Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  272


Автор: Әбділда Тәжібаев

Біздің үйде

Ұйқы шіркін қандай тәтті,
Жаңа тұрдым төсектен,
Ұйқы жанға тым ләззәтті,
Кетпесе асып есептен.
Ұйқым менің дем алысым,
Шаршағанда жатамын,
Қайта тұрып қаламымды,
Тағы қимылдатамын.
Атқанша таң, батқанша күн,
Бас алмайтын ұйқыдан.
Ұйықтап мәңгі ойсыз қалған,
Кейбір мисыз сорлы жан.
Емес теңім ондай арсыз,
Болсын аулақ, құрысын.
Ұйқым менің дем алысым,
Бақытым, күшім, ырысым.
Ұйықтап тұрып, көп отрядын
Бастағандай командир.
Мен де тұрып көз алдымнан,
Шұбыртамын өлең-жыр.
Жалынды ырғақ, жанды сөздер,
Құйылады қатарға.
Командамен кетем бастап,
Күшті жорық,... сапарға.
Ұйқы шіркін қандай тәтті,
Жаңа тұрдым жадырап,
Жарқырапты - шам жаныпты
Көшеде жұрт ағылады.
Ашық тұрған форточкадан,
Кірген желдей даладан,
Құйылады тереземнен
Пионерлер салған ән.
«Жан сусыны, ой қуаты.
Өмір досы жаңа жыр.
Жаңа жырлы жас жүректі
Өсіреді жаңа жыл!»
Деген дауыс түнді жарып,
Жөнеледі жыраққа.
Тереземді теспей өтіп,
Құйылады құлаққа.
Өзім үйде, ойым сыртта,
Әншілерімен біргемін.
Сеземін мен жас ұланның
Неге сыртта күлгенін.
Тыңдай берсең терезеден,
Айтылған ән таусылмас,
Тыңда да жаз, жаз да тыңда,
Білсін бәрі аралас.
Ұқтым тілін, қабыл алдым,
Жүрегімнің әмірін.
Столыма жақындадым,
Қағуға өлең дабылын.
Бейне маржан тізіп жазған.
Хат қалдырған кім екен?
«Жаным аға» деп бастаған
Қай бауырымның тілі екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу