Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  152


Автор: Әбділда Тәжібаев

Күштіден де күштіміз

Отанда - жерде,
Біз сүйген елде
Бармыз миллион - миллион жан.
Күзетте тұрмыз,
Барлық ұл мен қыз
Көз алмай шекарадан.
Бізге жау шапса,
Шапса, оқ атса,
Төгу үшін ыстық қан.
Отан әмірімен
Шығамыз бірден
Қалыспастан бір адам,
Жерде
Мың-мың зеңбірек
Атылып үдеп,
Асады оқтар таулардан.
Болат поездар
Біткенше жаулар
Шегінбейді майданнан!
Танкілер қаптап,
Дұшпанды таптап,
Ойран-асыр салады!
Пулеметтерден, Бомбалардан
Қорғасын бұршақ жауады!
Окоптан өтіп,
Қашқанға жетіп,
Ат жұлдыздай ағады!
Ойнақы қылыш,
Бейне ақ күміс
Жарқылдайды, шабады!
Көкте
Бүркіттей бапты,
Жайып қанатты
Қаптайды ерлер аспанды!
Көк жиекке,
Жау шыққан бетке
Жөнейді асып асқарды!
Бейне бұлт көшіп,
Бейнс жел есіп,
Әуелейді шығандай!
Ашады майдан,
Кек алар жаудан
Өз жерінен шығармай.
Бомбовоздар,
Истребительдер
Өртеп жаудың аспанын;
Қайтады сәнмен
Жеңімпаз әнмен
Құрап тегіс бастарын.
Теңізде.
Океан, теңізде
Тисе жау бізге,
Берер нарком жарлығын,
Корабльдердің,
Сүңгуірлердің
Ағытамыз барлығын
Толқынды жарып,
Дауылды қағып,
Батарейді ашамыз
Шығармай шетке,
Ұзатпай көпке
Жерінде жауды басамыз!
Тигенге тиіп,
Темірдей иіп
Келтіріп жауды тобаға.
Аққудай қалқып,
Әніміз шалқып,
Қайтамыз түгел жағаға.
Бізде армия,
Отанға ие
Барлық ұрпақ, ұл мен қыз
Аспанда, жерде,
Океан, теңізде
Күштіден де күштіміз!

1939




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу