Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  167


Автор: Әбділда Тәжібаев

Көзілдірік туралы

Өміріме қырық деген кезең кіріп,
Өтіп еді шашыма ақ тез ендіріп.
Кеткен соның артынша ажуалап
Бетімді де әжіммен безендіріп.
Мазағы ма, шіркіннің азабы ма,
Мұрныма әкеп тағы ілді көзілдірік.
Ойны ма, шыны ма бұл шіркіннің
Беретұғын түрі жоқ маған тыным.
Көзілдірік:- көреген етемін деп
Сыбырлайды, секілді ең жақыным, -
Қырыққа дейін қылжақтың біреуі едің,
Кірмес екен қалайша енді ақылың?
Шар айнаға үңілсем шал болдым деп,
Суретіме сүйкімсіз шал болғым кеп.
Қысық көзім дөңгелеп шоқ шашып тұр,
Қырықтан аса көреген жан болдың деп.
Жылы жүзім тартыпты аздап сұрғылт,
Ажарымнан сеземін бір салқын леп,
О, ғажайып, ашылды көз жанарым,
Анық көрем бояуын айналаның.
Көз көргенді көңіл де тез түйеді,
Аңғарғышпын адамның ойлағанын.
Жалған жанын жайдары көрсеткіштер
Қояр енді менімен ойнағанын.
Ойнамаңдар, ағайын, ойнамаңдар,
Ойнасаңдар айтылар ойда барлар.
Кешірімсіз кегімнен тартар жаза
Мені ойыншық көруін қоймағандар.
Албырттығым алаңсыз артта қалды,
Әлі де аңғал екен деп ойламаңдар.
Қош, аңғалдық, қош сен де, албырттығым,
Қанын бұзған албырттық сан мықтылық,
Отты сезім, ойға бай көз тапқанда,
Қайта бастап жырыңды жаңғырт бүгін
Серіліктен ауыстым кәрілікке,
Жас жырымның ширатар салғырттығын.

1955




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу