Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  223


Автор: Әбділда Тәжібаев

Алтыбақан әні

Айлы түн, нұрлы жарық, мөлдір аспан,
Әдемі жас көңілдің құлпын ашқан.
Секілді жасыл жайлау жас құрбылар,
Шырқаңдар шыққанша күн тоқтамастан.
Бөгелме, жастық ән, жыры,
Түлей бер, берік қанаттан!
Суыма, сүйген жүректер,
Достықпен биік талаптан!
Бас қостық сағынысқан өңшең достар,
Шырқаңдар тыңдасын жұрт әнге құштар.
Тербелсін алтыбақан атқанша таң
Қосылып бір сайрасын жыршы құстар.
Бөгелме, жастық ән, жыры,
Түлей беp, берік қанаттан
Суыма,сүйген жүректер,
Достықпен биік талаптан!
Шарықта көңіл күйі, айлы түнде,
Оятып шың, құздарды келтір тілге.
Жаңғырып жас әуезің қайталасын
Серпіліп серуен құрған бізбен бірге.
Бөгелме, жастық ән, жыры,
Түлей бер, берік қанаттан!
Суыма, сүйген жүректер,
Достықпен биік талаптан!

1949




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу