Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  162


Автор: Әбділда Тәжібаев

Әке жыры

I
Көз тоқтатып бірінші рет
Қарады да ұлым маған,
Әнтек қана күлімсіреп,
Созып қалды қолын маған.
Бұл не деген ғажайып күн,
Ең бақытты өзім ғана.
Танып мені күледі ұлым,
Көзін қара, көзін қара!
Көтерелік, құйшы шарап,
Кенжешімнің күлгені үшін,
Тұңғыш рет тура қарап
Өз әкесін білгені үшін.
ІІ
− Әлди, кенжем, әлди, бөпем, кесірім....-
Деп тербетсем нәрестемнің бесігін.
− Шынымен – ақ қоямыз ба тоқтатып
Біздің үйдің адамының өсімін? -
Деп бәйбішем қажап мені қалады,
Ойнаса да ойын айтып алады.
− Кешір, сәулем, өсірейік мынаны,
Тербетеміз кейін кенже баланы.
ІІІ
Бір есінеп, бір керіліп,
Емізігін жатыр еміп;
Әлсін-әлсін жұмып көзін,
Бара жатыр ұйқы жеңіп.
Ұйқтап ұлым оянғанша
Әзірлеп ем сүттен қаша,
Қайнат деп ед өзін қанша,
Сал деп еді тұзын қанша?..
IV
Күз басталды, сарғайды,
Қырда қыран самғайды.
Жел жүгірткен жапырақтан
Ұлым көзін алмайды.
Талпынады, талмайды,
Танымасқа бармайды.
Мойнын созып қарайды
Көретіндей шалғайды.
Жел жүгіріп заулайды,
Сарғылт жапырақ аунайды.
Айыра алмайды қарайды
Жапырақтан торғайды.
Күз басталды, сарғайды.
Қырда қыран самғайды.
Ертең өзі-ақ ұстайды
Қуып жүріп торғайды.

1960
* *∙*
Жатырмын батып ойларға
Қанатын түннің жамылған:
Күркірер өзен баурайда
Алыстай қашқан ауылдан.
Беткейде қалын, ақ қайың
Тымықта мүлгіп тұнады.
Ағып бір түскен шоқтайын
Әнеки жайтас құлады.
Судырап әрең сезілер
Жылжыған түннің жүрісі.
Сезімін жанның сергітер
Отанның бейбіт тынысы.
Ұйқы емес қиял құмары,
О да бір жұлдыз көктегі.
Жарқырап биік шығады
Гүлденсе көңіл көктемі.

1960
*∙*∙*
Қалаушы едік уақыттың тез өткенін
Күтпеуші едік жұмыстың кезектерін.
Күлуші едік мазақтап егделердің
Өткендерін қызықтап сөз еткенін.
Енді міні егделік бізге ауысты:
Сақал, мұртқа әуелі қылау түсті.
Жаздың жылы шырайы кейін қалып,
Күн қысқарды, түн ұзап, қырау түсті.
Өткен өтсін, оралып келмей-ақ қой,
Оны маған тіпті обал көрмей-ақ қой.
Тимеңдерші тек қана бүгініме,
Жастығымды қайтарып бермей-ақ қой.

1959




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу