Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  250


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ақын даусы

Өртеп отқа фашистер,
Әлденелер салады.
Салған сайын лаулап от,
Жалындайды жанады.
Білдім, сездім жаңа мен,
Өртте ненің күйгенін:
Фашистердің жаққаны
Өлеңі екен Гейненің.
Жақсын мейлі, қорқаулар,
Құтылуға Гейнеден.
Гейне жырын бар халық
Жаттап алған деймін мен.
Жанса жансын құр қағаз,
Жанбас жүрек, шын өмір.
Жанбақ қалай өртенбек
Оттан ыстық өткір жыр?
«Жазамын мен жаңа жыр,
Жарытам елді өлеңмен.
Бақытты жаңа дүниені
Жасаймыз жерде қолменен».
Деген Гейне бір кезде,
Жүрегімен ант берген.
Ұшып Берлин үстінде,
Саңқылдаған өлеңмен.
Ақын даусын сол күнде
Барлық неміс елеген,
Өртей берсін фашистер
Шықпас елдің есінен.
Жанның досы өлеңді
Өртемекші қандай жан,
Елдің көркі өнерде
Құрытпақ қалай бір надан?!
Еркіндіктің өлеңін
Өртеп бітем дей ме екен.
Еркіндіктің ақынын
Жерлеп бітем дей ме екен!
Жоқ, жоқ!
Бұл тек есерлік!
Бұл алжыған құр қиял,
Туғызбасқа ақынды
Таппас Гитлер еш амал!
Біздің елде армия –
Құралданған ақындар.
Біздің елде лирика, -
Әлденеше мың том бар.
Сол ақынның бірі мен,
Заманыммен бір туған.
Жазам бақыт өлеңін
Айтам өлең, шырқап ән!
Жерге бақыт береміз,
Жанбаймыз біз жалынға.
Ұстатпаспыз өлеңді
Фашистерге жағуға.

1936




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу