Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  268


Автор: Әбділда Тәжібаев

Түнде

Қызарып беті жалындай,
Қуанып табы арылмай,
Ойыннан қанып құмары
Ұйқыға кірді ұланым.
Қабағын түйді қараңғы,
Көтерді түннен жалауды,
Күйімен тербеп шың-құзын
Қыс ата тартты қобызын.
Қосылып күйге түндегі
Ағаштар басы гуледі.
Ақ боран билеп жөнелді,
Әндетіп ұзақ өлеңді.
Алды да бір кез күй тыныс,
Болды да қалды тым-тырыс.
Әдетінше таң ата
Әзірленді қыс ата.
Қырауын жапты еменге,
Бұтақтар бұқты төменге.
Моншағын тақты қайынға,
Бұршағын септі селеуге.
Көпсітті қармен алаңды,
Ақ қала жары жаңарды.
Сырғанақ бетін сыпырды
Шиырлар, іздер жоғалды...
Сықырлап басқан аяғы,
Аяңға басып баяғы.
Тамаша көріп ұшқанын
Оятып өтті құстарын.
Жығылды түннің жалауы,
Жарқ етті күннің алауы,
Күтіп жүр тыста қыс ата
Ойынға шығар баланы.

1955




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу