Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  194


Автор: Әбділда Тәжібаев

Аида

(Испания туралы)

Зеңбірек гүрс-гүрс, жаңғырық,
Таудың беті көк тұман;
Құйып тұр оқтың нөсері,
Бояған жерді ыстық қан.
Жартастарға бекінген,
Үркердей бір шоқ партизан.
Оққа оқпенен үн қатты
Жосылса да қызыл қан.
Аз ғана отряд алдында,
Бастап жүр бір батыр жан.
Әжімді беті айбынды,
Сақалын да ақ шалған.
Қызына қарап тіл қатты,
«Ат, Аида, елі үшін
Өлсек испан елі үшін
Өлімде ондай жоқ арман!
Кетпесін бір оқ далаға,
Көзде дәлдеп, жан балам!
Қыздары үшін испанның
Тартынбалық ажалдан!
Қорқып тірі жүргеннен
Өлу артық майданнан.
Әкеңе қостың тізеңді
Ат, Аида, қалқажан!»
Кенеттен тынды қарт үні,
Өшті, бітті, жанған шам.
Жатыр құлап, сылқ түсіп
Жүрегінен жылжып қан.
«Әке» - деді, Аида,
Деді, - қарт та: «Жа - а - ан балам...
Орныма отыр, берік бол,
Қош құлыным, бол аман!..»
Жанған жалын ішінде
Мерт болды қарт партизан.
Соңғы сөзі кесілді,
Демекші еді-ау «Аидам!»
«Отыр әкең орнына,
Тарт лентаны, тарт, қалқам!
Қаны үшін өлген әкеңнің
Дұшпаннан да ақсын қан!»
Отырды өрім жас бала
Өлген әке орнына.
Пулеметтен оқ, төкті
Испания жауына.
Революция сұлуы
Қарамай балғын жанына.
Бастырмады фашисті
Испания тауына.
Бір шоқ отряд партизан
Біріндеп батып қанына,
Батар күннің алдында
Қалды-ау жалғыз Аида...
Тұманды таудың қойнында
Балғын беті балбырап,
Әкесінің қасында,
Жатты Аида қансырап.
«Өліміме ырзамын,
Сен де ырза бол, әкежан!
Атуға испан елі үшін
Оқ таусылды, жоқ шамам...
Өлерде шыққан үнімді
Қоңыр жел, саған тапсырам!
Елім Испанияға
Дегейсің: «Тез қарулан!»
«Ағын өзен, асқар тау,
Қош, туған жер, қош, анам!
Әлсіредім, әл кетті.
Аш қойныңды, әкежан...»
Мәңгі көзі жұмылды,
Тынышталды жас құрбан...
Өскен оттай жас қызды,
Ұмытпады көп испан.
Миллион жігіт, миллион қыз,
Қайта аттанды жаңадан.
Аиданың қаны үшін,
Алды жауын жағадан.

1938




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу