саған, — дедің,— саған, саған!
Сөйттің де, — қолыңды сөз, адам ұлы!
Егер де, жете алмасаң, — дедің,— арман.
Тамызған аузыңа әкеп балды жұтпас,
Өмірде болмақшы ма, сірә, бір жан.
Жұтпаса, күйіп-жанбақ Русланша
Жоғалтқан жас сұлуын құшағынан.
Ұмтылмас бұл өмірге кім табылар
Бір басты, екі аяқты тірі адамнан.
Бір күрес ойлап тұрсаң өле өлгенше,
Күрессіз жеңіс болмас бүл жалғаннан.
Алысқан күн мен түннің ақырындап,
Күн жеңіп, білінгендей боз ала таң.
Я түн торғын тормен күнді торлап,
Жеңіліп шаршап батқан күнге ұқсаған.
Күрескен күн менен түн дүниеде,
Мен жеңсем, менікі деп барлық ғалам.
Дәл осы күн мен түндей адам өмірі
Біз берік, күрес күшті дүние сараң.
О жастық, о махаббат, тәтті өмір!
О дүние, о табиғат, ғасыр ғалам!
Жалғанның жалпағында мен армансыз
Уақытсыз сендерден мен айрылмасам,
Мінекей, ойлап тұрсам, жиырма бес жыл
Сендерге құмарланып қолым созам.
Жетпедім, жетем әлі, үміттімін,
Өмірдің өтсем - дағы жартысынан.
Тырмысқан тіршіліктің арқасында
Ту ұстап, сапар шегу биік шыңнан.
Білемін бір сапар бар тірі жанға,
Бір өлмек ғасыр тұрмас, бір туған жан.
Сырымды ашып кету дүниеге
Мендегі шын, досым - ау, барлық арман...
Адамның бір жақыны — ол құрдасы,
Сырласы болса егер ақылдасы.
О құрдас! Жастық шақты байқаймысың,
Түс ауып бара жатыр көзің салшы!
Жиырма бес қоңырауын қағып өтті,
Дегендей дәл осы ара жер ортасы,
Жүректің туласы да тым басқаша.
Мазаны алад сонша бардай қасы.
Бетіне әжім кірген бір кәрі қыз,
Жалбырап таралмаған баста шашы.
Теңім деп сүйкенеді келіп маған,
Құрғырдан ұят қашқан өтіп жасы.
Бетімнен қаным шығып өліп барам
Ұялып, бұл пәле деп ненің басы.
Заңына табиғаттың мен қарсы емен,
Ол дұрыс есейіп, ер жету деген.
Жалғыз-ақ жаным құмар жас шағымда
Майданнан ірі-ірі өту деген.
Тамаша қандай, шіркін, жарасымды
Ұрысқа мылтық алып кету деген!
Ақынға тіл жеткісіз ұнасымды
Жүрсе ол қан майданды кешуменен!
Тап жырын, тап мүддесін биік ұстап,
Тап үшін қанын берсе жүрегінен.
Өз табын биік шынға көтерудің
Жолында, — десе тілдер,— ақын өлгені
Деген сөз ақын өлген, ақын өлген,
Орын алса, суылдап барлық тілден.
О, достар - ау, сұм өлім — бақыт емес,
Қимастық — ұнасымды дегенменен
Tipі болып, тек жүріп жүз жыл жаса,
Бір күн артық тап үшін еңбектенген!
Ер жүрек, тілі шырын, майдан ері,
Мен құмар — ұл болуға елі сүйген!
О, анам — ел, мен — ұлың деп еркелеп,
Рухыма әл алсам болады елден!
Майданда сөйтіп бір күн мен өлермін,
Қоштасып жер бетінен жөнелермін.
Бір өлген соң қайғы жоқ, уайым жоқ,
Қандай болар, о, сонда, жайың сенің?
Рөлін өзі атқарар нашар жүрек,
Тереңіне батарсың дүниенің.
Ұлытау құлағаннан кейін соқпас,
Тірегі туып-өскен біздің жердің.
Сөз де түспейд ауызға дей берерсің:
«О өлім, жауыз өлім, жауыз өлім».
Қиын зат жан шығуы жас адамнан,
Оқ тиген киіктей боп құлап жардан.
Өз басым, өзім кеудем өз-өзіме,
Ауыр боп өзімді-өзім көтере алман.
Соңғы рет кең дүние, шын достарым,
Біртіндеп өтіп жатыр көз алдымнан.
Оһ, сонда көрісе алмай кеттім - ау деп
Бір-ақ сөз тілден кетпес деген «Мұқан».
Қалыпша еш зат тұрмас, бәрі өзгерер,
Айналып алтын күнді тұрғанда жер.
Көзді ашып – жұмғаннан - ақ желге ұқсап,
Зымырап жылдар өтер, күндер өтер,
Шайылған ақ жібектей шыққан кірдей,
Жүректің сағат санап кірі кетер,
Бас қосып уәдемен бір күндері,
Қосылып сыр - сырларың кеп жігіттер.
Отырар жымиысып сендерменен.
Бірнеше керік қабақ, бота көздер,
Қыз, жігіт қосылған соң белгілі ғой,
Күлкілі неше түрлі кетер сездер.
Отырып ән салысып, музыка ойнап,
Бокалды көтеріп, бір ішерсіңдер.
Сауылдап бір-біріне құлап жатар
Босаған азабынан бутылкалар.
Портвейн, қызыл вино, шампанский,
Кәдімгі біз сүйетін керім кагор,
Жүректі қобалжытып, бой балқытар,
Болмаған жерден әкеп ой түсірер...
Сонда кеп майданда өлген сенің досың
Қайтадан тірідей боп еске түсер.
Сонда сен орныңнан түрегеліп,
О достар, — дерсің жайлап, — маған сөз бер.
Көңілді ылғи жастар сенін досың,
Көтеріп, — о Мұқан, айт, о Мұқан!— дер,
Сонда сен Пушкин құсап үлкендікпен,
- Мұнда кім жоқ, түгел ме, келетіндер?
- Жалғыз-ақ арамызда бір-ақ жан жоқ,
Қайда ақын, біздің бала, о жауынгер?
Жанымның орны бос тұр, ол енді жоқ,
Егіліп дерсің, — алған сұм қара жер!
Сонда бір жақын досын түрегеліп,
Жырынды «Адам» деген оқып берер.
Өз жырың өз-өзіңе тоқтам болып,
- Әншейін, — дерсің тұрып, — еске түсер,
Ақынға көтерейік майданда өлген!
Деген үн қайталанар: «көтер, көтер!...»

Серпухов қаласы, 1941 ж. 26 май.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы