Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  161


Автор: Әбділда Тәжібаев

Төрт жолдар

Тот басады темірді,
Сел шаяды жеңілді.
Тот баспайды ерлікті,
Сел шаймайды сенімді.
*∙*∙*
Жауың болса жолбарыс,
Арыстандай бір алыс.
Күшік үрсе қарама,
Оны жанға санама.
* * *
− Көп құтырма, биіктесең, жел қатты,
− Желде ойнауға тудым арнап қанатты
Күңгірт шамнан көрінбесе төңірек,
Жақ жарығын жүрегіңнің тезірек.
* * *
Астымда өзім туған жер,
Үстімде туған аспаным.
Оқыдым сүйіп ерлердің
Соқамен жазған дастанын.
* * *
О, дариға, қайта оралса жас шағым!
Тастап бәрін жақсы жырдан басқаның,
Бастар едім бір махаббат дастанын,
Айтар едім, айтар едім, достарым!
* * *
Мақтанамын - күнә жолын баспадым,
Тірлік үшін қасіреттен де қашпадым.
Көзіме сендім, қолыма сендім, ағайын,
Құмартпадым қызығына басқаның.
* * *
Бейбіт отан гүлдері
Жатыр жауып жерімді.
Сүйген гүл мен өмірді
Сақшыларым сенімді.
* * *
Өтінемін, жан досым, жұбатпа сен,
Шықсын әбден қасіретім көз жасыммен,
Бүгін қанша күйзеліп, күңіренсем де,
Ертең ерлік етуді білемін мен.
* * *
Асығу керек, асығу керек достарым!
Жұмыстар қанша, жұмыстар қанша бітпеген
Орындау керек тірліктің барлық жоспарын,
Адам ба тәйірі, алдынан үміт күтпеген!
* * *
Боран кеп соқса бұрқаған
Шегінбе, досым, бір қадам,
Шегінсе боран шегінсін
Әніңнен сенің шырқаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу