Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  238


Автор: Әбділда Тәжібаев

Сарыарқа

Той толғауы

Әперші, балам, домбыра
Қаңсытпай күнге шанағын.
Құлағын бұрап жаңадан,
Жаңарта перне тағамын.
Елуден асын кетті жас,
Қашанғы науан боламын!
Ағарған шашқа ылайық
Аламын орнын ағаның.
Жамбылша жырды термелеп,
Жамбылша күйді қағамын.
Атқа мін, ақын, арала Алатау,
Арқа алабын. Ағылта жырла, төк дейді, -
Жыр құмар менің заманым.
Көруге өткен заманын
Кешегі ата-бабаның –
Қайғырған Асан ағамның
Көзімен мен де қарадым.
Қиялым кетті аралап
Жылдар мен жолдар торабын.
Алыстан сыңсып ән жетті
Айтатын зарын ананың.
Сыңсыған әннің соңынан
Еріксіз еріп барамын.
Күрсініп өттім қасынан
Атаусыз қалған моланың.
Қап-қара шашы жайылып,
Қара түн түйген қабағын.
Қойнында шулап қорқаулар,
Зәресін алған даланың.
Қыран құс жатыр қан жоса
Қанатын сынған жия алмай.
Күйімен мұңлы қарайды
Көгілдір көгін қия алмай.
Жаралы батыр күңіренер
Атына қайта міне алмай.
Жүйрігі жатыр жаутаңдап,
Көтеріп басын тұра алмай;
Қаралы сұлу күрсінер
Қайғыдан ойнап-күле алмай.
Ыңырсып жолда жел жатыр
Соғылған белі жыландай.
Сақалы қудай шал отыр
Не дерін жұртқа біле алмай.
Жылайды қобыз, сарнайды
Төгілген жасын тия алмай.
Көзімен қарап Асанның
Қазақтың сол бір даласын.
Домбыра шертіп отырсаң,
Күңірене бір ән қағасың.
Көңіл де қоңыр, күй қоңыр,
Күйіксіз айтпас наласын.
Сарыарқа белін сарғайған
Сағымнан әрең шоласың.
Сақалы қудай әлгі шал
Ағызған көзден сорасын
Қарсы айрылып көкірегі
Қайталай келіп тобасын –
Қобызға қосса дауысын,
Еріксіз тыңдай қаласың.
Ағытар сол қарт желіден
Дастанның неше саласын;
Қайғылы - мұңлы атадан
Қалаған жырыңды аласың.
Әріден айтар, көпті айта
Қобыздың қылы сарнаған:
Жортады түнде жолбарыс
Жорықтан бір де талмаған:
Жағалап қолды мыстан жүр,
Жарақсыз жанды жалмаған;
Сылдырлап билер жезтырнақ
Жас жігіт көрсе арбаған;
Адамша байғұс еңірейді
Жарығын күннің қарғаған:
Сәскеде сағым шығады
Жолаушы көзін алдаған;
Тізіліп дәулер өтеді
Құйыннан бейне аумаған;
Көлдердің суын қотара
Сімірсе шөлі қанбаған.
Бітірсе жырау ертегін,
Басталар басқа дастаны.
Айтылар, ұзақ Қозының
Баянын алып қашқаны;
Қаһарлы ханның қақпасын
Тарғынның бұзып ашқаны.
Дұспанның сағын сындырып,
Аяққа туын басқаны;
Күндерден күннің озғаны,
Жылдардан жылдың асқаны
Қаралы көшін қазақтың
Қайырымсыз жаудың тосқаны;
Қысылшаң киын кезеңде
Күйінген ердің сасқаны;
Жылай да жылай кеткені
Құлдыққа кілең жастары;
Зарлай да зарлай қалғаны
Қан жұтқан кілең ананың
Жайылып қара шаштары.
Сол жырлардың ішінде
Есімде қапты сақталып
Сарыарқа деген дастаны.
− Ерге бір заман, ертеде,
Сарыарқа сайран жерінде.
Айдәулет атты бір батыр
Болыпты қазақ елінде.
Майданды күнде достарын
Бастапты қанды шеруге;
Аямайды екен ел үшін
Басын да қиып өлуге.
Мінетін атты босатпай
Ұстапты дайын желіде;
Белінен семсер шешпепті
Дұспанның қанын төгуге.
Жәй күннің жүріп ығында,
Қатердің тұрды желінде.
Аталар алғыс беріпті
Көрме деп қайғы өмірде!
Әжелер алғыс беріпті
Мың жасқа жет деп кемінде.
Жұлдызы жанып көгінде,
Жастығы жанып жерінде,
Құрбы мен құрдас ішінде
Қымбатты жұрттың төрінде –
Қызықтап жүрген Айдәулет
Келіп те қапты елуге.
Өтіпті күндер жөңкіліп,
Шегініп жылдар кейінге;
Қап-қара шашқа ақ кіріп,
Қызылы қалмай ерінде,
Ақ жүзін уақыт әжімдеп,
Жұмсартып ашу, кегін де,
Ағалық жасқа кіргенде –
Босатып буған белін де,
Көлденең соққан бір сұмдық
Тигендей ауыр темірге,
Қайғының отын тұтатып
Жақты да кетті көңілге.
Қосылған жастан жұбайы
Атаққа шыққан Ақайым.
Ақайым аман тұрғанда
Айнымас сөзден ағайын:
Кешегі келіншек кексе боп,
Ағартқан о да самайын.
Атанып елдің анасы
Ұйытқан түгел маңайын,
Таласа келсе даушылар
Табатын тез-ақ орайын;
Күнәсіз, кірсіз кейуана
Дейтұғын жұртқа жағайын,
Қадірлі жанның өрт қайғы
Күйдіріп өтті сарайын,
− Аңыратып кетті сұм тағдыр
Сорымды кімге шағайын.
Жоғалған егіз қозымды
Халқым - ау, қайдан табайын!
− Егізім, Ерен, Беренім!
Екеуің егіз бәрі едің,
Екеуің екі ай едің
Екеуің екі күн едің.
Екеуің барда қасымда,
Сан жетпес қолдай көп едім.
Екеуің жоқта қасымда
Жалтақтай жалғыз келемін;
Айнала тұрып қараймын
Басынан биік төбенің.
Сендер жоқ, жарық дүние бар
Дегенге қалай сенемін!
Қара бұлт басты кеудемді,
Көзімнің жасын төгемін.
Деді де зарлап Ақайым
Алмады көзін даладан.
Аяулы не бар жалғанда
Күйікті сорлы анадан!
Жазылмас болды жүрегі
Жанына түскен жарадан.
Жамылып қара, қан жұтып,
Солып бір кетті санадан.
Көзінің өшті шырағы
Далаға тынбай қараған.
Азая берді өмірі
Тарылып тыныс сағадан
Қасында жары отырды
Күндерін қалған санаған,
Тоқталмас қорқып қай жүрек
Ажал кеп алса жағадан...
Ақыры бір күн тыншиды
Айрылып жолдас-жорадан.
Қара нар ғана көгерер
Кіренің жолда ауғанын,
Қас батыр ғана көтерер
Қайғының зілдей салмағын.
Қабаттай тиген қос соққы
Күңірентті батыр аруағын,
Қаралы күнді өткізіп.
Қабырға беріп жан жарын
Болған соң, батыр Ақдәулет
Шақырып қимас жандарын.
Көзінің жасын құрғатып,
Алды да шолып жан-жағын, -
− Достарым - деді тіл қатып,
Өмірдің алда қалғанын –
Тірідей кеткен ұлдарды
Іздеуге ғана арнадым.
Асынып қару аттанып,
Кеземін түздің жолдарын.
Келермін қайтып оралып
Орнынан шықса арманын.
Оралмай кетсем бұл жолдан
Болыңдар аман қалғаның.
Сауытын киді қайтадан,
Беліне семсер тағынды.
Басында темір дулыға,
Бөктеріп алды дабылды.
Садағын іліп қарына
Тартатын күпім сағынды,
Найзасын басып тақымға
Қамсыз - ақ, алды қаруды.
Бурылға мініп шүу, - деді
Қалдырып қымбат ауылды.
Ертпей де кетті серікке
Жан қияр дос пен бауырды.
Күйттеуі жетсе ақ сұңқар
Іздейді көктен дауылды.
Бабына келсе шын жүйрік
Тілейді топта шабуды,
Сондай-ақ батыр жөнелді
Көрсет деп тәңірі жауымды!
Қағады кейде дабылды,
Тартады кейде сырнайды,
Шақырып кейде сағымды,
Жапанда қолын бұлғайды.
Ерен мен Беренге ұсатып,
Егіздей тұрған шыңдарды –
Дауыстап қалса сорлы әке,
Жаңғырық қана шулайды.
Жылт еткен үміт жоғалып,
Лоблыққан жүрек тулайды.
Құйынды түзде үйіріп,
Жылатып жел мен қурайды.
Далада жүрген сияқты
Ажары суық - сұм қайғы.
Жанды да не бар далада,
Жорғалар жерде жылан бар.
Жеріген түзде қағынан
Құйрықсыз, жалсыз құлан бар.
Жолбарыс жортып жондарда,
Саңқылдар көкте қырандар;
Көгалда көкек шақырса,
Тоғайда түлкі бұлаңдар.
Тыраулап қырда тырналар.
Айдында аққу сылаңдар;
Жансыздан жүйрік тағы жел,
Оралған тауға тұман бар.
Бәріне түгел берілер
Батырдан бір-ақ сұрау бар: -
Ұлдарым қайда, тірі ме,
Сүйінші менен сұраңдар?
Өлі де болса айтыңдар,
Қосылып маған жыландар.
Жансыздың айтар тілі жоқ,
Жындылар жауап бермеді,
Жүгірген аң мен ұшқан құс
Шынымен бірі білмеді –
Дегенге батыр ішінен
Қиын-ақ еді сенбегі.
Алты ай жаз бойы арылып
Достардан безіп елдегі,
Кезгенде тау-тас, орманды
Кетер ме босқа енбегі.
Еңбегі босқа кеткенше
Емес пе жақсы өлгені!
Осындай ойлар торласа,
Ашу - кек бойын кернеді;
Суырып алып семсерін
Шыңдарға тіп-тік сермеді;
Қап-қара тасты ақ болат
Ағаш та құрлы көрмеді.
Күндерден күн артылып –
Айлардан ай озғанда;
Қыс орнына жаз жетіп,
Жер кеудесін жазғанда,
Жылыдан дүние көгеріп,
Қайғыдан көңіл азғанда,
Қос арысын іздеген
Үміті батыр тозғанда,
Жалығып жарық дүниеден
Түнекке қолын созғанда,
Қабырдан тауып бір орын
Өзіне мола қазғанда.
Бір дауыс сонда тіл қатты.'
− Басыңды көтер, батырым,
Қайғының жақпа отына
Адамның сабыр, ақылын.
Өлуге неге асықтың
Өмірдің күтпей ақырын.
Әлсіздік істеп жүрмісің
Қылығын жасап пақырдың.
Биіктен құлау жөн бе екен
Басқышын баспай сатының
Алыстан арман кім табар,
Іздесең сен де жақынын?
Сөзіме менің құлақ ас,
Қуатын жина батырдың;
Шығарма қолдан тізгінін
Тақымға басқан атыңның.
Асынып қару соңыма ер
Тағы бір сынға шақырдым.
− Доспысың, кімсің, қаспысың?
− Досыңмын, адам, досыңмын!
− Дос болсаң, айтшы шыныңды
Қайдан кеп маған қосылдың?
Әуезің, бар да, өзің жоқ,
Сене алмай, біраз шошындым.
Жақсылық күтпе жол баққан
Біреуі болсаң тосынның.
Қуантар болсаң тез қуант
Хабарын бер де қос ұлдың.
Созбақтап салма көп сөзге,
Қалап ал бірін шешімнің.
Алдамшы болсаң, ақ найзам
Айтқанын істеп кесімнің,
Қадалар күшті қолыммен
Қақ ортасынан төсіңнің!
− Бөгей тұр жолын ашудың,
Бола көр, батыр, сабырлы.
Кімдерден кегіңді алмақсың,
Кәріге жұмсап қаруды.
Жасаған мың жыл байғұзбын
Ажалға бермей жанымды.
Тозығы жеткен қанатым
Көтермес кәзір қағуды
Өткенім қалды тұманда,
Ертеңге жолым жабулы.
Көргенім менен білгенім
Көзімде ғана жазулы.
Іздеген сенің екі ұлың:
Өренің менен Беренін,
Екі ұлың аман жүргенде
Еңсесі биік ер едің,
Екі ұлың ғайып болды да,
Қайғыға, жаным, кенелдік.
Қалдырып қараң ордаңды,
Қаңғырып түзге жөнелдің.
Хабарын іздеп егіздің
Тау-тасын бастың көп елдің.
Естімей жалғыз жақсы сөз
Қара бір жерге теңелдің.
Есіңді жина, ей, батыр,
Егілме бекер, төгілме,
Көзіңнің жасын тый батыр,
Еңсеңді көтер, сөгілме!
Жанып тұр, екі жұлдызың
Жарқырап әлі көгіңде.
Ұлдарың сенің жүр ойнап
Таусылмас ханның төрінде.
Тұрады алтын сарайда,
Көңілді, сәнді өмірде.
Таусылмастың қос қызын
Табысар сенің күніңе
Әзірлеп отыр келінге.
Екі қыз - екі күн еді,
Жұптарын жазбай жүреді.
Шыққанда жердің бетіне
Алтынды күйме мінеді.
Сондай бір серуен тұсында
Ұлдарыңа кездесіп
Табысып, ойнап-күледі.
Жарасып жастар тілегі
Далада бір күн түнеді.
Қайта айрылар күш таппай
Екі қыз, екі жігіттің
Қосылып кетті жүрегі.
Дүниенің асыл байлығы
Таусылмас ханның елінде,
Жайқалып маржан өседі
Шөп емес оның жерінде.
Жүзеді алтын балықтар
Толқыған күміс көлінде;
Балқыған ғажап таулар бар,
Құздары толы темірге.
Қиял да жетпес, сан жетпес
Қат-қабат жатқан көмірге.
Ағады ыстық бұлақтар
Өмірді бермес өлімге.
Сол жерге ұшып жетуге
Талпынып жаным менің де,
Жүз жылдар бойы ұмтылып,
Көре алмай қойдым шегін де.
Көгілдір сонау жиекке
Көзіңді салып қарашы.
Көрініп тұр ғой қосылып
Аспан мен жердің арасы.
Көрінген сол бір көгілдір
Көкшенің биік саласы.
Сол саламен шектесер
Түбі жоқ көлдің жағасы,
Жағаны жауып жасырған
Жан кірмес қалың қоғасы.
Көкшеде биік бір шың бар
Аспанмен басы арбасқан,
Сол шыңда терең бір құз бар
Кірерін мұз бен қар басқан,
Сол құзға түсер бір із бар
Түсе алмас адам таймастан;
Қараңғы дүние қап-қара,
Төбеден зілдей тау басқан;
Айнала жұмбақ аран тас,
Айналып шықпас адасқан.
Аман-сау өтсең түнектен,
Жетесің бір тас сарайға;
Есігін ашып кіргенде,
Алдыңнан шығар шарайна.
Шарайнаға қарасаң,
Жетеді көзің талайға.
Айнадан айқын байқалар
Болмыстың бәрі маңайда.
Сол кезде бір қарт шығады
Сығалап саған қарауға.
Соғып қал сонда айнаны,
Сындырып үлгір қалай да,
Сындыра алмасаң айнаны,
Қаласын мәңгі қамауда.
Айбының батыр асқанда,
Шарайна күйреп қалғанда.
Дана шал құшақ ашқанда,
Атаңдай күтіп алғанда;
Иіліп қартқа сәлем бер,
Бейтаныс кім? - деп таңданба.
Шал саған бір су ішкізер,
Тоқтарсың, мейірің қанғанда;
Қанған соң мейірің, сол суға,
Ашылар жолың арманға,
Шал саған берер бір семсер,
Беліңе бекем байлауға;
Тиген соң қолға сол семсер,
Түктен де, батыр, қорғанба.
Дана шал саған оқытар
Өзінің көрген, білгенін,
Дүниеге қашан келгенін,
Қанша жыл өмір сүргенін,
Кімдерден сабақ алғанын,
Үңгірге қалай кіргенін.
Таусылмас ханның қақпасын
Дәулердің қорғап жүргенін,
Ақ алмас кілтін қақпаның
Қалайша, айда ілгенін.
Айлар да өтер, жыл өтер,
Жылжырсың сен де ілгері.
Кезекпен дәулер соғысып,
Майданның өтер күндері.
Ақырғы дәу де жеңілер
Сүйрерлік қалмай сүлдері,
Қолыңа тиер алмас кілт,
Шешілер түйін күрмеуі;
Жоғалар сонда алдыңнан
Ескірген жолдың сүрлеуі,
Ашылар сонда алдыңнан
Жаңа бір дәурен дүрмегі.
Ән болып әсем ағылар
Бұралған кілттің сыңғыры,
Қағылып күміс қоңыраудай
Алысқа кетер күмбірі.
Қияда көлге құйылар
Құлпырған сұлу сылдыры.
Көрінер сайрап тұрғандай
Әлемнің барлық бұлбұлы.
Төменгі қақпа ашылып,
Төбеңнен құяр күн нұры.
Кілтпенен қақпа ашылып,
Кетеді басқыш төменге;
Тастардың шамдай жарығы
Төгеді нұрын тереңге.
Алдыңнан шығар еркелеп
Өренің менен Берен де,
Келіңдер келін қарсы алар
Қолтықтап сені демеуге...
Жетті де байғұз дегенге,
Айта алмай қалды ар жағын
Килігіп кенет бөгеуге.
Батырды күткен байғұз құс
Білгенін айтып болыпты.
Ақырғы демін алыпты,
Алыпты да өліпті.
Мың жыл жанған шырағы
Бір күн жанбай сөніпті.
Ақылшыдан айрылып,
Ақдәулетің торықты.
Торыққанмен амал ме,
Қолынан құсты көміпті.
Досын көміп болған соң,
Есін жиып алған соң,
Бастауға жаңа жорықты
Атына қайта қоныпты.
Акдәулет дәуді жеңгелі,
Ақ алмас кілтті алғалы
Арада қанша жыл өтті,
Жарқырап шыққан жаңа үміт
Батырды құстай түлетті.
Қақпасын ашты жұмбақтың,
Ысырып тастап түнекті.
Құдасы шығып алдынан
Құрметпен тартты сыйлыққа
Ғажайып алтын күректі.
Ұлдарын көрді Ақдәулет,
Арылды жаны қайғыдан;
Келіндер бүгін ұнады
Егізден кеше айырған.
Ұсынған алтын күрегін
Мырза екен менің бай құдам;
Деді де іштей батырым
Ойлады жерін сағынған.
Жеткізсем деді еліне
Байлықты мына табылған.
− Сарыарқам, менің Сарыарқам
Сағымы бұлдыр ойнаған;
Жапанда жүйрік cap желі
Сау желгенде, сарнаған.
Аспаннан нөсер құйылса
Жерінде көгі қаулаған;
Аспаннан тамшы тамбаса,
Кең даласы қаңыраған,
Сол бір жатқан далаға
Жүрегім бар арнаған.
Сарыарқам менің, cap далам,
Сағымы көзді алдаған;
Жауынсыз жылы ел ауған,
Аң да аялдап қалмаған;
Бұлт та ұшпаған Бетпақтан
Құс та айналып қонбаған.
Сол далаға су керек
Демеп пе еді жел маған.
Сол далаға дән керек
Демеп пе еді ел маған?!
Сарыарқам менің, cap далам,
Жүрегім міні, ал, далам.
Күніміз құрсын бұрынғы
Көгінен тамшы тамбаған;
Күйіміз құрсын бұрынғы
Күйіне жылап сарнаған.
Өмірің құрсын бұрынғы
Уысың дәмге толмаған;
Тірлігің құрсын бұрынғы
Дүрілден отың жанбаған
Сарыарқам, менің, cap далам,
Сенімен бірге жүрегім.
Сен үшін сынса ырзамын
Болаттай берік білегім.
Қимылдат, қолым, қимылдат
Құданың берген күрегін;
Қозғайын көмір тауларын,
Шайқайын темір түбегін;
Ағытайын алтынның
Далама құяр шүмегін!
Осыны айтып Ақдәулет
Алтын күрек қолға алды,
Ақ білегін түрінді,
Ақ иықтай қомданды.
Екпінінен батырдың
Жер дірілдеп ыңыранды,
Күміс дария шайқалды,
Көмір таулар қозғалды.
Алтын күрек артында
Арса-арса боп жол қалды.
Қырық жыл тынбай қимылдап,
Қырық жыл соғып дауылдай;
Маңдайынан құйған тер –
Қара бұрқан жауындай,
Сарыарқаның байлығын
Үйуге Алатауымдай,
Ел ырысы Ақдәулет
Келеді әне ауылға.
Келеді ертіп байлықты
Қабылда, жұрт, қабылда!
− Келемін мен жетектеп
Теңіздерді тереңнен.
Даласына Бетпақтың
Теңіз жасап берем мен!
Келемін мен жетектеп
Темір дария тереңнен;
Сарыарқаға темірден
Тау орнатып берем мен
Келемін мен жетектеп
Алтын өзен тереңнен,
Сарыарқаны алтынға
Бөлеймін де берем мен!
Деп келеді Ақдәулет
Өрлеп қырға төменнен.
Біз де айтамыз сол сөзді
Әнге қосып өлеңмен!
Келеді әне Ақдәулет
Егіз ұлы жанында.
Екеуі де ұқсайды
Жанған екі жалынға,
Екеуі егіз қырандай
Самғар биік дауылда:
Екеуі егіз шынардай,
Шыңдай берік шағында...
Келеді ертіп ұлдарын
Қабылда, жұрт, қабылда!
Келеді әне Ақдәулет
Келіндері жанында.
Кереметтей бір тойды
Жасамақшы ауылда.
Болғалы тұр зор бәйге,
Әзір ме аттар шабуға?
Қызғалы тұр бір күрес,
Палуан тұрсын бабында.
Келеді әне Ақдәулет
Қабылда, жұрт, қабылда!
Той басталды, ағайын,
Біздің алтын Арқада.
Той басында ту бие
Сойылады ортаға.
Жігіт кірсін жиынға
Орансын да қамқаға,
Қыздар кірсін қызыққа
Бөленсін де торқаға!
Ақын кірсін қызыққа
Деп тұрмасын қолқала;
Ашып берсін беттерін
Келіндерің ортада!
− Әперші, достар, домбыра,
Жәкеңше мен де қағамын,
Мынадай дума» үстінде
«Әу!» демей қалай қаламын!
Бастап бер десең тойыңды,
Бастап та берер ағамын.
Алдыма сусын тартыңдар
Аузынан құйып сабаның;
Сусыным қанып алған соң
Жүгіртіп сөзді бағамын;
Келіңдер бетін ашамын,
Көрімдік сұрап аламын.
− Келіндерің келіп тұр,
Келіп елге еніп тұр.
Алатауын, Арқасын
Жаңа келіп көріп тұр.
Айдай көзі жарқырап
Алтын шашын төгіп тұр.
Нұрмен тектес ақ торғын
Тал бойларын көміп тұр;
Ата менен анаға
Иіліп сәлем беріп тұр.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз,
Мырза ма екен, жоқ па екен
Қазақ деген еліміз?
Мырзаларға лайық
Айтылады кебіміз.
Ұлы тойға шашу деп
Төрт түліктен бөліңіз:
Кең далаға сыймасын
Құлынға тартқан желіңіз,
Қой мен сиыр төлдерін
Көтере алмасын жеріміз.
Қырманнан қызыл тау жасап
Миллиард пұтты төгіңіз!
Көтерілсін қос орда
Күмбездері жарасқан;
Қырмызы ту басында
Көшкен бұлтпен таласқан.
Шатырлары шымқай қақ
Секілді бір көк аспан,
Достарына төрі кең,
Есіктерін мол ашқан;
Алыстан да, жақыннан
Келсін, кірсін деп ашқан.
Той басталды, ағайын,
Ақдәулеттің елінде!
Шақырамыз сол тойға
Бәріңді де келуге!
Ақ ордамыз тігулі
Ағайын жүріп енуге,
Құшағымыз ашулы
Құштар - ақ біз көруге,
Дәм - дастарқан жаюлы
Қонақасын беруге,
Ерінбесін алыстар
Ұзақ сапар шегуге.
Тойға келер топ жолы
Ағыл – тегіл көл-көсір
Айналсыншы шеруге.

1960




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу