Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  535


Автор: Әбділда Тәжібаев

Театрға

Театр!
Жарыққа қара, жарыққа!
Халыққа қара, халыққа!
Көрсететін өнерді,
Үйрететін шеберді
Сен ғана емес жалғанда.
Табылады үйретуші саған да.
Монологтар, диалогтар
Жазылу керек жаңаша,
Айтылу керек жаңаша!
Сол жаңаны саған ғана
Сыр қып айтар оңаша
Достарыңа құлақ, ас! –
Шық кәніки, кеңесшілер ортаға,
Ойыңды сал талқыға!
Комедия геройы
Театр!
Бір атым менің Күлкібай,
Бір атым менің Түлкібай.
Кейде Нұрлан боп та жүремін.
Тез өзгеріп құлпырса да реңім,
Өзгермейді жүрегім.
Қандай жерде күлкі бар,
Қандай жерде түлкі бар,
Соның бәрін танимын
Coның бәрін ойнауды да білемін.
Ендеше менен қашпаңдар,
Кейінге емес күлкіні
Ілгері қарай бастаңдар!
Кімге керек шегіншектеу,
Уақытқа сыртын ұсыну,
Кең дүниеден орын таппай,
Қызық таппай қысылу,
Арғы заман аңқауларын тірілтіп,
Алып шықсақ жетелеп,
Қалаларға кіргізсек біз жекелеп,
Көрер едік не қызық?
Әрине, олар үрке қашып құландай,
Шулығанды көшелерде тұра алмай
Сасар еді. Соны ғана көрер ек,
Көрер ек те, cay тартып күлер ек.
Жуан қоныш, байпақты етік,
Салпаң құлақ сеңсең тымақ,
Шидем күпі, кір-кір жейде,
Тозған шапан құрақ-құрақ
Тұрған жоқ па музейлерде ілулі?
Барсын соған қалаушылар күлуге!
Ал, сендер!
Театрдың директоры,
Режиссері, артистері бүгіннен
Комедия геройларын табыңдар.
Табу қиын деймісіз?
Ендеше мен өткізейін
Алдарыңнан шұбыртып,
Қылықтарын, құлықтарын таныңдар!
− Мына бірін көрдіңіз бе - домалақ.
Тынбайды бір, тынбайды бір домалап.
Өрге шығу қиын соқса
Арқаңа кеп мінеді.
Жеткен кезде биікке:
«Мен мінбесем арқаңа
Қалар едің жол таппай» деп күледі.
Ал ылдимен кетерде
Бұдан асқан жүйрік жоқ,
Бұдан асқан күшті жоқ
Домаланып жөнейді.
Оңай жолмен оңай келдім демейді.
Озған ол да қалған сенсің,
Сені қорға, өзін зорға теңейді.
Шынында ол: әншейін ғана домалақ,
Әншейін ғана келте құйрық, собалақ,
Шығару керек жұрт алдына осыны!
Қыры сынбас қалпағы мен шалбары,
Жаттанды сөз, жасанды мінез
Ғылымға ұқсас долбары;
Соларымен сыр алдырмас әр кезде,
Ұнау жолын ойлап тапқыш ілезде
Мынаны неге көрмейміз?
Мінеки тағы біреуі тұр: -
Сіз данасыз, сіз көсемсіз,
Сіз теңі жоқ қазақтағы шешексіз.
Осындай ұлы бейнемен
Замандастың маңдайына
Қалай сияр екенсіз?
Деп жымият алдыңызда ақырын,
Жымиғаны маскасының суреті
Ал өзінің суық, жүзі жасырын
Мұны қандай жан дейміз?
Мынасы ше?
Мінезі де тым әдепті сияқты,
Мадақтайды қанағатты, ұятты,
Ал өзі қолына тиген жуасты,
Ұрыларша, бандыларша тонайды.
Жолбарысша талайды.
Мұны неге кеңірдектен алмаймыз?
Дәл ортаға сүйреп әкеп салмаймыз?
Жуасымыз мынау тұрған адал ғой!
Сенгіштігі баладай,
Жуастығы түйедей;
Жамандықтан жаны қорқақ,
Жылтыр сөзге мүлде шорқақ.
Көрмегенін көрмедім деп,
Білмегенін білмедім деп
Ойланбай-ақ айтады,
Ішінде жоқ алабажақ сайтаны.
Қырсыздық пен айбынсыздық зор
Әр қу билеп әкетеді бұл сорлыны.
Мынаған да көңіл көзін салыңыз,
Жақынырақ, тереңірек таныңыз;
Оқымай-ақ кеп ұққан,
Қиналмай-ақ көп ұтқан
Ең ғажайып, сиқырлы жан - осы адам.
Дүние оған әкесінің үйіндей
Есігінен кіреді де иілмей,
Тесігінен шығады.
Сәулетті өмір ортасынан өткенін,
Бірін басып, бірін жаншып кеткенін
Күйедей қара ізінен ғана көресіз.
Неқұрлым ол көп бүлдірсе,
Көп сындырса, күйретсе
Солқұрлым ол - бақытты да, ардақты,
Арта бермек мәртебесі жан-жақты.
Сатираның семсері боп шабылар,
Улы тілмен, отты тілмен ағылар
Аз ба герой қауымда?
Мәселе тек соларды іздеп табуда.
Мінеки бірі солардың,
Қырағы көзді, көңілі жарық,
Жүрегі маздап тұрады жанып.
Мейірімі қандай? Бейне бір жаздай!
Достығы қандай? Дәл Алатаудай!
Сүйгені үшін бере алады жанын да,
Түсе алады лаулап тұрған жалынға.
Қорқу, қорғау қара басын,
Олжа көрер жейтін асын
Ол емес!
Ол кектенсе бұрқырайды борандай,
Бір кетсе ол кетеді, қайта оралмай.
Ол қарғаса тас та күл боп жанады
Сұм, сайқалға заман ақыр болады.
Ендеше неге бұларды біз көрмейміз?
Бұларға неге сахнадан орын бермейміз?
Драма геройы
Театр!
Бір жер тайпақ өмірде,
Бір жер тағы құлама.
Біреу өрге ерлесе,
Біреу оны кейін тартпай тұра ма!
Біреулер бар - береген,
Біреулер бар - әр нәрсені көреген;
Берегеннен сұра да,
Көрегеннен сұрама.
Ақымақтың ақылдысы күлкі ғой,
Ал ақылдының ақымақтығы драма.
Адам жаны айнымайды теңізден,
Әртүрлі күй бола бермек көңілде.
Кейде ызалы наразының көзімен
Жауыға бір қарайсың да өмірге,
Кейде бір алтын сазандай
Жүзесің кеп, жүзесің кеп өмірде.
Көңіл тойса, көз тойса
Сезім шіркін ләззатқа бір тоя ма!
Күйсіз пейіл өз кегімен қаранса
Айнала толы драмадан драма.
Көңіл, сезім кейде алдаушы адамды,
Сене берсек, ере берсек не болмақ?
Қалқи берсек толқындардың бетінде
Тереңдегі берендерді кім алмақ?!
Тез құралар жеңіл-желпі,
Тез шашырар олпы-солпы,
Қиын ғана қысылумен оңалмақ.
Неміз жаман, неміз тәуір,
Неміз жеңіл, неміз ауыр?
Оңай, қиын демелік
Шын сұраққа шындап жауап берелік.
Соқтырып дауыл, нажағай,
Түнертіп герой даласын,
Жақындатпай қоясың
Айрылғандар арасын.
Жылағанды жұбатудың орнына
Жаншып жанын бағасың;
Қар орнына қан жаудырар,
Сор жаудырар монологтар соғасың!
Театр!
Керексінсек тағдырын
Әке менен баланың
Қажет пе екен ол үшін
Ұшықтыру аузын жұлу жараның.
Қараңызшы мына тұрған жолдасқа
Тастай түйген күндей ашық қабағын.
Асау мінез билеп кетіп ақылын,
Сілтеп қапты қатері күшті жарағын.
Күнәсыздан сүйген жарын күйдірген
Көрдіңіз бе осыншама олағын!
Ұшқыр жүрек тез сенді де, тез сынды,
Өзі өшірді өзі жаққан шырағын.
Қайта жағып алғанша ол не заман,
Кім біледі арты немен тынарын...
Ал мынау ше?
Бұл да ғажап сүйкімді
Аяулының бірінен.
Қолы қатты темірдей,
У тамады сөйлеп кетсе тілінен,
Намысты, ойлы, тәкаппар,
Қимылы мен ерлігі де іріден,
Бірақ жұрттың алдында
Шығармауға жанның шерін інінен
Көріне береді жарқылдап
Күн отырса күнімен,
Түн отырса түнімен.
Қалғаннан соң оңаша
Қырқылып түскен емендей-ақ түбінен
Құлайды да күйеді
Көзінен жас иеді...
Есіл ердің еңсесін төмен түсірген,
Ер қасиетін кірлеген,
Сипағанды ұқпаған,
Сыйлағанды білмеген,
Ақ сенімді таптаған,
Сезімді итше сүйреген
Кімдер? - деп бір қарашы,
Қарашы да танышы!
Таңбасын басшы қарғыстың!
Өшін алшы хайуаннан
Жазықсыз күйген байғұстың.
Біреулер бар көбелектей күнәсіз
Нәзік жанын бал бұлақтап суарған
Айдын көктің аясында
Ақ қанатын жазып тастап сыланған.
Әр минутта айтар сансыз шүкірлік
Шыққан сайын құмардан.
Таң атуға бір әні бар арнаған.
Күн батуға бір әні бар шығарған...
Сол жандарға тұтқиылдан
Төне қалса зор ылаң –
Сасқанынан тығылады жалынға
Жан сақтауға бораннан...
Театр!
Арманнан биік нәрсе жоқ:
Аспайды адам арманнан.
Бір басқыштан бір басқышқа
Толық жетпей қалғаннан
Жөн сұрасаң ештеңеге қанбайсың,
Жәрдем болар жақсы кеңес алмайсың.
Адам өзін қанағаттан айырса
Ұстау қиын оны жалған бетінен.
Қайта оралып өз орнына барғанша
Драмаға шығара бер шетінен!
Трагедия геройы
Театр!
Жылатасың жұртты неге демеймін,
Көздің жасын шығынсынар мен емес.
Ойды ауыртар, жанға батар
Зіл қайғылар бұл өмірде кем емес.
Оқпен кесіп жаудың алдын,
Жолында ажал жалғыз қалған,
Құрбаны боп туған елдің
Өрт ішінде ән боп жанған.
Жанып болып бір-ақ тынған,
Құлап болып бір-ақ сынған Ерің ше?
Қаусағандай көгі құлап,
Күл болғандай бір арманы;
Тартып нала, жаны жылап,
Тоқтай жаздап қалған қаны.
Жас күйдіріп ақшыл жүзін
Салған таңба «жесірсің!» - деп,
Езген қайғы ет - бауырын
Әбден үміт кесілсін деп.
Күйген бірақ, өлмеген,
Күйремеген, сөнбеген
Аруың ше?
Жайшылықта жайбарақат, асықпас,
Мен болайын, мен алайын демейтін;
Адам көңілін абыржытпас, жасытпас,
Жабыққанды, қамыққанды жебейтін.
Жан жүрегі доқбырадай күйлеулі,
Кім қақса да, қашан қақса бабында.
Ашу - дығы ар-ұятпен кілттеулі,
Кегін кілең жеңдіретін сабырға.
Мәңгі айнымас қамқоршысы досының –
Білемісің, ұғамысың осы кім?
Білмесеңіз біліп енді алыңыз:
Бұл - коммунист, бәріміздің досымыз;
Ең ауырға аямастан салыңыз,
Ең қиынға атап тұрып қосыңыз.
Сездірмейді күрсінгенін күйсе де,
Көз жасын да күшпен ұстай алады.
Өмірді ол ғашық жардай сүйсе де
Керегінде өлімге де барады.
Ұлы Отанның тіреуі осы,
Екеуі болса біреуі - осы.
Театр
Көңіл қоймай бүгінгі жазға, көктемге
Жалтақ-жұлтақ қараймыз көбірек өткенге.
Үкілі бөрік шыға келсе былғақтап
Шал мен мырза әшекей қызды тұр мақтап.
Сылдыр-сылдыр, сыңғыр - сыңғыр ауылда
Табысар жастық ғашықтық отын жағуға.
Айтылар ән, сыңсыр қыздар,
Өксір жылап амалсыздар.
Қайғылы ғашық санадан солып өледі,
Қосыла зарлап ақын да мұңын төгеді:
Іздейді ақын, жоқтайды ақын сөнгенді,
Шерлі зарын шағады ол желге енді:
− Баяғыдай қыз қайда,
Жігіт қайда баяғы?
Біз едік - ау, ағайын,
Баяғының аяғы.
Домбыра тынды,
Ән қараң;
Қобыз сынды
Күй қараң...
Іздейді ақын, жоқтайды ақын шалғайды,
Алыстарға аңыра қарап зарлайды:
− Баяғыдай би қайда,
Батыр қайда баяғы?
Біз едік - ау, ағайын,
Баяғының аяғы.
Құлан қақсыз,
Аққу көлсіз,
Жел тұрақсыз,
Мен мекенсіз...
Артист заман уағызшысы
Айтады ол - ұлы ойларды.
Шыққанда ол жұрт алдына
Көргендей - ақ пайғамбарды
Тылсымдалып қаламыз біз –
Күтеміз де тың сырларды;
Демді де әрең аламыз біз,
Тыңдаймыз тек пайғамбарды.
Сол пайғамбар кейде алданып.
Ақындыққа сеніп қалып,
Ұстай алмай тежеп өзін –
Айтпасыншы сайтан сөзін!
Театр!
Жарыққа қара, жарыққа,
Халыққа қара, халыққа!
Көрсететін өнерді.
Үйрететін шеберді
Сен ғана емес жалғанда,
Табылады үйретуші саған да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу