Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  124


Автор: Әбділда Тәжібаев

Лениннен Дәужанға хат

Тез шақырып алдырған
Кеше ғана қалаға –
Дәужан шапшаң оралды
Өзі туған далаға.
Келеді әне, келеді
Дәужан қайтып ауылға,
Күткен достар көп еді,
Кешкі ауылдың маңында.
Келеді әне, келеді
Жалғыз өркеш нардай боп.
Көңілдене күледі,
Қайтқан өзі қандай боп!
Бейнесінде баяғы
Белгісі жоқ мешелдің,
Басады алшақ аяғын
Батырыңдай осы елдің.
Бейнесінде баяғы
Белгісі жоқ мешелдің,
Басады еркін аяғын
Патшасындай осы елдің.
Топ алдында тұрды ол
Түрген жыртық балағын,
Еркін қарап күлді ол
Жалап қойып жалағын.
− Алдым жауап хатыма
Алыстағы Лениннен, -
Жазып менің атыма –
Тапсырылсын делінген.
Оқып берді қалада
Келген хатты Лениннен.
Қағаздың бас жағында
«Жолдас Дәужан» делінген.
Ақыл бопты сасқанда
Кеңескенім Ленинмен.
− Енді байдан жасқанба,
Ерік өзіңде! - делінген.
− Сепкеніңді орасың
Өзің туған жеріңнен,
Бөлесің де аласың
Өзін баққан төліңнен!
− Енді сені қорламас
Малым бар деп көрінген.
Еркін өмір сүр, жолдас,
Мызғымайтын сеніммен.
Айтып болдым бәріңе
Алған хатты Лениннен.
Жасың менен кәріңе
Достық, сәлем! - делінген.
Топ алдында тұрды ол
Түрген жыртық балағын,
Еркін қарап күлді ол
Жалап қойып жалағын.

1960




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу