Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  160


Автор: Әбділда Тәжібаев

Осы кім

Әжептәуір емес пе,
Қараңдаршы түсіне?
Ып-ыңғайлы - ақ кеңеске.
Жанасқыш - ақ кісіге.
Беті жылтыр әдемі,
Көзі қандай мөлдірер.
Қыздан бетер әдебі,
Ағаласа елжірер.
Сөйлеп кетсе сөзуар,
Айтты, бітті. Сендірер.
Бір өзінен табылар
Жүздеп жақсы белгілер.
Құптап қойып сөзіңді
Жарыса бір жорғалар;
Мақтап кеткен кезінде,
Тілінен бал сорғалар.
− Миыңыз бар таусылмас,
Ойыңыз бар сарқылмас.
Талантыңыз теңіздей
Түпсіз терең тартылмас.
Сіз ғанасыз дүниеде
Адамзаттың алыбы;
Сіз тұрғанда күннің де
Керек емес жарығы.
Сәулеңізбен сүрінбей
Айдан кете береміз.
Тереңдерден мүдірмей,
Заулап та өте береміз.
Дей салады қымсынбай:
Өзің ұял - ұялсаң.
Я тыңдай бер қысылмай
Мақтауына сыя алсаң.

1960




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу