Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  198


Автор: Әбділда Тәжібаев

Іздемен жастығымды

Тоқтаусыз көп жүріппін, бір тынбаппын,
Еңселеп елуге де келіп қаппын.
Қалыпты кейінде ұзап сан жылдарым.
Қалыпты сол жылдарда балғын шағым.
Десетін «уақыт ұры» ескі кепті
Айтуға қартайған әркім епті.
Мен соны дей алмаймын әділ есеп,
Тағуға дәрменсізбін уақытқа өсек.
Өшірмей отымды алып бойымдағы,
Жоғалтпай жырымды алып ойымдағы –
Беріпті бәрін уақыт туған жерге,
Қалдырмай белгісіз бір белеңдерде.
Көргенде жас орманның жапырағын,
Жасырмай мақтанамын шаштың ағын,
Жүзімді баса берсін әжім енді,
Гүлдерде ажарымнан жатыр белгі.
Қанымның қызуымен тасқын селін
Бойына жинапты жас өзендерім.
Тартымпаз толқынды ойым жеңістерге
Ойнайды шалқып жаңа теңіздер де.
Ғажайып, жер жасарды, мен қартайдым,
Жанымнан сезілмейді қарттық қайғым.
Іздемен жастығымды енді алыстан,
Табамын тұлғасынан Қазақстан.

1957




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу