09.05.2021
  458


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Мұрагер

Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап алып:


- Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы байлығына сай болса, сол мұрагерім болады. Әр қайсың маған байлыктарың мен ақылдылықтарынды көрсетулерің керек,— дейді.


Үлкен ұлы асыл тас салған жүзігінің көзін көрсетіп:


- Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды,—дейді.


Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де:


- Мені осы түрімде көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді,— дейді.


Үшінші ұлы күміспен және алтынмен апталған белдігін буынады да:


- Мұндай белдікті ешкім, ешқашан буынып көрген емес,—дейді.


Әкесі үлкен балаларына қарап, басын шайқайды да, ең кіші ұлына бұрылып:


- Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың?— дейді.


Сонда кенжесі:


- Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, алтын-күміспен апталған белдік те жоқ. Тек жұмысқа жарамды екі қолым бар, кайрат-жігерге толы жүрегім бар,— дейді.


Шалға кенже баласының тапқыр да ойлы сөзі ұнайды.


- Жұмыс істей білген адам жұтамайды, -деп, өзінің кенже ұлын үй шаруасын басқаруға мұрагерлікке атайды.


Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпай, талабын орындауды өсиет етеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу