Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  146


Автор: Әбділда Тәжібаев

Правдаға

Мен бала едім тұңғыш сені көргенде,
Тұңғыш рет тіліңді ұға білгенде.
Сен, қаралы көз жасыңмен естірттің
Әкем менің - ұлы Ленин өлгенде.
Естірттің сен, егілгенше жылаппын,
Есіркедің, өз балаңдай жұбаттың.
Үйреттің сен, ұлы көсем өсиетін,
Көкірегіме құйдың бәрін қуаттың.
Жүрегіме жалын қостың лебіңмен,
Жасқанбайтын еттің бейнет, өлімнен.
Келем еркін иесіндей әлемнің
Алған сенен ерлікпенен, сеніммен.
Келем еркін айтып жырын елімнің,
Айтып жырын: өзім туған жерімнің
Сүйем сенше барлық асыл қасиетін
Жібектей жер, көп жұлдызды көгімнің.
Я мүдіріп, қалсам яки сүрініп,
Аяғыма әлденелер ілініп.
Ұрсасың да, қолтығымнан сүйейсің
Жатқызбасқа жат көзінде жығылып.
Ризамын мен, қамқоршымсың қашан да,
Міндеттімін, дәл өзіңше жасауға.
Бар ұрпағын жаңа дүние жетектеп
Ғасырларға жаршы бола бас алға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу