Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  152


Автор: Әбділда Тәжібаев

Президентпен әңгіме

Ойланам, ойыма өзім қуанамын
Ұққанға уақыт пенен өмір заңын.
Егессе жүз Трумэн жеңе алмайды
Советтің мен секілді бір адамын.
Ол үшін келтірмей-ақ көп дәлелді,
Алалық өткен соңғы үш-төрт жылды,
Бетпе-бет оқиғалар кездестірді
Мені мен америкалық Трумэнді.
Зәрредей бүккенім жоқ көңілімде
(Емеспін қулық еткен өмірімде!)
Болған соң жарқын жанды айтып салдым
Ертеңгі өзім жазар жыр жөнінде.
Дедім мен:- алда жақын асыл күндер,
Туады тағы бізден жақсы өлеңдер.
Жырлаймыз ер халықтың бостандығын,
Жатырмыз әзірленіп соған бүгін.
Трумэн қарқылдап бір күлді дағы,
Тесіле қарап маған тұрды дағы; -
Жоқ,! - деді, ондай жырлар жазылмайды,
Біз бармыз жаздырмайтын! - деді тағы.
Қадалдым мен де қатал президентке
Әңгіме созылмады онша көпке.
Көреміз дедім оған кім күлгенін
Кездессек сізбенен біз келешекте...
Үш-төрт жыл өтті міне содан бері
Қозғалық сонда үзілген әңгімені!
Қанекей, күліңізші, көрейін мен
Басылмай кеудеңіздің тұрса желі!

1949




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу