Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  183


Автор: Әбділда Тәжібаев

Парижде

Париж. Вокзал. Экспресс тоқтады.
Күн орнында Юпитерлер оттары.
Түнгі ауадан тамылжыған
«Париж, Париж!» - дейді бір ән.
Ал, халайық, бізді күткен,
Жарқын тілек, жақсы үмітпен
Майыстыра перрон белін тұр қаптап,
Россияның ұл-қыздарын ардақтап.
Жаудыраған көздер қандай мейірлі,
Жасырмайды жарықшақсыз пейілді.
Қыстық, қыстық талай қолды ып-ыстық,
Айтар сырды алақанмен ұғыстық.
Саусақтарды бұтағындай еменнің –
Тоты сіңген темір менен шөгеннің,
Көбірек ұстап, қаттырақ қысып қаламыз
Көріскендей ініміз, яки ағамыз.
Кірдік міні Парижге енді,
Автовоздар тартып бізді жөнелді.
Алдымызда рекламалар –
Қызыл, жасыл бояулар
Жар салады жарығымен алапқа:
Қызықтырып шампандарға, шарапқа.
Манекендер, тіпті, әдепті иілген,
Ең акырғы модалармен киінген, -
Витриналар әйнегінен қарайды,
Ұсынады фасондарды қолайлы.
Бұл қаланың ең зәулімі, заңғары –
Эйфиль салған темір діңгек шамдары
Бір көрініп жалт-жұлт етіп,
Бірде бұлтқа сүңгіп кетіп,
Сақшысындай астананың тұр қарап,
Париж түнін, тымырсынған арқалап...
Ертеңіне Луврға кірер алдында,
Киоскадан үш-төрт газет алдым да
Аялдадым, көз жүгірттім шетінен
Дауылдайды жаңалықтар бетінен:
Княгиня алпыстағы уыз келіншек күйінде,
Құмар екен жас жігітке тиюге.
Лондондағы санданың бір бастығы
Есіне түсіп құдайды сүйген жас күні
Римға көшіп келіпті,
Сопылардың қатарына еніпті.
Зоопарктың тіл білетін маймылы
Палатада сөз сөйлепті қайғылы:
Таңдап тізіп бастыларын қатенің,
Әсіресе «коммунизм қатерін»
Көп талдапты, бізді де қоса айтыпты.
Содан кейін мекеніне қайтыпты.
Мына газет кезегімен ашылған,
Өзіміздің «Правдаша» басылған,
«Юманите» - көзге қандай сүйкімді!
Сөз қылмапты қоқырсықты, қиқымды.
Әрбір әрпі жарқыратып шындықты,
Әрбір сөзі жандырады сұмдықты.
Баяндаушы міндеттерін бүгіннің
Жұмысшының портретіне үңілдім.
«Француздар, алданбаңдар,
Пи Моллеге нанбаңдар!
Жалданбаңдар, қан төгуге бармаңдар,
Африкаға бармаңдар!..»
Деп жұмысшы бүкпей шынын,
Тұншықтыра Париж шуын,
Айқайлап тұр бар даусымен қарлықпай,
Соңғы айтылған ең құдіретті жарлықтан.

1957




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу