Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  145


Автор: Әбділда Тәжібаев

Күн батарда

Күнде көрем жарық күнді,
Батарын баққан емеспін...
Бүгін көргім кеп
Әдейі шықтым қияға,
Күн еңкейді ұяға.
Қадалып тұрмын көз алмай.
Бұл не?
Күн бе кәдімгі!?
Жоқ, әлде қызыл қыран ба?
Жиектегі ақ бұлттарды
Қудың қызыл қанындай
Бояды да жалынға,
Жайғандай болды қанатын,
Күрең тартты ақ гүл де
Жамылғандай жалғанда жоқ бір перде...
Сәл ырғалып басын төмен иді де
− Күтем, - деді - шығуыңды, - күбірлеп.
Мен ішімнен қайталадым гүл сөзін.
Алда қашан өмірім бар?
Оны болжар шамам жоқ.
Қызыл шапақ қос канатым жайылып,
Жерді бояп нұрыммен,
Күндей батсам болғаны.
Ойламас сонда ақ гүлдер.
Мені де мәңгі өлді, - деп.

1945
*∙*∙*
Келші, сәулем!
Бір болайық.
Егіз гүлдей
Ырғалайық,
Қос жұлдыздай
Бір жанайық.
Бірге ұшайық,
Қанат жайып...
Өтсін жылдар
Өтсін - өтсін.
Бір қартаяр
Мезгіл жетсін,
Тек жүректен
От кетпесін,
Махаббатты
Кемітпесін.

1945




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу