Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  168


Автор: Әбділда Тәжібаев

Жүгір

Жүгір - жүгір, көп ізде,
Жүгірмейді дегізбе.
Көзге түссең, жиында
Көтерілу қиын ба?
Үстінде бол ауырдың,
Астында бол жеңілдің.
Жүгіре бер, бауырым,
Алмай-ақ қой деміңді.
Жүгір - жүгір, көп ізде,
Жүгірмейді дегізбе.
Үлкен ұрса күле бер,
Кексіз жандай жүре бер.
Тауып жолдың төтесін
Жүгіре бер, жетесің.
Құламасаң жолында,
Бәрі өзіңнің, қолыңда.
Қиын жолдан өткен соң,
Қолың әбден жеткен соң,
Қару ет те шеніңді,
Қайтара бер кегіңді.
Қандай пайда үйренген
Көп жүгіріп жас жанға.
Қусаң жетіп қашқанға,
Құтыласың қашқанда.

1960
*∙*∙*
Жетті қолы бәріне,
Арманы не ендігі?
Жетпейтіндей әлі де
Бар ма екен бір кемдігі?
Жетпесі әлі бар екен:
Ол өзінің ерлігі.
Пейілі сонша тар екен,
Мол екен тек өрлігі.
Бірақ бұдан деу қиын
Беделі оның кемиді;
Мінездегі ұсақ мін
Кемітпейді генийді.

1960




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу