Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  121


Автор: Әбділда Тәжібаев

Шың мен теңіз

Граниттен қалап тасын,
Жылтылдата мұнарасын
Көтердік біз Ленин шыңын биікке.
Жарқырайды күн төбеден,
Бұлт аса алмай, шөкті төмен,
Жатыр теңіз шыдай алмай күйікке.
Тынбайды ол - ысқырады
Тулайды ол - ышқынады
Атылады кеудесіне асқардың.
Бірде ыңыранып жаралы аңдай,
Ұлып бірде аш қасқырдай –
Жұтқысы бар жұлдыздарын аспанның.
Астында оның жатыр дажал,
Бұрқырайды бетінде ажал –
Дүниені бір құшағына алмақшы;
Қандырғанша өз құмарын,
Сорып қанын, алып жанын,
Мұздай суық табытына салмақшы.
Тәңірісіндей бар құдіреттің
Тірегіндей жер мен көктің –
Алдымда тұр биік шыңы
Лениннің Жалтылдайды төбесінде,
Жаңа шұғыла қосып күнге
Жалын атқан жанды туы өмірдің.
Тентек теңіз, ысқыр, шула,
Мейлің жындан, мейлің тула,
Мызғымайды, алдында шың тұрады!
Граниттің соққан жарын –
Күйретіліп толқындарың,
Темір топшың омырыла сынады!

1948




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу