Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  379


Автор: Әбділда Тәжібаев

Қалыбекке

Елу жылдығына

Ағамыздың, қаның таза жаныңдай,
Жүрегің от жанып тұрған жалындай.
Жарты ғасыр жасымастан жасадың
Қазағымның қайраты мен арындай,
Кім бар сені осынша елде көрмеген,
Кім бар саған осынша елде сенбеген?
Сенсің, аға, ән жырыңмен аялап,
Жан бесігін жадыраңқы тербеген.
Әділетсің - сүйіп жұртың сенеді,
Әміршісің - билігіңе ел көнеді.
Кейде уату, кейде еріксіз жылату
Бәрі өзіңнің құдіретіңнен келеді.
Танытқан сен елдің батыр, ақынын
Таптық сенен елдің сабыр, ақылын.
Өткір тілің шалғысындай өтеді –
Екі жүзді суық, болат сапының.
Ардақтысың, қаның таза жаныңдай,
Жүрегің от - лаулап жанған жалындай.
Жүз жыл жаса - еркелеткен еліңмен,
Жортуыңнан, жүйрік ата, жаңылмай.

1948




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу