Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  310


Автор: Әбділда Тәжібаев

Батыр шал

(Баллада)

Иығы түскен,
Қайғы уын ішкен
Түнеріп отыр батыр шал.
Жүрегімен бір
Етеді дір-дір
Жуылған жасқа ақ сақал...
Әлсіреп үні,
Күрмеліп тілі
Алдында жатыр ер ұлан.
Қажып қиналған,
Денесі қан-қан,
Қайтқан екен майданнан.
Семсер шалғанда,
Ұлан талғанда
Құлатпай демеп жан достар.,
Жеткізген екен
Сүйемелдеумен,
Есітіп болды бәрін шал.
Тоқталды дем...
Қарт еңіреумен
Сүйді ұлының аузынан.
«Ризамын, балам,
Ризамын, балам,
Отан үшін бердің жан...
Достар құралды,
Көмді ұланды...
Ат басын бұрды қабырдан.
Майданға бірге
Қалмай кіруге
Жөнелді қарт жаңадан.
Ұлыңдай ұл бар,
Қызыңдай қыз бар,
Қараса оң мен солында.
Сапары шал:
Гвадалахар!
Жалаңаш семсер қолында.

1938




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу